Оңтүстік Қазақстан облысы – халқы тығыз орналасқан аймақтардың бірі. Бүгінгі таңда негізінен осы өңір тұрғындарын жұмыс күші жетіспейтін солтүстікке көшіру белсенді жүргізіліп келеді. Екі қолға бір күрек табамын деп, отбасымен көшіп келгендердің арасында қиындыққа тап болған жандар да бар. Солардың бірі Ақжар ауданының Ақсары ауылына табан тіреген Абдуләзиз Әсетолла көмек сұрап, хат жолдаған екен. “Өзгелер сияқты бізге де солтүстік құтты мекен болады деп сенген едік. Бірақ осында көшіп келген алғашқы күннен бастап басымызға қара бұлт үйірілді”, – деп бастапты әңгімесін хат иесі.
Былтыр Оңтүстік Қазақстан облысының Ордабасы ауданынан қоныс аударған Абдуләзиз Әсетолла – алты баланың әкесі. Зайыбы Гүлім мектепте мұғалім болып қызмет еткенімен, 50 мың теңге көлеміндегі жалақысы не отын алуға, не тұрмыстық қажеттілікті өтеуге жетпепті. Бүгінде алтыншы баласымен декреттік демалысқа шыққан келіншектің алатын жәрдемақысы да шайлықтан қалмайды. Отағасы Абдуләзиз болса бұған дейін бір-екі серіктестікте қызмет атқарғанымен, тұрақты жұмыстың жоқтығынан үйде отыруға мәжбүр. “Балаларымның үлкені мектеп оқушысы болса, кенжеміз алты айлық. Көшер алдында зайыбымның: “Бізге берілетін баспананы, тұратын ауылымыздың жағдайын алдын ала біліп қайтайық” деген сөзіне мән бермегеніме бүгінде қатты өкінемін. Өзге қоныс аударушыларға сияқты бізге де жағдай жасалады деп, азын-аулақ мүлкімді алып, кете барған едім. Алғашында мемлекет тарапынан көмек берілді. Бағдарлама шеңберінде бір миллион теңгеден астам демеуқаржы мен отбасымның әр мүшесіне төленетін көмекті де алдық. Бұдан бөлек, алты балама ай сайын 80 мың теңге көлемінде жәрдемақы алып келдік, бірақ биылғы жылдың маусым айында аудандық жұмыспен қамту орталығы белгісіз себептермен бұл төлемді тоқтатып тастады”, – дейді хат иесі.
Көпбалалы отбасы баспанадан да тарлық көріп отыр екен. Бағдарлама бойынша берілген үйді көктем кезінде су басып, бүгінде Әсетолла бала-шағасымен өзгенің тастап кеткен баспанасына көшіп, тозығы жеткен үйді паналауға мәжбүр. Азын-аулақ жөндеу жүргізгенімен, үй салқын, ылғалдың салдарынан балалары жиі ауырды. Ерлі-зайыптылар аудан әкімдігі мен тиісті мекемелер басшыларына мән-жайды айтып түсіндіргенімен, бұдан еш нәтиже шықпапты. “Алғашында біз отын-көмір ала алмай, қатты қиналдық. Туысқандарым қаржылай көмек көрсеткенімен, қашанға дейін біреуге телмірумен боламыз? Әйтеуір, ауыл тұрғындарының азын-аулақ көмегінің арқасында күнімізді көріп жатқан жайымыз бар. Алда қыс келе жатыр. Балаларым үшін алаңдаймын”, – дейді хат иесі.
Осы мәселе жөнінде Ақжар ауданындағы Ұялы ауылдық округінің әкімі Ғаділжан Кәрібаевқа хабарласқан едік. Оның айтуынша, бұл отбасы бастапқыда сатып алған үйден көшіп кетуіне байланысты төрт айдан бері атаулы әлеуметтік көмекті ала алмай отыр екен. “Олардың қазіргі тұрып жатқан үйі Абдуләзиздің туған қарындасына тиесілі. Біз бұл үйге нақты тіркеуге тұрған соң ғана жәрдемақы қайта төленетінін айтып түсіндіргенбіз. Бірақ өзге қалада тұратын үй иесінің келіп, туыстарын тіркеуге қоюға қолы тимеуде”, – деп жауап қатқан ауыл әкімі алдағы күндері бұл мәселені шешуге көмектесуге уәде етті. Біз де өз кезегімізде бұл отбасының жағдайын назарда ұстайтын боламыз.
Гүлбике КУБЕНОВА,
“Soltústіk Qazaqstan”.