«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР КӨТЕРІЛДІ

Есіл ауданының Явленка ауылындағы екіқабатты үйдің тұрғындары пәтерлерін пешпен жылытуға мәжбүр. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов аудан орталығында өткен қоғамдық қабылдау барысында келесі жылдан бастап бұл үйлер орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылатынын айтты.

Комаров және А.Иманов көшелерінің бойында екіқабатты бес тұрғын үй бар. Ондағы 76 пәтерде 134 адам тұрып жатыр. Биылғы қазан айында А.Иманов, 78 мекенжайы бойынша қуаттылығы 1,2 гкал бір қазандық орнатылып, оған Ленин көшесінің бойындағы екіқабатты тұрғын үй, зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық және аудандық аурухана қосылған болатын. Қоғамдық қабылдауға келген тұрғындардың мәселесін шешу үшін Құмар Ақсақалов биоотынмен жағылатын, қуаттылығы 2 гкал бір қазандықты және аталған үйлерді оған қосуға қажетті 800 метр жылу құбырын орнату үшін қосымша қаржы бөлінетінін айтты.
Аудан орталығындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебінің жаттықтырушысы Арман Ерғалиев көпсалалы спорт кешенін салу жөнінде мәселе қозғады. Оның айтуынша, қазіргі таңда жаттығу жұмыстары талаптарға сәйкес келмейтін мектеп спортзалдары мен спорт мектептерінде өтуде. Жергілікті жерде спорт кешенін тұрғызу саламатты өмір салтын ұстанатын тұрғындар санын арттырып қана қоймай, жастардың тәрбиесіне де ықпалы зор болмақ. Құмар Іргебайұлы құрылыс жұмыстарын жүргізуге арналған жобалық-сметалық құжаттардың дайын екенін айтты. Құны 370 млн. теңге тұратын жобаға сәйкес ғимараттың ауданы 1923,7 шаршы метрді құрайды. Алдағы уақытта оны жүзеге асыру үшін бюджеттен қаржы бөлінетін болады.
Қоғамдық қабылдауға келген алты адамның өтінішін мұқият тыңдаған өңір басшысы әрқайсысының мәселесі назарға алынатынын жеткізді.

Тимур ӘБДІРЕШЕВ,
облыс әкімінің баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp