«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨЗАРА ӘРІПТЕСТІК

“Antikor ortalygy” сервистік мекемесінде өткен кеңеске өңірлік, салалық, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының, “Жаңару” қоғамдық бірлестігінің, ақпараттық-насихаттық штабтың мүшелері қатысып, қоғамның жегі құрты іспеттес сыбайлас жемқорлықты болдырмау мәселелері бойынша ой-пікір алмасып, меморандумға қол қойды.

Бұл бағытта облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің қолдауымен бірқатар кешенді шаралар атқарылып келеді. Лауазым иелерінің жауапкершілігін арттыру, заң актілері аясында іс-әрекет ету қашанда бұлжымас қағида болып қала береді. Департамент басшысы Ернар Баянғазин өз сөзінде сыбайлас жемқорлықты еңсеруде мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғамның бірлескен күресі маңызды рөл атқаратынын атап көрсетті. Осындай өзара әріптестік байланысты жүйелі түрде жетілдіру түрлі қылмыстардың алдын алу, шетін проблемаларды шешу жолдарын жеңілдетеді. Оның айтуынша, елімізде жемқорлықпен күрес қызметінде 1300-ге жуық адам еңбек етеді. Бұл қатарға азаматтық қоғам мүшелері тартылса, ымырасыз күрестің пәрменділігі мен жұмыс тиімділігінің одан әрі ширай түсері сөзсіз. Облыс бойынша 1200-ден астам кәсіподақ ұйымы бар. Демек, үлкен күш екені ешқандай талас тудырмайды.
– Кәсіподақ бірлестіктері мақсаттарының бірі – Қазақстан азаматтарының конституциялық құқықтарын қорғау, өндіріс орындарында, ұжымдарда еңбек тәртібінің, заңдылық қағидаттарының қатаң сақталуын қамтамасыз ету, бақылау. Оның ішінде жалақы мәселесін ретке келтіру, уақтылы төлеу, ешқандай теңгерімсіздікке жол бермеу басым бағыт саналады, – деді өз сөзінде облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Ерік Нұрақаев.
Кәсіподақ өкілдері түрлі қоғамдық кеңестердің, арнайы мониторингтік топтардың, жұмыс комиссияларының, штабтардың мүшелері бола жүріп, өз өкілеттіктері шеңберінде азаматтардың заңды құқықтарын қорғауға әр кез мүдделі.
Ернар Баянғазин бұқаралық ұйым саналатын кәсіподақ бірлестіктерімен жасасқан екіжақты меморандум сыбайлас жемқорлық секілді келеңсіз оқиғалармен күрес бағытына жаңаша екпін беретініне сенім білдірді.

 

Өмір ЕСҚАЛИ, “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp