«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨЗІМ ТАНИТЫН ҚОҚАН АҒА

Құрметті редакция! Анамның аманатын арқалап, оның жеңіс сарбазы туралы жазған мақаласын газетте жарияланса деген ниетпен жіберіп отырмын. Анам бұл мақаланы 2012 жылы соғыс ардагері Ахмет Малибаевтың 100 жылдығына жазған еді. Әттең, анамның өзі өмірден өтіп, мақаласын жариялап үлгермеді.

Гүлмайра КЕНЖЕБОЛАТОВА.

Ауылда туып, ауылда өскен адам үшін бала күннен бері білетін жандар туралы жазу немесе әңгімелеу әрі оңай, әрі қиын. Оңай дейтінім – олар жайында біраз білетінің бар, қиындығы – бұдан бірнеше жыл бұрын бақилық болған адам жайында қате сөйлеуге де, жазуға да болмайды. Олай ету – қиянатқа бару деген сөз.

Еске алып отырған Қоқан (Ахмет) ағамызды мен бала кезімнен білуші едім. Ол соғыстан кейінгі кезең болатын. Сірә, 1947-1948 жылдар болса керек. Ауыл тұрмысы қиын болғанын білеміз. Майданнан жараланып келген ағамыздың бір білегі ылғи ақ шүберекпен таңулы жүретін. Оның жүдеу жүзінен бір қиналысты, бала болсам да, байқаушы едім.

Сол жазда ауылдың 3-4 кісісі қайың ағаштарды қырлап шауып, сарай тұрғызды. Есімде қалғаны – Мұқан марқұм, Қоқан аға, ал басқаларын ұмыттым. Жаздың ыстық күндері болатын. Қолдарында жүздері жалт-жұлт еткен өткір балта. Терлеп-тепшіп жүріп, үйлеріне түскі асқа барып келеді. Содан күн батқанша ағашты шауып, сарай қабырғаларын көтереді. Апам мені жоңқа жинап әкелуге жіберетін. Алғашында қорқып жүріп жинаушы едім, ешкім ұрыспаған соң күнде баратын болдым.

Қазір ойласам, Қоқан ағамыздың жаралы қолымен күні бойы балта ұстап, қиналса да еңбек етіп, сау адамша қатардан қалмауы нағыз қайсарлық екен ғой. Білектегі сол жарасы жазылмай, күнде қайталап сүртіп, жаңадан байлап, әбден жанына батады. Жасы үлкен, көпті көрген, әркімнің қиыншылығын түсініп, көмек көрсетуге дайын тұратын Белгібай ағамыз бір күні:

– Сен маған білегіңдегі жараңды көрсетші, – дейді. Қоқан ағам қинала отырып, қабат-қабат шүберектерді шешіп алған Белгібай ағаға қарап, көз жасы ағыл-тегіл болады. Адам аярлық көрініс екен… Белгібай аға білектің жараланған тұсын ақырын сипап көреді де: “Маған қысқаш әкеп беріңдерші”, – дейді. Оны қайтесіз деуге ешкімнің батылы бармайды. Қысқашты тап-таза қолдарымен ыңғайлап ұстайды да, жарақаттың ішінен ұзынша, қырлы сүйекті суырып алады. Біреу емес, шытынаған бөлек-бөлек, шіріп, уатылған сүйектер де болады. Соның бәрін суырып алып, әбден тазалап, бізге белгісіз бірдемелерді жағып, қолын уақытша таңып береді. Содан кейін ағаның жарақаты жазылып кетеді. Ауылда үлкендердің басы қосылса, осы оқиғаны аңыз қылып айтып отыратын.

Белгібай ағаның батылдығына да, шеберлігіне де таңғаласың. Оның бұл қабілеті талай дәрігер госпитальда емдеп, елге таңулы білекпен келген жауынгердің де есінен кетпеген шығар.

