«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨЗ ІСКЕРЛІГІН ТАНЫТҚЫСЫ КЕЛЕТІНДЕРГЕ мемлекеттің көмегі зор

“Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ-ның “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы еліміздегі жеке кәсіпкерлікті кешенді дамытуға арналған. Осы орайда солтүстікқазақстандық кәсіпкерлер қандай қолдау көріп отырғандығы жөнінде аталмыш акционерлік қоғамның өңірлік филиалының директоры Алмат Нұрахметовпен сұхбаттасқан едік.

– Алмат Викторович, орта және шағын кәсіпкерлік ел экономикасының тірегі десек, “Даму” қоры оларға өз деңгейінде қолдау жасап отыр ма?

– Бүгінгі таңда “Даму” қоры орта және шағын кәсіпкерлікке “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша қолдау көрсетуде. Өңірлік үйлестіру кеңесі биылғы жылдың тоғыз айында 80-нен аса кәсіпкердің жобасына демеуқаржы бөлінуін қолдады. Жалпы, бұл бағдарлама қолға алынғаннан бері мемлекет 332 жобаға 29,6 миллиард теңге бағыттады. Несие қаржысын құжаттайтын банктердің алдында кәсіпкер үшін кепілдік беру ісінде өңірлік филиал 47 жобаны мақұлдап, оларға 896,8 миллион теңгемен қолдау көрсетті. Бұл сандық көрсеткіш мемлекет тарапынан солтүстікқазақстандық орта және шағын кәсіпкерлер үлкен көмек көріп отырғандығын дәлелдейді. Әлі де мемлекеттік қаржының игерілмей жатқан бөлігі бар. Сондықтан кәсіпкерлер бұл бағдарламаның мазмұнына терең үңіліп, одан өз несібесін алуға ұмтылуға тиіс.  

– Отбасының, жеке өзінің әлеуетін жақсартуға кімде болсын мүдделі ғой. Мемлекет те ұлттық қордың қаржысын бекерден-бекер үлестірмейді. Осындайда, мемлекеттің қолдауын қажет ететін кәсіпкерлерді қағазбастылық шаршатпайды ма?

– Айтуыңыз дұрыс. Бірақ, біз, орта және шағын кәсіпкерлікті тікелей қаржыландыратын институт емеспіз. “Даму” өз бағдарламасын еліміздегі екінші деңгейдегі сенімді банктер арқылы жүзеге асырады. Ал қаржы мәселесі қозғалған жерде қағазбастылық пен талаптың жоғары екендігі белгілі. Ешқандай банк негізсіз тәуекелге бармайды. Сондықтан олардың алдына несие сұрап барған адам қағаз жинаумен табанын да, жүйкесін де тоздыратыны анық. Десек те, кәсіпкер үшін де оңай табылатын ақша жоқ. Сондықтан бизнестің өзін бойында іскерлік қасиеттері, талабы мен төзімділігі бар адам ғана алып жүре алады. Банктер несие алушының қарызды кейін қайтара алатындай жағдайын мұқият тексереді. Оған келіспеуге тағы болмайды. Ондай кезде көмек керек болса, біз оған әзірміз. Қандай көмектер екендігін тарқатар болсам, ең бастысы, бизнеспен айналысуды ойлаған адам біздің кеңсемізге келіп, іскерліктің бүге-шігесіне дейін үйренуіне болады. Біздің бас кеңсеміздің бірінші қабатында Бизнесті қолдау орталығы жұмыс істейді. Ондағы заңгер, маркетолог, есепші, салық саласының мамандары бизнестің тетіктері бойыша кез келген мәселелерден ақпараттар береді және құжаттарды қалай толтыру керектігін үйретеді. Бизнесті қай бағытта бастағыңыз келетінін ойға алып келсеңіз болғаны, олар оның қағаз жүзіндегі көрінісін жоспарлап, сызып, толтырып бере алады. Сондай-ақ, ауыл тұрғындарын облыс орталығына шапқылатып, алтын уақыттарын кетірмес үшін, биылғы жылдың маусым айынан бастап, барлық аудандардың Халыққа қызмет көрсету орталықтарында “Даму” қорының екі маманы жұмыс істейді. Олар ауыл тұрғындарына бизнестің қыр-сырын ашатын ақыл-кеңестер, бағыт-бағдарлар береді. Осыған дейін қордың брендталған автобусы аудан орталығына ғана қатынаса, енді биыл жаз ол үлкен елді мекендерді аралап, кәсіпкерлік туралы және онымен айналысудың жолдары мен мемлекеттің көрсететін қолдауы жайында кеңейтілген ақпараттар берді. Биыл бір айда 20-дан аса ауыл қамтылып отырды. Жалпы елдегі кәсіпкерлікті қолдауға мемлекеттің жасап отырған көмегі зор.

– Аталмыш бағдарламаның ережелері мен талаптары жылдан-жылға жеңілдетіліп, мемлекеттің кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасауды көздеп отырғаны сезіледі. Биыл бағдарламаға тағы қандай толықтырулар енгізілді?

– Жоғарыда біз осы жылдың маусымынан бастап аудандық бизнеске қолдау көрсету орталығы ашылғанын айттық. Сондай-ақ, 1 қазаннан бастап “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасына өзгертулер мен толықтырулар енгізілгенін құлағдар етіп жатырмыз. Бағдарлама осыған дейін экономикада басымдылық берілетін секторларды назарға ұстап келсе, енді елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық ахуалын көтеру үшін шағын қалаларда бизнес аумағын кеңейтуді көздеп отыр. Яғни, сауда-саттық кәсіпкерлігінен бастап, халыққа қызмет көрсететін бизнес түрлерінің барлығына мемлекеттік демеуқаржы беру немесе кепілдік жасау көмектері көрсетілетін болады. Бізде ондай шағын қала төртеу: Сергеевка, Тайынша, Мамлютка және Булаево. Бүгінгі таңда екінші деңгейдегі банктерден алған несиенің сыйақы мөлшерлемесі төлемінің 7 пайызына демеуқаржы беріліп жүрсе, келер жылдың басында ол пайыздық көрсеткіш 10-ға дейін өсіріледі деп жоспарлануда. Ауыл шаруашылығы кәсіпкерлігін дамытуға, жастардың бизнесін қолдауға, қыз-келіншектердің іскерлігін өркендетуге, өндірістік саланы жандандыруға біздің қордың қосып отырған үлесі зор. Мәселен, 29 жасқа дейінгі жастар бизнестің тетігін ұстауға ниет білдірсе, олардың банк арқылы алатын несиесінің 70 пайызына кепілдік беріп, оның бұл мәселені қиналмай шешуіне көмектесеміз. Ал жаңа жоба, инновациялық ұсыныстар болса, ондайды тіпті қолдаймыз. Биыл үшінші жыл біздің мамандар облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасымен бірлесе отырып, 3 миллион теңгеге дейін қайтарымсыз қаржы беру бағытын жүргізуде. Биыл да алты адам осы бағдарлама шеңберінде қаржылай қолдау тапты. Биылдан бастап қолға алынған “Жас кәсіпкерлер мектебі” арқылы жеңіске жеткендерге де қайтарымсыз қаржы беріледі. Биыл бірінші рет жастар арасында арнайы ұйымдастырылған байқауға 60 адам қатысып, оның 30-ының жобасы іріктеліп алынды да, олардың ішінен Азамат Башаров деген жігіттің жобасы үздік деп танылды. Ол енді 25 қазанда Алматыда өтетін республикалық байқауға қатысады, яғни гранттан дәмелілердің қатарында.

– Биыл өңіріміздің аумағындағы кәсіпкерліктің қандай секторы белсенді жұмыс істеді? “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша демеу-қаржы көмегін алушыларға қойылатын талаптардың ішінде қайырымдылық акцияларына қатысу міндетті ме?

