«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨЗІМІЗДІҢ ӨНІМДЕР ӨТІМДІ

Қазіргі Ресей рублінің Қазақстанның теңгесіне қарағанда шамамен 35-40 пайызға құнсызданып кетуі Еуразиялық Экономикалық Одаққа мүше осы елдердің арасындағы бұрыннан қалыптасып қалған сауда қатынасында қобалжу туғызарлықтай сипат ала бастады. Оны Қазақстан жағы тұтынушыларының көршілес Ресей өңірі қалаларының сауда сөрелеріне лап қойып, олардың теңгеге шаққандағы арзандап қалған тауарларын көптеп сатып алып жатқандарынан байқауға болады. Ал оны байыппен саралап қарар болсақ, бұл екі жаққа да тиімді емес. Тауарын талап алып жатқан ресейлік өндірушілер нарық ырқына бағынып, оның бағасын көтеруге ниетті болса, біздің қазақстандық тарапта өз өндіріс өнімдеріне деген сұраныс азаяды. Қыруар қаржылық ресурстардан айрылатынымызды айтпағанның өзінде, жалпы ішкі өнім көлемінің кемуіне де әсерін тигізуі мүмкін. Сондай-ақ, оның инвестициялық құйылымдар мен жалпы ел экономикасына да теріс ықпалының болары анық.

Осы дағдарысты кезеңде, әрине, жұмыртқадан жүн қырыққан делдал пысықайлардың күні туады. Негізінен баға айырмашылығынан мол пайдаға бататындар солар. Ал отбасының қаржылық үнемі үшін ғана сауда жасап қайтқандарды айтпасақ та болады. Олардың бұл белсенділігі онша көпке созыла қоймас, таяу уақытта басылуы тиіс. Одаққа мүше елдер баға саясатын реттеп, бір-біріне нұқсан келтірмейтіндей нарықтық қатынастарға ұмтылары сөзсіз. Десе де, осы бір өліара шақтағы өткір тұрған мәселені барынша өз қажетіне жаратушылар да табылуда. Елімізге Ресейдің арзан тауарларын енгізіп, одан мол пайда тапқысы келетіндер көп. Алайда, өзімізде тапшы өндірістік тауарлар нарығындағы бәсекеге әлсіздігіміз болмаса, азық-түлік тауарлары өндірісіндегі біршама мықты шебіміз әзірге солтүстік көршіміздің бұл бағыттағы астамшылығына жол бере қоймайтынына қаладағы сауда орындарын аралағанда көзіміз жетеді.

Бірден айтарлығы, сауда орындарына қаптап түсіп жатқан ресейлік азық-түлік тауарлары оншалықты байқала қоймайды. Көбейе түскені – шұжық өнімдері мен майлылығы жоғары шағын пакеттегі сүт және қалбырланған әртүрлі дайындама тамақ өнімдері ғана. Сол сияқты теңіз өнімдерінің көпшілігін ежелден солтүстік көршімізден алып келеміз. Тоқ етері, жергілікті нарықты басып бара жатқан ресейлік өнімдерді көре алмадық.

Қаладағы ірі сауда орындарының бірі – “Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының “Қызылжар” коммуналдық азық-түлік базары болып табылады. Базар әкімшісі Ләззат Несіпелдинованың айтуынша, мұнда негізінен елімізде өндірілген тауарлар сатылады. Жергілікті өнеркәсіп орындарының фирмалық сауда орындары бар. Мысалы, тауық жұмыртқаларын сатумен Бескөл және Якорьдегі құс фабрикалары айналысса, шұжық өнімдерін “Казмясопродукт”, “Леонтьев” және “Фрегат” кәсіпорындары және сүт өнімдерін “Зенченко және К” КС-і, “Маслодел”, “Молсоюз” ЖШС-лерінің сауда орындары сатады. Олардағы азық-түлік бағасы өткен жыл соңындағы деңгейден өскен жоқ. Базардағы басқа сауда орындарында арагідік ресейлік тауарлар кездесіп қалғанымен, олардың бағасында айтарлықтай айырмашылық жоқ. Айталық, пісіріп дайындалған ет шұжықтары біздегідей 950-1100 теңгеден кем тұрмайды. Бірақ олардың сапасы жағынан отандық өнімдерімізден төмендігін тұтынушылар жақсы біледі.