Соғыста көргендерін, өзінің басынан өткен қиыншылықтарды айтқанда, Қоқан ағамыз қатты тебіренетін. Оның әскери құжаттарынан қалай айрылып қалғанын білмеймін, зейнет жасына жеткен соң соларды іздестіріп, көп жерге сұрау салды. Соғыста болғанын дәлелдейтін көп қағаздар Ленинградтың мұрағатынан табылған еді.

Мені тағы бір таңғалдырғаны, ол кісінің есте сақтау қабілетінің күштілігі еді. Ауылдан майданға аттанған уақыттан бастап, елге оралған күнге дейінгі оқиғаларды дәл, жаңа ғана болғандай баяндайтын. Әскердегі командирлерінің аты-жөнін, қай жерде, тіпті, қай деревня үшін соғысқанына дейін ұмытпай айтып жүретін. Есте сақтап, сонша жыл бойы ұмытпау әркімде бола бермейтін керемет қасиет екенін мен сол ағаның бірнеше әңгімесінен түсіндім.

Жас кезінде қайда оқып, қандай білім алғанын білмеймін. Әйтеуір, Қоқан ағаның оқыған кітаптары көп сияқты. Ауыз әдебиетін – шешендік сөздерді, мақал-мәтел, айтыс үзінділерін жатқа айтатын. “Еңлік-Кебек” жырын айтқанда, тыңдаушысын ұмытып, өзі оқиғаның ішінде бірге жүргендей болатын еді. Оны тыңдамай, тұрып кете алмайсың. Екі жастың ауыр тағдырын айтып отырғанда, өзі де кейде егіліп кететін еді. Өмірде ренжісе де, қуанса да, көз жасы дайын тұратын адамдар болады ғой. Қоқан аға сондай еді. Бала кезінде молдадан оқып, арабша хат таныған болар, ол кісі Құран сүрелерін де келістіріп оқитын.

Менің әкем 90 жасында дүниеден өтті. Оның: “Шіркін, заманы болса, Қоқан би болар еді”, – деген сөзі есімде қалыпты. Өзі де сөз қадірін білген, ақынжанды әкем осы сөзді, текке айтпаған болар деп ойлаймын.

Қоқан ағаның үйі қысы-жазы қонақтан арылмайтын. Қанша жеңгеміз күні-түні кісі күтеді. 5-6 баланың күтімі де сол кісінің мойнында. Үй шаруасынан бір босамайтын Қаншасын қасына шақырып алып, әңгімесін бастайды.

Сондай кештің бірінде мен де болған едім. Жырлап отыр. Әңгіме Кенесарының жас батыр інісі Наурызбайдың жас, сұлу Қаншайыммен алғашқы кездесуі туралы. Аға әндетіп отырып, бір кезде: “Қанша, Қаншайымның сөзін сен әндетші”, – деді. Талай естіп, әбден жаттап алса керек, Қанша жеңгеміз іліп алып кетті. Театрда отырғандай әсер алдық. Бұрын естімеген шығарма еді.

Бірде үйге келгенде, көңілденіп отырып, біздің кітапханамыздан алып, біраз кітаптарды оқып шыққанын әңгіме етті. Есімде қалғаны – Мәжит Дәулетбаевтың “Қызылжар” атты кітабы, Сәкен Жүнісовтің “Ақан сері” романы. Әсіресе, соңғы кітапты қайта-қайта айтып, сүйсініп отырды. Оқиғаларды талдап, кейіпкерлерге мінездеме беру шеберлігіне таңғалдым. Көп адамдар көркем шығарманы оқып шыққанына қуанады ғой. Әрине, соның өзі бір игілікті іс. Ал Қоқан ағаның өзі оқыған кітабын талдап, оқиға түйінін кәдімгі әдебиетшідей тарқатуы, бағалай білуі бір ғанибет еді.

Мен білетін Ахмет Малибаев ағамыз сондай адам болатын.

Шәмар САЛЖІГІТОВА.

Тамыз, 2012 жыл.

Есіл ауданы,

Тауағаш ауылы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp