Петропавл қаласында жер үйлер мен көпқабатты тұрғын үйлерге келіп, өздерін сумен жабдықтаушы компанияның қызметкерлері ретінде таныстырып жүрген алаяқтар шықты. Олар судан сынама алып, кейін ол жерге су тазалағыш орнату қажет деген ұсыныс айтып жүрген көрінеді. Әрине, олар тұрғындарға ондай жұмыс жүргізетіндері туралы алдын ала ескерту жасамайды.
Осыған байланысты қаланы сумен жабдықтап, кәріз суын шығарып отырған компания өзінің бұл шараға еш қатысы жоқ екендігін ескерте отырып, тұрғындардың мұндай алаяқтардың құрығына түсіп қалмауларын ескертеді. “Қызылжар су” ЖШС өзі көрсетіп отырған қызметтерінде жұмыстың сапасы басты назарда екендігін алға тарта отырып, қала бойынша таратылатын ауызсу санитарлық норма мен ережелердің нормативті талаптарына сай екендігін жеткізеді. Сондай-ақ, біздің мамандар үй-үйді аралап, ондай мәселені шешпейді. Ал біреулер осындай мәселемен келіп, сіздерді мазаласа, “Қызылжар су” мекемесіне хабарласыңыздар. Байланыс телефондары: 53-59-96, 50-13-84 немесе 109.
Алаяқтардан сақ болыңыздар!
Эльмира ҚҰСАЙЫНОВА,
“Қызылжар су” ЖШС-нің баспасөз хатшысы.