Коронавирус індетін жұқтырған адаммен байланыста болған солтүстікқазақстандық әйел медициналық тексерістен қашып, өзі жайлы жалған мәлімет берген. Осының салдарынан тиісті органдар аурудың белгілері бар-жоғын тексеру үшін оны төрт тәулік бойы іздеген. Бұл жайлы Орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында жергілікті тұрғындарды коронавирус инфекциясы бойынша облыстағы жағдайдан хабардар етуге арналған баспасөз мәслихатында айтылды.
Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау департаменті басшысының орынбасары Татьяна Горлова медициналық тексеріс пен емдеуден, карантиндік режімді сақтаудан жалтарған адамдарды бақылау күшейтілуі тиіс деген пікірін білдірді. “Әйел адам фамилиясын мүлдем басқаша айтқан. Бірде Көкшетауда, бірде Қарағандыда екенін айтып, бізді жаңылыстырды. Соңында Алматы қаласынан табылды. Естеріңізге сала кетейін, ол науқас емес, ауруға шалдыққан адаммен байланыс жасаған. Талап бойынша бізге ақпарат түскеннен кейін 48 сағат уақыт ішінде вирусқа шалдыққан жанмен араласқан барлық адамдарды анықтап, бақылауға алуымыз керек. Ал вирусты жұқтырған адамды 24 сағатта анықтау арқылы басқаларға жұқтырудың алдын алуға болады. Ал біз оны төрт тәулік бойы іздедік”, – деді Татьяна Горлова. Бұл әрекеті үшін ол жауапкершілікке тартылатын болады.
Сонымен қатар Германия елінің коронавирус жұқтырған азаматымен байланыста болғанын айтып, бір әйел хабарласқан. Медицина қызметкерлері үш күн бойы іздеген әйелдің Қызылордадан хабарласқаны белгілі болды. “Ащы суға” тойып алған ол осылай қалжыңдамақ болыпты. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Айманов: “Өкінішке қарай, кейбір адамдар медицина қызметкерлеріне үлкен жауапкершілік жүктелгенін түсінбейді. Денсаулық сақтау саласы мамандарына көмектесу керек”, – деген ойын айтты.
Облысқа 1А санатындағы елдерден келген үш адам уақытша стационарға жатқызылған екен. Ал 1Б санатындағы, яғни үйдегі карантинде 17 адам отырса, екінші санатқа жататын 48 адам медицина қызметкерлерінің бақылауында. Жалпы қазіргі таңда өңірімізде коронавирус бойынша 166 адам мониторингте тұр.
Татьяна Горлованың айтуынша, өткен аптадан бастап автокөлік бекеттерінде санитарлық-карантиндік жұмыстар басталды. Департамент мамандары тәулік бойы кезекшілік атқарып, келген адамдардың температурасын өлшейді. Қажет болған жағдайда медициналық мекемеге жеткізеді. Коронавирустың бар-жоғын анықтауға арналған тестер жеткілікті мөлшерде. Осыған дейін жетпістен астам адам тексеріліп, олардың ауру жұқтырмағаны белгілі болды.
Өңір тұрғындарын дәріханаларда медициналық маскалардың тапшылығы және азық-түлік бағасының қымбаттауы алаңдатып отыр. Осыған дейін маскалар мен оны әзірлейтін материалдар шетелдерден жеткізілсе, қазір тасымалдау тоқтаған. Бүгінде отандық кәсіпорындар бетперде дайындауға бет бұрғанымен, олар медициналық мекемелерге тек мемлекеттік тапсырыс бойынша ғана жеткізіледі. Сонымен қатар мемлекеттік органдардың дәріханалардағы бағаны бақылауға құқығы жоқ. Сондықтан интернеттегі кеңестерді ескере отырып, бетпердені үйде тіккен абзал.
– Бетпердені сатып алғанша, қолдан жасаған ыңғайлы. Қытайда мысалы, спирт таратылған. Өйткені, хлор мен құрамында спирт бар сұйықтықтар вирусты жояды. Ұялы телефонды жиі тазалауды да ұмытпаған жөн. Мұндай шаралар вирустың таралу қаупін азайтады, – дейді Татьяна Горлова.
Әлеуметтік желіде қанттың бағасы қымбаттағаны қызу талқылануда. Осыған дейін килограмы 176 теңгеден саудаланса, бір күннің ішінде ол 201 теңгеге дейін көтерілген. Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Құралай Жарованың айтуынша, өңірімізге қант негізінен Ресей және Беларусь елдерінен әкелінеді. Жеткізуші бағаны көтергеннен кейін, сәйкесінше, бізде де қымбаттаған. Қант биржалық тауар болғандықтан, құны доллармен есептеледі. Яғни бағаның өсу себебін теңгенің құнсыздануымен байланыстыруға болады. Құралай Жарова басқа әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасы тұрақты екенін айтты. Басқарма мамандары күніне екі рет мониторинг жүргізу арқылы жағдайды бақылауда ұстап отыр. Өңірімізде тауар қоры жеткілікті. Азық-түлік өндіретін кәсіпорындар әдеттегі режіммен жұмыс істеуде. Сондықтан көп көлемде азық-түлік сатып алып, дүрлігудің қажеті жоқ.
Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,
“Soltústik Qazaqstan”.