Облыстық полиция департаментінде үздік тергеушілер мен анықтаушылар белгілі болды.
Петропавл қалалық полиция басқармасы тергеу бөлімінің аға тергеушісі Жайнагүл Ташмаханова өз ісінің үздігі атанды. Ішкі істер министрлігінің Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының түлегі 2008 жылдан бастап ішкі істер саласында қызмет етіп келеді. Еңбек жолын Жамбыл ауданында бастаған. Әріптестері оның еңбекқорлығы мен тиянақтылығына жоғары баға беруде. Жайнагүл тергеген істер соттан қайта тергеу үшін қайтып келген емес. Былтырғы жылы полиция капитаны 75 қылмыстық істі тергеген.
Ал анықтаушылардың арасында полиция майоры Алтынай Бейсекеева үздік атанды. Қостанай әлеуметтік-техникалық университетін тамамдаған ол 2007 жылдан бастап полиция қатарында қызмет етіп жүр. Бұған дейін тергеуші болған ол 2018 жылдың ақпанынан бері Қызылжар аудандық полиция бөлімінің анықтау бөлімінде жұмыс істейді.
Анықтаушылар тергеушілерге қарағанда жеңілірек істермен айналысады. Бірақ өз қиындықтары да жоқ емес. Мәселен, Алтынай бұған дейін жол-көлік оқиғаларын зерттеп көрмеген. Сондықтан қысқа мерзім ішінде жолда жүру ережелерін зерделеп шығуына тура келген. Сондай-ақ, ауданда жер қатынастары саласын меңгеруді де бастаған. Бұл салаларды Алтынай қаншалықты жақсы меңгергенін бірде-бір ісінің қайтарылмауына қарап бағалауға болады. Былтыр ол бас-аяғы 91 іспен шұғылданып, соңына дейін жеткізді.