Қызылжар ауданындағы Налобино ауылының учаскелік инспекторы, полиция майоры Қанат Меңдекеевті “Бейбіт күннің батыры” десе, артық айтқандық емес. Ол жақында от құрсауында қалған адамды ажал уысынан аман алып қалды.
Оқиға былай болған: 12 желтоқсан күні осы ауылдың бір тұрғыны учаскелік инспектордың ұялы телефонына шұғыл қоңырау шалып, көршісінің үйінде өрт шығып жатқанын хабарлайды. Оқыс оқиға жайлы хабар алған Қ. Меңдекеев ойланып тұрмастан, өрт шалған үйге жедел жетіп, іштен құлып салынған үйдің есігін бұзып кіреді.
Үйде иесінің жатқанын білген майор оны қалайда құтқаруды ойлайды. Бірақ от араласқан ащы түтін қолқаны атып, көз аштырмайды. Сонда да өжет тәртіп сақшысы төр үйге өтіп, уланып қалған 45 жастағы азаматты дәрігерлердің қолына тапсырады.
Осыған ұқсас оқиға облыс орталығында да орын алды. Полицияның аға учаскелік инспекторы Дәурен Ширажиев Әуезов көшесіндегі бір үйдегі өртті көзі шалып, төртінші қабатқа жедел жетеді.
Өртсөндірушілер де келген екен. Бәрі жабылып, сыртқы есікті бұзып ішке енсе, бірі – төрт жасар, екіншісі екі жасар екі балдырған ессіз-түссіз асүйдің еденіне құлапты. Полиция майоры балалардың үлкенін, ал өртсөндірушілер кішісін сыртқа алып шығып, алғашқы дәрігерлік көмек көрсетеді. Бақса, балалар от жағып ойнап, ойынның аяғы осындай қайғылы жағдайға әкеліп соқтырыпты.
Екі тәртіп сақшысының ерлігі өзге әріптестеріне үлгі болып, облыстық ішкі істер департаментінің басшылығы оларды марапаттауды ойластыруда.
Ольга ШИЯН,
облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің инспекторы.