– Халықтың кәсіпкерлікке қызығушылығы жоғарылап келеді. Бүгінде “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасының төрт бағыты бойынша мемлекеттің қолдауын көруге болатынына көздері жеткендер көп. Биыл олардың қатарындағы жолаушылар мен жүк тасымалын жасаушыларға, ет, сүт, май, ұн өндіретіндер, жартылай фабрикаттар шығаратындарға басымдылық берілді. Фитнес клуб, медициналық орталықтар мен жеке меншік балабақша ашқандарға жақсы қолдау көрсетілуде. Ал мемлекеттің көмегі көрсетілген кәсіпкерге қайырымдылық жаса деген міндет жүктелмейді. Ондай әрекеттер біздің арнайы бағдарламамызбен жүзеге асады. Ол өз ісін дөңгелеткісі келген мүгедек жан мен ісі өрге басқан бизнесменнің арасындағы түсіністік әрекеттерге негізделген. Өзінің жеке ісін жүргізгісі келетін мүгедек жандар бізден жиі көмек сұрайды. Ондайда біз мүгедек жанның тілегін орындауға шамасы келетін кәсіпкерге бұйымтай айтып, “Даму-көмек” бағдарламасы арқылы екеуінің ортасында дәнекер боламыз. Алайда, ұсыныс қабылданбауы да мүмкін. Ондайда ешкім өкпелемейді. Жақында Есіл ауданының кәсіпкері Қанат Жақаев деген азамат жерлесі Кенесары Жолдаяқовтың тілегін қабыл алып, қайырымдылық көмегін ұсынды.

– Солтүстікқазақстандықтар бизнесте қандай кемшіліктерге жиі ұрынады? Олардың ынтасын оятудың жолдары қандай?

– Кез келген адам өзі мен отбасының әлеуетін жақсарту үшін ұтымды іспен айналысуды мақсат етеді. Бұл – заман талабы, қоғамдық тіршілік қарекеті. Алайда, бизнесті жүргізуде сауаттылық қажет. Осы мәселені дұрыстап алмайынша, іс өрге баспайды. Осындайда кейбіреудің сағы сынып, бағы тайып жатады. Бұған дейін кәсіпкерлікпен айналысып көрмеген кез келген адам бизнестің алғашқы қадамын қалай жасау қажеттігін білмейтіні анық. Осыған байланысты біз бизнес-кеңес беру семинарларын ұйымдастырамыз. Онда бизнестің жоспарын жасаудан бастап, есеп-қисап, заңмен әрекет ету, салық пен кедендік төлемдердің барлығын білікті мамандар оқытады. Бұл шара бизнестегі сауаттылықты арттыру үшін жасалуда. Жұртты тегін оқуға шақырған кезде сенімсіздік танытады. Ал семинардан кейін ол адаммен сөйлесе қалсаңыз, оның бойында іскерлікке деген талабы өсіп, жер қопаратындай жігер пайда болады. Бұл жерде семинарға қатысқандардың барлығы бизнесмен болып кетеді деген әңгіме емес. Біз сараптама жүргізген кезде қатысушылардың 8-10 пайызына нәтиже беретін сенімділік ұялатады екенбіз. Екі-үш жылдан кейін де кәсібін ашып жататындар бар. Шыны сол, кәсіпкерлік қабілет кез келгеннің уысына түсе бермейді. Оған талап та, төзімділік те, үнемділік те, адаммен тіл табыса білу де қажет. Кейбіреулер іскерлікке талабы бар адамдар шоғырланған ортаны көргеннен кейін бизнесті жүргізуге өздерінің шамасы келмейтінін біліп, шешімін өзгертетіндер де болады.

– Сіздерде тәжірибе алмасудың басқа да түрлері бар емес пе?

– Иә бар. Өз кәсібімен айналысып жүрген кәсіпкерлерді шетелдерге оқуға жіберу мүмкіндігіміз бар. Ол “Іскерлік байланыс” бағдарламасы негізінде жүзеге асырылады. Кәсіпкерлер өз саласы бойынша Германия мен АҚШ елдеріндегі кәсіпорындарға барып, біліктіліктерін арттырып келеді. “Аға сеньорлар” жобасында тәжірибелік өтілі бар халықаралық деңгейдегі маман біздің кәсіпкерлердің жұмыс орнына келіп, өз білгенін үйретеді. “Даму” қоры – мемлекеттің отандық орта және шағын кәсіпкерлікке қолдау көрсететін бір мекемесі. Оның қалай және қандай бағыттарды жұмыс істейтіндігі БАҚ-та, Интернет ресурстарында, арнайы ашылған кеңселердегі мамандар толық ақпарат береді. Оның мүмкіндіктерін пайдалауға әр азаматтың құқығы бар. Кез келген адамның бойында сенімсіздік болары сөзсіз, сондықтан оны сейілту үшін мамандардан ақыл-кеңес алу артықтық етпейді.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp