Импортқа тәуелділік, ішкі өндірістің шектеулілігі және құрылыс материалдарының баға жағынан қолжетімсіздігі – қазіргі құрылыс саласының жүйелі әрі күрделі мәселелерінің бірі. Бұл ахуал тек экономиканың белгілі бір секторының проблемасы ғана емес, ұлттық инфрақұрылым мен әлеуметтік тұрақтылыққа әсер ететін маңызды факторға айналды. Елімізде үй салғысы келетін әр азамат, ең алдымен, құрылыс материалдарының бағасы мен қолжетімділігіне назар аударады. Алайда бағаның артында күрделі әрі ұзақ логистикалық тізбек, кедендік рәсімдер, шетел валютасына тәуелділік және ішкі өндірістің бәсекеге қабілетсіздігі секілді себептер жатыр.
Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысында құрылыс көлемі жыл сайын өсіп келе жатқанымен, қажетті материалдардың басым бөлігі өзге өңірлерден немесе көрші мемлекеттерден тасымалданады. Бұл экономикалық тұрғыдан тиімсіз, әрі әлеуметтік әділеттілік ұстанымына да қайшы.
Соңғы жылдары елімізде тұрғын үй мен әлеуметтік нысандардың құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Қалаларда көпқабатты үйлер салынып, ауылдарда мектеп пен медициналық мекемелер бой көтеруде. Бірақ құрылыс көлемі артқанымен, оған қажетті материалдардың қолжетімділігі мен бағасы басты тежеуші факторға айналып отыр. Себебі құрылыс нарығы әлі де шетелдік өнімдерге тәуелді. Импортқа тәуелділік – логистикалық шығындарды еселеп, материал бағасын шарықтатады. Ал ішкі өндірістің әлеуеті бұл өсімді игеруге қауқарсыз.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, еліміздегі құрылыс материалдарының 30-40 пайызы шетелден әкелінеді екен. Яғни құрылыс индустриясында өзгелерге тәуелдіміз. Дамушы мемлекет үшін мұндай жағдай қауіпті, себебі сыртқы нарықтарға тәуелділік ішкі баға саясатына ықпал етіп, құрылыс қарқынын тежейді. Соның салдарынан халықтың баспанаға қолжетімділігі де күрделене түсері анық.
Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, елімізге цемент, арматура, керамогранит, сэндвич-панельдер, әйнек және әртүрлі кірпіш түрлері Ресей, Қытай, Түркия және Ираннан жеткізіледі. Былтырғы жылы бір жылдық импорт көлемі шамамен 900 миллион АҚШ долларынан асқан. Бұл жер қойнауы бай, шикізаты мол Қазақстан үшін алаңдатарлық факт болып қала бермек. Бұл жағдай әсіресе кірпіш өндірісінде қатты байқалады. Құрылыстың ең негізгі материалы болған кірпіштің өзі кей өңірлерде сырттан жеткізіледі. Жергілікті зауыттар сұранысты өтеуге үлгере алмай отыр.
Осыған байланысты құрылыс материалдарының бағасы жыл сайын өседі. Мәселен, 2021 жылы бір тонна цемент 20-22 мың теңге аралығында болса, бүгінде бұл көрсеткіш 35-40 мың теңгеге жетті. Металл, пластик терезе, гипсокартон және кірпіштің бағасы екі есеге жуық қымбаттаған. Бұл тек құрылыс компанияларының ғана емес, өз үйін салғысы келетін жеке азаматтардың да қалтасына салмақ түсіреді.
Бағаның шарықтауына жанар-жағармай құнының өсуі, логистикалық шығындардың көбеюі, шикізат тапшылығы, құрылыс материалдарының импортқа тәуелділігі және құрал-жабдықтардың ел ішінде өндірілмеуі де себеп болып отыр. Бұл факторлар әрбір нысанның өзіндік құнын арттырып, тұрғын үй бағасының өсуіне, ипотекалық төлемдердің қымбаттауына әкеледі. Сөйтіп, тұрғын үйге қолжетімділік нашарлап, әлеуметтік теңсіздік тереңдейді.
Бұл – экономикалық жоспарлау, өндірістік саясат пен ұлттық қауіпсіздікке қатысты кешенді мәселе. Егер құрылыс материалдары сырттан келіп, олардың бағасы шетел нарығымен белгіленсе, онда ішкі тұрғын үй саясатының тиімділігі күмән тудырады.
Өңірде де соңғы жылдары құрылыс қарқыны артты. Облыс орталығында тұрғын үй кешендері, мектептер, балабақшалар мен медициналық мекемелер бой көтеріп жатыр. Алайда өңірде қолданылатын материалдардың басым бөлігі өзге облыстардан немесе шет мемлекеттерден жеткізіледі.
Бұрын құрылыстың негізі болып табылатын кірпіш шығаратын үш зауыт болса, бүгінде олардың тек екеуі ғана жұмыс істейді. Олар – «Кірпіш-SK» және «Солтүстік-Кірпіш» серіктестіктері. «Солтүстік-Кірпіш» серіктестігінің өндіріс қуаты шектеулі болғанымен, жергілікті жеке құрылыс нысандарын қамтамасыз етіп отыр. Кәсіпорынның негізін қалаушы Гарик Бернецянның айтуынша, жергілікті шикізатқа негізделген өндіріс сұранысты толық жаба алмайды.
– Қазіргі таңда зауыт күніне 150 мың кірпіш өндіре алады. Біз жергілікті шикізатты пайдаланып, экологиялық таза әрі берік өнім шығаруға тырысамыз. Алайда нарықтағы сұраныс мұнымен шектелмейді. Қосымша құрал-жабдықтар алып, өндірісті кеңейтуге ниет бар, бірақ ол үшін нақты қолдау мен кепілді өткізу нарығы қажет. Мемлекеттік құрылыс жобаларында отандық өнімге басымдық берілсе, бұл салада серпіліс болары анық, – дейді ол.
Алайда бұл екі зауыттың өнімі Петропавл мен оған жақын маңдағы елді мекендерге ғана жетеді. Аудан орталықтары мен ауылдық елді мекендердегі құрылысшылар, әсіресе жеке сектор кірпішті Қостанай, Астана, Павлодар қалаларынан немесе Омбы мен Түмен облыстарынан тасымалдауға мәжбүр. Бұл құрылыс шығынын 15-20 пайызға дейін арттырады.
Солтүстік Қазақстан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Есжан Оразалиннің айтуынша, өңірлік құрылыс нарығындағы ең өзекті мәселенің бірі – логистика. Сырттан әкелінетін әрбір кірпішке 5-15 теңге көлемінде қосымша шығын қосылады.
– Құрылыс материалдарын облысқа сырттан жеткізу кезінде қосымша шығындар көп. Жанар-жағармай бағасының өсуі, жолдың сапасы мен көліктердің тозуы бағаға тікелей әсер етеді. Бұл, әсіресе, ауылдық жерлерде құрылыс жүргізіп жатқан кәсіпкерлер үшін үлкен ауыртпалық. Жергілікті өніммен қамтамасыз ете алсақ, логистикаға тәуелділік те, шығын да азаяр еді. Қазірдің өзінде кәсіпкерлер отандық өндірісті қолдауға дайын, тек тұрақты сұраныс пен жүйелі мемлекеттік қамқорлық қажет, – дейді ол.
Қыс мезгілінде жолдың жабылуы, көктемде су тасқыны, шекарадағы ұзын-сонар кезек, жанармай тапшылығы да – уақыт пен қаражатты шығындайтын кедергілер. Бұл құрылысты тежеп, мерзімнің созылуына, бюджетке өзгеріс енгізуге мәжбүрлейді.
Сала сарапшыларының айтуынша, құрылыс нарығын тұрақтандыру үшін аймақта саз, құм, қиыршық тас сияқты ресурстар жеткілікті. Осы қорларды тиімді пайдалану арқылы сыртқа тәуелділікті азайтуға болады. Жергілікті өндірісті ынталандыру, бюджет қаржысына салынатын нысандарда отандық өнімге басымдық беру, логистиканы жеңілдету сынды ұсыныстар өңірлік құрылыс нарығының тұрақтылығын арттырып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және экономиканың жандануына ықпал етері сөзсіз. «Облыс аумағында құрылыс материалдарын өндіруге қажетті шикізат жеткілікті. Мәселен, Қызылжар, Есіл, Ақжар аудандарында саз, қиыршық тас, құм қоры мол. Алайда бұл шикізатты өндіру үшін инфрақұрылым мен инвестициялық жобалар жетіспейді. Егер жергілікті кәсіпкерлер мен инвесторлар осы бағытқа бет бұрса, кірпіш пен басқа да материалдарды сырттан тасымалдауға тәуел-ділікті азайтуға толық мүмкіндік бар», – дейді өнеркәсіп және жер қойнауын пайдалану бө-лімінің бас маманы Әділхан Жайсенбаев.
Құрылыс саласы – кез келген елдің экономикалық және әлеуметтік дамуының негізгі тірегі. Тұрғын үймен қамтамасыз ету, инфрақұрылымдық нысандар салу және елді мекендерді көркейту сынды міндеттердің барлығы осы сала арқылы жүзеге асады. Алайда Қазақстандағы құрылыс индустриясы импортқа тәуелділік, ішкі өндірістің әлсіздігі және логистикалық қиындықтар сынды күрделі мәселелермен бетпе-бет келіп отыр. Әсіресе бұл түйткілдер аймақтық деңгейде, соның ішінде Солтүстік Қазақстан облысында айқын сезіледі. Жер қойнауы бай, шикізат ресурстарына толы өңір бола тұра, құрылыс материалдарының басым бөлігінің сырттан әкелінуі – экономикалық тұрғыдан тиімсіз, әлеуметтік тұрғыдан әділетсіз құбылыс.
Нұрай ТЕЛЕКЕЕВА,
М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың студенті.