«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨЗІҢМЕН НҰРЛЫ ӘР КҮНІМ

Біз алаңсыз өмір сүрген кезде еш нәрсеге мән бермейді екенбіз. Шығыстан шыққан күннің батысқа барып батқанын, жаңбырдың жауып, желдің ұйытқып соққанын қалыпты жағдай көргеніміз сияқты қоғамның негізін құрайтын кейбір құндылықтарға да назар аудармаймыз. Мемлекетімізде болып жатқан өзгерістерге жете мән бермей, күйбің тірліктің қамымен жүретініміз шындық. Кейде қандай реформа, заң, қаулы қабылданып жатқандығынан хабарымыз болмайды. Тіпті, өз құқығымызды да білмейміз. Ал басқа іс түскенде соның салдарынан қара басып, басты тауға да, тасқа да ұрамыз.

Осыдан бір жыл бұрын әр күнім қорқынышты түстей болды. Көп жылдар бойы армандап, әупірімдеп жүріп қол жеткізген баспанамнан айрылып қала жаздадым. Өзімнің де, жұбайымның да тұрақты жұмысы бар, еңбекақымыз да несие төлей аларлықтай көлемде болғасын ипотекаға үш бөлмелі пәтер алдым. Пәтерге қол жеткен кездегі қуанышымызда шек болмай, 2020 жылға дейін мойнымызға несие “қамытын” кигенімізге де мән бермедік. “Өзгеге емес, өз пәтерім үшін төлеймін ғой” деген ойдың әсері болар, аса қатты уайымдаған жоқпын. Бірақ адамның алды қараңғы екен. Үш баламның ортаншысы ауырып, бар тапқан-таянғанымызды оның еміне жұмсадық. Қиындық мұнымен аяқталмады. Пана болар ағам құрылыс басында қаза тапқанда, жалғызбасты бауырымды соңғы сапарға шығарып салуға міндетті едім. Баланы емдетуге де, ағамның жаназасына шығынданғандықтан, ай сайын 37 000 теңге несиені төлеу қиынға соғып, банк алдында 2 150 549 теңге мөлшерінде борыш жиналды. “Береген қолы алаған” банктің тәртібімен, пәтерімізден айрылдық. Үш бөлмелі пәтеріміз ашық саудаға шығарылып, сатылып кетті. Өздеріңіз көріп жүргендей, ипотекалық несиені төлей алмаған еліміздегі көптеген отбасының баспана үшін күресі осылай аяқталады емес пе?! Менің де оқиғам дәл осылай аяқталар ма еді, егер білікті маманның қызметіне жүгінбегенімде.

Заңды жетік білетін адвокат сот орындаушысы тарапынан кеткен заңсыздықты анықтады. Яғни, адвокат Нұрбахыт Теменов Қазақстан Республикасы Конституциясының 25-бабында: “Тұрғын үйге қол сұғылмайды. Соттың шешімінсіз тұрғын үйден айыруға жол берілмейді”, – деп көрсетілгендігін негізге алып, сенімхат бойынша менің өкілім ретінде сот шешіміне наразылық білдіріп, апелляциялық шағым түсірді. Сондай-ақ, жоғарыда аталған уәжін айта келе, сот орындаушысы тарапынан Қазақстан Республикасының “Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы” Заңының 72-бабы бойынша борышкердің мүлкін өткізу кезектілігі сақталмағандығын жеткізді. Себебі, заң бойынша борышкердің мүлкiнен өндiрiп алу тәртібі баспананы емес, бағалы қағаздар, валюталық құндылықтар, қымбат металдар мен асыл тастар, зергерлік бұйымдар, жеңіл автокөліктерді тәркілеуден басталады екен. Сынаққа шыдаған құлына Құдайдың мейірімі төгіліп, судьяның шешімімен электронды аукцион да, пәтерді сатып алу-сату шарты да соттың шешімі бойынша заңсыз деп танылды. Осының арқасында пәтерім өзіме қайтарылып, банк алдындағы қарызды өндіру ісі заңдық тәртіп сақтала отырып жүргізілді.

Тағдырдың тәлкегімен осындай қиындыққа ұшыраған менің құқығым Қазақстан Республикасының Конституциясы бойынша қорғалады деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірмес еді. Себебі, ел тұрғындарының біраз бөлігі Конституцияның баптарын жете білмейді. Соның бірі мен болдым. Қазақстан Республикасының Конституциясын зер салып оқымаған да едім. Ал қазір “Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары” екеніне күмәнім жоқ.

Жанар ТӘШІМОВА,

Петропавл қаласының тұрғыны.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp