«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨЗГЕНІҢ ӨМІРІ ҮШІН ӨЛІМ ҚҰШҚАН ӨРТ СӨНДІРУШІЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ

Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің өрт сөндіру және апаттық-құтқару қызметінің аллеясында азаматтық қорғау органдарының қызметкерлеріне арналған мемориал ашылды. 

Департамент бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Рамиль Камалов бұл шара өзгелердің өмірін құтқару үшін жанын пида еткен қызметкерлерді мәңгі есте қалдыру мақсатында қолға алынғанын айтты. Еліміз Тәуелсіздік алғалы 50-ден астам өртсөндіруші мен құтқарушы төтенше жағдайлармен күрес барысында қаза тауыпты. 2015 жылы 31 желтоқсан күні тілсіз жаумен арпалыс барысында Петропавлдағы №5 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Алтынбек Әбдірахманов ажал құшқан.

Мемориалдық тақтаның ашылу рәсімінде сөз алғандар қаза тапқан өртсөндірушілердің, соның ішінде Алтынбек Әбдірахмановтың ерлік істерін еске алды. «Ақтық демі таусылғанша өз борышын адал орындаған ұлымды мақтан етемін! Әрбір сарбаз әрдайым өз үйіне аман-сау оралуына тілектеспін», – деді Алтынбектің әкесі Орал Әбдірахманов.

Ескерткіш тақтаны ашу құрметі қиын да қауіпті сәттерінде Алтынбек Әбдірахмановпен иық тірестіре қатар жүрген үзеңгілес жолдастары, кіші сержанттар Нұрлан Жандос пен Қайрат Сағденге бұйырды.

Жиылғандар қаза болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алған соң, ескерткіш тақтаға гүл шоқтары қойылды.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp