Александр Штроны кеше – бала, бүгін жігіт болып жүргендердің көбі таниды десем, қателеспеймін. Өз басым Александр Федоровичті балаларға арналған ойын-сауық кештері мен түрлі концерттік бағдарламалардың жүргізушісі ретінде танимын. Оның балалармен тез тіл таба білуі, үлкен мерекелік іс-шараларға жиналған кішкентай бүлдіршіндерді үйіріп алуы, оларды күлдіртіп, ойнатып, түрлі байқауларға қатыстыра білуі Құдай берген қасиет пе дейсің. Сондықтан да Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында саналы өмірін бала әлеміне арнаған Александр Штромен әңгімелестік.
– Александр Федорович, өзіңіз жайында айта өтсеңіз?
– Мен бұрынғы Целиноград облысында туып, ержеттім. Мектепті бітірген соң қазіргі Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне география пәнінің мұғалімі мамандығына оқуға түсіп, қызметімді де осы Петропавл қаласынан бастаған болатынмын. №5, №11 мектептерде география пәнінің мұғалімі болып қызмет еттім. Мұғалім бола тұра, жазғы лагерьлерде вожатый болып жұмыс істедім. 90-шы жылдардың басында облыстық пионерлер ұйымына төрағалық еттім. Еліміз тәуелсіздік алған жылдары бұл ұйым облыстық балалар қауымдастығы болып өзгертілді. Қазіргі таңда құрамында 52 мыңға жуық бала тіркелген “Жандостар” Солтүстік Қазақстан облыстық балалар қауымдастығы” болып аталамыз.
– Бұл ұйымның мақсаты қандай?
– Ұйымның басты мақсаты – балалардың тұлға болып қалыптасуына, олардың бойында патриоттық сезімді оятуға көмектесу. Биылғы жылдың 15 қарашасында ұйымның құрылғанына 15 жыл толады. Біздің ұйым – Халықаралық балалардың қоғамдық бірлестіктері одағының мүшесі. Бұл одаққа 11 елден 4 миллионға жуық бала мүше. Қазақстаннан одаққа мүшелер – біздің облыс пен Қостанай облысы ғана. Облыстық әкімдіктің қолдауының арқасында екі бірдей ұйымның балаларға арналған жобаларды іске асыруына мүмкіндік туды. “Қауіп-қатерсіз әлем!”, “Таза жағалаулар”, “Ойын ойнайтын іс емес” және тағы басқа жобаларды бірлесе өткіздік. Мұның барлығы жас жеткіншектердің өрісін кеңейтіп, олардың тәлім-тәрбие алуына, көшбасшылық қасиеттердің дамуына септігін тигізбей қоймайды. Осы жылдың тамыз айында өңірімізде Халықаралық балалар форумын өткізуді жоспарлап отырмыз. Оған Қарағанды, Қостанай, Астана, Уфа, Омбы қалаларынан 100-ден астам жас жеткіншек қатысады. Екі күнге созылатын форумда балалар өзара араласып, өздерін толғандырып жүрген сұрақтарға жауап тауып, ой өрістерінің кеңеюіне, өзге қалалардың балаларымен тәжірибе алмасуына мүмкіндік туады.
– Саналы өміріңізді балалар ұйымына арнауыңызға не түрткі болды?
– “Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің” деп бекер айтпаса керек. Бала кезімде ертегі, түрлі әңгімелер мен хикаялар оқуды жақсы көрдім. Сосын география пәнін де ерекше құлшыныспен оқыған болатынмын. Бірақ мектебімізде балаларға арналған ойын-сауық орталығы болмады. Тек демалыс күндері мектепте “Демалыс күндерінің клубы” деп аталатын бастауыш сыныптарына арналған кештер өтетін. Ол кештерді жоғары сыныптарда оқитын оқушылар өткізетін. Мен ол кездері 6-сыныптың оқушысы едім. Досым екеуімізге ұстазымыз сондай кеш өткізуді тапсырды. Апта бойы балалардың көңілінен шығар-ау деген концерттік бағдарламалар дайындап, түрлі ойындар өткізетінбіз. Оқыған ертегілеріміз бен әңгімелерімізді қызықтырып айтып, сол арқылы бүлдіршіндерді өзімізге үйіріп алдық. Ондай кештерде сыныпта масаның ызыңы ғана естілетін. Содан болуы керек, бойымда балаларға деген ерекше ықыласым оянды. Олармен жұмыс істеу менің жаныма жақын екендігін сезіндім. Ұстаз атандым. Бірақ барлығынан бұрын маған жазғы лагерьлерде тәрбиеші болып қызмет ету ұнады. Әжем Анапа қаласында орналасқан балалар лагерінің директоры болған. Әскерден кейін әжемнің үйіне қыдырып барғанымда әжем: “Саша, жай отырмай, лагерьге барып қызмет ет”, – деді. Мен басымды шұлғып, кете бардым. Сөйтсем, лагерьде 500-ге жуық бала бар екен. Оларды бір арнаға үйіріп, демалыстарын пайдалы өткізуі үшін түрлі ойын-сауық шараларын ұйымдастыруым керек болды. Мектептегі балалармен өткізген демалыс кештерімнің септігі тиді ме, ол балаларды да үйіріп әкете алдым. Бұл іс қолымнан келетіндігін сезгеннен кейін болу керек, мен ойланбастан өмірімді балалар демалысын ұйымдастыруға арнауға бел будым. Әсіресе, балаларға ойын-сауық кештерін өткізу жаныма жақын. 1983 жылы Халықаралық “Артек” лагерінде қызмет етуім де таңдаған жолымның дұрыстығына деген сенімді бекіте түсті.
– Талай жылдар бойы лагерьлерде қызмет еттіңіз. Бұл саладан жинаған тәжірибеңіз мол. Облысымыздағы лагерьлерде нені өзгертер едіңіз?
– Біздің лагерьлерде балалардың жазғы демалысын толыққанды өткізуі үшін барлық жағдай жасалған. Ыстық тамақ, жеміс-жидек, жылы төсек-орын – барлығы қарастырылған. Біздің ұйым облыстық Білім басқармасымен бірлесе жыл сайын лагерьлердің қызметкерлеріне арнап шеберлік сыныптары мен семинарлар өткізеді. Онда вожатыйларға балалардың бос уақытын тиімді өткізудің жолдары жайында әңгімелеп, әдіс-тәсілдерін көрсетеміз. Осындай күндерді барынша қызықты әрі балаға пайдалы етіп өткізу үшін ойынға балалардың өздерін қатыстырып, тікелей ұйымдастырушы болуын тапсырамыз. Сол арқылы бала ойын ойнап қана қоймай, көшбасшылық қасиеттерді де бойына жинақтайды.
– Бір сөзіңізде Сіз төрағалық етіп отырған ұйымның жас жеткіншектер бойында патриоттық сезімді нығайту бағытында жұмыс істейтіндігін айттыңыз. Бұл мақсатта қандай іс-шаралар өткізесіздер?
– Бүгінгі бала ертеңгі елдің болашағы болғандықтан, ұйым, әсіресе, балалардың өз Отанын сүйіп, ержетуіне үлкен көңіл бөледі. Мәселен, жуырда ғана өткен Ұлы Жеңіс мерекесіне орай біз ұйымның көшбасшы жеткіншектерімен бірігіп, бейбіт күнді жақындатқан соғыс ардагерлерін еске алу мақсатында “Жеңіс кенебі” атты акция өткіздік. Ол үшін әр бала өзінің мекенжайы бойынша тұратын, жасы келіп, 9 мамыр күні орталық алаңда өтетін шеруге қатыса алмайтын соғыс ардагерлеріне барып, оларды мерекемен құттықтап, берілген қызыл матаға олар жайында ақпарат жазуға тиіс болды. Нәтижесінде облыстық ардагерлер ұйымының көмегімен балалар облыс орталығында тұратын 184 соғыс ардагері жайында жазылған 56 метрді құрайтын “Жеңіс кенебін” жасады. Сосын осы кенепті алып, балалар орталық алаңға шығып, денсаулығына байланысты үйден шыға алмайтын ардагерлердің құрметіне шеру жасады. Осындай шаралар өскелең ұрпаққа Отанды сүюге, сыйлауды, кішіге ізеттілік танытуға үйретеді.
– Айтыңызшы, адамда балалық шақ қай жасқа дейін созылады?
– Өмірімнің тең жартысы балалармен өткендіктен болар, балалық шағым әлі аяқталмағандай. Тіпті, балалардың ортасында жүріп, жасымның елуден асқанын да байқамай қалдым. Сондықтан балалық шақтың аяқталуы адамның өзіне байланысты деп ойлаймын.
– Ата-аналарға балалар тәрбиесіне қатысты не дер едіңіз?
– Балаларына көбірек көңіл бөлсе екен деген тілегім бар. Қазіргі балалар басқаша. Олармен теңіндей сөйлесе білу керек. Бірге ойнап, бос уақытты тиімді өткізген жөн. Бүгінгі таңда көптеген ата-аналар мансап қуып, балаларына көңіл бөлмейді. Бұл – үлкен қателік. Бала тәрбиесімен тыңғылықты айналысу қажет.
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.