– Омбылық шұжықтардың қоспасы көп, сондықтан оны өзім де, таныстарым да оншалықты ала қоймаймыз. Құрамында еті мол өз өнімдеріміз анағұрлым дәмді, – дейді Жанболат Зарипов деген тұтынушы. Оның отбасы осында қысы-жазы қымыз саудасымен айналысады екен. Литрі 750 теңге тұратын шипалы сусынға сұраныстың жоғары екенін айтады.

Базарда тұрақтандыру қорының өнімдері сатылатынын көрдік. Картоптың килограмы – 55 теңге, сәбіз – 65 теңге және қарақұмық жармасы 150 теңге тұрады. Осында сауда жасаушы Бибігүл Садуақасованың айтуынша, олардың өтімі жақсы. Бірақ өнім түрлерінің молырақ болғаны дұрыс болар еді деп ойлайды. Олардың қатарында өзімізде өндірілетін қызылша, қырыққабат көкөністерінің болмауы, расында да, түсініксіз жай. Оған, сірә, өңіріміздегі сақтау қоймаларының материалдық базасының нашарлығы себеп болып отырған сияқты. Сатылып жатқан “Зенченко және К” КС-нің картобының сапасы төмендігі содан болса керек. Сол сияқты, “Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы тұрғындардың ұн мен жарма өнімдеріне сұранысын осы тұрақтандыру қоры арқылы неге өтемейді деген сұрақ туындайды.

Петропавл бройлерлік құс фабрикасының өнімдерін сатумен айналысатын Фуруя Мостовая отандық құс өнімінің өтімділігі экспорттық тауарларға жол бере қоймайтынын мақтана жеткізді. – Буш сирақтарына сұраныс төмен, сол сияқты ресейлік құс еттерін де сатуға ала қоймаймыз, оларға қарағанда өзіміздің “Айна” маркасымен сатылатын бройлер тауықтар анағұрлым сапалы, килограмы 550 теңге тұратын бағасы да қолжетімді, – дейді ол.

Базарда жылқы етін сатушы жеке кәсіпкер Руслан Магасумов ресейліктердің оған өз өнімдерін ұсынғанын айтады. Бірақ өзінің жылқы шаруашылығын жолға қойған кәсіпкер олардан ет алудан бас тартып, өз өнімін ғана саудалауда. Оның сауда сөресінде жылқының жаңа сойылған және сүр еттерінің түр-түрі бар. Орташа бағасы әр килограмына 1300-1500 теңгеден келеді.

Балық және бал өнімдері де сатылуда. Базарда жергілікті өнімдердің көбірек болуына сенбі күні өткізілетін жәрмеңкелердің де ықпалы бары анық. Мысалы, жеке кәсіпкер Ринат Сагуддинов базарда бал саудасын жүргізеді. Оның жәрмеңке күнгі бал бағасы килограмына 1000 теңгеден аспайды. Ал былайғы күндері 1200-1300 теңгеден сатылып жатса да, тұтынушылар сұранысы жоғары. Өнімдерін астаналық жәрмеңкелерге апарып жүрген, тұтынушыларына 20-дан астам бал өнімдері түрлерін ұсынатын оның сырттан тауар жеткізушілерге жол бере қоймайтыны анық.

– Тұтынушыларымыз отандық тауарларды ұнатады. Азық-түліктердің басым көпшілігі өзімізде шығарылады емес пе?! Айталық, Алматының “Рахаты” мен қостанайлық “Баян сұлудың” кәмпиттері қайсынан кем?! Оларға сұраныс басым. Сол сияқты, Алматының шай фабрикасынан шыққан өнімдерді ресейліктердің өзі бізден келіп алады. Сондай-ақ, өзімізде өндірілген сұйық май өнімдері де жетерлік. Сауда нүктесіндегі барлық тауар отандық өнімдер десем, қателеспеймін, – дейді осындағы жеке кәсіпкерлердің бірі – Құралай Тәкеева.

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

  Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp