«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨЗ КӨЛІГІ – ӨЗІНЕ ОЛЖА

Түнгі сағат үш шамасында домофонның шыр еткен қоңырауы шырт ұйқыда жатқан ерлі-зайыпты Гуськовтардың мазасын қашырды. 

Үйлеріне полицейлер сау етіп кіріп келгенде, олардың ұйқысы шайдай ашылды. Тәртіп сақшылары оларға қолды болған көлігін қайтарғанда, екеуінің таңданысында шек болмады. Өйткені олар өздерінің көліктерін көршісі айдап әкеткенінен байхабар болып шықты. Зардап шегушілер бұл оқиға туралы облыстық полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Марат Төлебаевқа алғыс айта отыра баяндап берді. «Сол күні кешкі сағат тоғыз шамасында саяжайдан келіп, машинамызды әдеттегідей аулаға қойдық. Түнде тосын қоңыраудан ояндық. Бағымызға қарай полицейлер машинамызды қайтарып берді. Полиция қызметкерлеріне алғысымыз шексіз. Егер олар машинаны уақтылы тоқтатып, бұзақыны ұстамағанда, түнгі серуеннің немен аяқталатынын белгісіз еді», – деді Александр Гуськов.
Кейін анықталғанындай, бұдан бірнеше күн бұрын машина иелері кілтін жоғалтып алған екен. Олардың кілтін тауып алған көршісі түнгі серуенге шықпақшы болған. Мастықтың салдарынан көлік жүргізе білмейтін оған сол сәтте Сырдың суы сирақтан келген болуы керек. Алайда патрульдік полицейлердің қырағылығының арқасында оның арам ойы жүзеге аспай қалды.
Петропавлдық зейнеткерлер де облыстық полиция ведомствосының басшысына жүрекжарды алғысын білдірді. «Патрульдік полиция қызметкерлерінің көрсеткен ілтипаты мен қамқорлығына ризамыз. Біз Омбы қаласына қарай кетіп бара жатқанда, жолда көлігіміз сынып қалды. Полицейлер көмек қолын созып, машинаны эвакуациялауға көмектесті. Біз егде жастағы адамдармыз, менің аяғым ауырады. Олар көмектеспегенде, үйге қалай оралар едік? Осындай жауапты, адам тағдырына бей-жай қарамайтын жандардың бары қуантады», – деп жазды Тамара Малышева полиция лейтенанттары Мейрам Ыбыраев пен Манат Смағұловтың экипажына алғыс білдірген хатында.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp