Жуырда облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Рамиль Камаловтың атына Тайынша қаласының тұрғыны Леонид Эдмундовичтен хат келді. Онда автор оқыс оқиға барысында жедел қимылдап, кәсіби шеберлік көрсете білген аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің өртсөндірушілеріне алғысын білдірген.
“Көк түтін тұмшалап, пәтерден шыға алмай қалдым. Маған көмек көрсеткен құтқарушылар Тимур Шаймерденов пен Нұржан Хамзинға дән ризамын. Олар мені ажал аузынан аман алып қалды”, – делінген хатта.
Тайынша қаласындағы екі қабатты тұрғын үйден шыққан өрттің себебі электр сымдарының қысқа тұйықталуынан болған. Абырой болғанда, дер кезінде көмекке келген құтқарушылар көк түтінге тұншыққан 58 жастағы пәтер иесін сыртқа шығарып, “Жедел жәрдем” қызметкерлеріне тапсырады. Кейін зардап шеккен азамат аудандық ауруханаға жеткізіліп, оған қажетті ем-дом шаралары көрсетілді. Оқиға орнынан қауіпсіз жерге шығарылған 12 адамның ішінде 4 бала бар.
Евгений ЖУРАВЛЕВ,
облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің ішкі және сыртқы коммуникациялар тобының бас маманы.