«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨЗАРА ПІКІР АЛМАСТЫ

Халықтың сотқа деген сенімін арттыруда бұқаралық ақпарат құралдарының орны бөлек. Бұл туралы облыстық соттың төрағасы Ерлан Айтжановтың журналистер қауымымен кездесуінде сөз болды.

Бүгінде еліміздің судьялары Қазақстан Республикасы судьяларының VII съезіне дайындық үстінде. Бұл жиында судьялардың жаңа Әдеп кодексі қабылданады деп күтілуде. Сот қызметкерлерінің кәсіби шеберлігін арттыру тұрғысында да нақты қадамдар жасалмақ. “100 нақты қадам” Ұлт жоспарын жүзеге асыру бойынша да сот төрелігінде жаңалықтар көп. Олар жайлы “дөңгелек үстел” басында толығырақ облыстық соттың төрағасы Ерлан Айтжанов айтып берді. Сот пен журналистер арасында өзара байланыс туралы тұжырымдама қабылданып, сол құжат негізінде жұмыс жүргізіліп жатқаны айтылды.

Жиынды сот қызметкерлері мақала жазу мен сұхбат беру кезінде мемлекеттік тілге басымдық беруі қажеттігі де сөз болды. Сонымен қатар, ақпараттық хабарламаларды тек орыс тілінде ғана жазатын аталмыш ведомствоның баспасөз қызметі сынға алынды. Судьялар газеттерге мақала ұсынған кезде материалдың қарапайым оқырман үшін қызықты және түсінікті болуы қажеттігін ескерулері, теорияны ғана тізе беруден арылып, жергілікті жерге қатысты фактілерді пайдаланғаны дұрыс деген ойлар айтылды.

Журналистердің ұсыныс-тілектерін мұқият тыңдаған облыстық соттың төрағасы Ерлан Айтжанов:

– Соттың шығарған шешімі әділ, ал жұмысы ашық болуы керек. Сондықтан бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыстың маңызы зор. Тек бұл байланыстар заң шеңберінен шықпауы керек. Судья қандай да бір үкім немесе шешімді не себепті шығарғанын камера алдында түсіндіріп бергеннің ешбір заңға қайшылығы жоқ. Тек уақыты болмауы мүмкін. Сондықтан соттың арнайы өкілі сұхбат беретін болады. Мемлекеттік тілге қатысты аздаған кемшіліктер бар екені рас. Мұның бәрін түзетеміз. Мемлекеттік тіл бірінші орында болуы керек, – деді.

Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp