Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Әбілғазы Құсайынов Ақтөбе облысының жұртшылығымен кездесіп, экологиялық мәселелерді айқындап, шешуге негізделген өз сайлау-алды бағдарламасының басты бағыттарымен таныстырды.
“Экологиялық проблема – табиғаттың құрылымы мен қызметін бұзатын қоршаған ортадағы теріс құбылыстар. Бұл дегеніңіз – адамзат тұрмысынан туындаған антропогендік түрлену. Қазірдің өзінде адамдар күн сайын еселеніп келетін экологиялық дағдарыс жағдайында өмір сүріп жатқаны жасырын емес. Ол барша өркениеттің дағдарысына айналып барады”, – деді кандидат.
Одан әрі Ә.Құсайынов адамзат қоғамының алдында тұрған жаһандық экологиялық проблемаларға тоқталды. Адамдардың іс-әрекетінен қоршаған ортаның ластануы барлық жер қыртыстарын: атмосфера, гидросфера мен литосфераны қамтып, өткір мәселеге айналып барады. Оның ішінде біріншісі әрі маңыздысы ретінде жаһандық климаттың өзгеруін алға тартқан кандидат оның зардабын, ең алдымен, ауыл шаруашылығы жайылымдары тартып отырғанын тілге тиек етті.
“Экологиялық мәдениет қазіргі қоғамның маңызды бөлігіне айналуы керек. Табиғатты қорғау, табиғат ресурстарын дұрыс пайдалану мәселелеріне қоғам назарын тарту жұмыстарын күшейту маңызды” деген Ә.Құсайынов сулар және ормандарды, өсімдік және жануарлар әлемін қорғай отырып, сол арқылы атмосфераның ластануына тосқауыл қоюдың маңызды екенін ерекше атап өтті.
(Ресми ақпарат).