Ұстаз – жас ұрпақтың жарқын болашаққа барар жолын айқындап, ғасырлар бойы жинақталған барлық асылдарды өрен бойына сіңіруші. Шәкірт санасына білім нәрін сеуіп, ел болашағының өрендерін тәрбиелеп шығару екінің бірінің қолынан келе де бермейді. Қоғам қайраткері, ағартушығалым Ахмет Байтұрсыновтың “Мұғалім – мектептің жаны” деп бағалауынан-ақ, ұстаз деген ұлы есім екенін талассыз аңғаруға болады. Себебі, ұстазға деген құрмет бәрінен биік.
Жүректің қалауымен ұстаз мамандығын таңдап, бүгінгі таңда алдыңғы қатарлы мамандардың көшін бастап жүргендердің бірі – әріптесіміз Бақыт Алдабергенева. Ол Бескөл ауылындағы “Парасат” мектеп-лицейінде химия, биология пәндерінен сабақ береді. Біреуге қысқа, енді біреуге ұзақ болып көрінетін ұстаздық еңбегінің он жылы ішінде ол биік шыңдардан көрініп, талай асуларды бағындырды.
Ақмола облысының Бурабай ауданындағы Мәдениет ауылында дүниеге келген Бақыт Ерікқызының қызығынан гөрі қиындығы көп, жауапкершілігі мол ұстаздық жолды таңдауына мектепте оқып жүргенде химия пәнінен сабақ берген Бағиза Қосыбаева себепші болған. “Үздік аттестат” ала алмадым, бірақ орта мектепті кілең 5-пен аяқтадым. Ұстаздықтың ауыр жүгін арқалау жүрегімнің қалауымен болды. Химия пәнінің мұғалімі Бағиза Қосыбаеваға қатты еліктедім. Ол кісі менің пәнге деген қызығушылығымды оята білді”, – деген Бақыт Ерікқызы ұстазының өзін химия пәнінен өтетін мектепішілік, аудандық олимпиадаларға даярлап, талай додаларға салғанын еске алды.
Қолына дипломын алып, еңбек жолын бастаған алғашқы күннен өзінің оқушы алдындағы жауапкершілігін сезінді. 2013 жылы республика бойынша екінші мәрте өткізілген “Үздік педагог” байқауында бағын сынады. Облыс бойынша сайысқа қатысқан он үш мұғалімнің ішінде “үздік” шығып, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің марапатына ие болды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: “Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан ұстазға жүктелетін міндет ауыр”, – деген сөзі ұстазды одан әрі жігерлендіріп, алға жетелей түсті. “Үздік педагог” атағын жеңіп алу үшін ұстаз жинақтаған білімі мен тәжірибесін ұштастыра отырып, сабақтарын түрлендіріп жүргізсе, енді сол атаққа дақ түсірмей, қашан да биіктен көрінуді мақсат етуде.
“Әлемдік білім кеңістігіне кірігіп, білім беру жүйесін халықаралық биікке көтеру – кезек күттірмейтін өзекті мәселе. Жаһандану заманында бәсекеге қабілетті болудың көрсеткіші білім деңгейімен өлшенеді. Ең бастысы, ұстаздың алдына қойған мақсаты және соған жетуге деген ұмтылысы болуы керек”, – дейді Бақыт Ерікқызы.
Бүгінде ұстаздың “Жаңа технология элементтерін қолдану арқылы оқушылардың шығармашылық, ізденушілік қабілеттерін дамыту және пәнге деген қызығушылықтарын арттыру” тақырыбындағы тәжірибесі жинақталды.
Ол заманауи технологияларды тереңдете меңгеруге “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” АҚ “Солтүстік Қазақстан облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтындағы” деңгейлік бағдарламалар курсының септігі көп тигендігін айтады. Ұстаз сонда білген-түйгенін өз жұмысында пайдаланып, оқушыларының игілігіне жаратып жүр. “Балаларға жаңа үлгіде оқу ұнайды, сабақ үстінде мүлгіп отыратын оқушы жоқ”, – дейді ол.
Бақыт Алдабергенева “Ұлағатты ұстаз” атты республикалық оқытушылар арасындағы байқауда “Сабақтан тыс уақытта балалардың дамып-жетілуіне себепші болатын бағдарламалар” бағытында – ІІ, тәрбиелік жұмыс бағытында ІІІ орындарды иеленген. Ол “Жаңа толқын” аймақтық әдістемелік шеберханасында, “Білім беру технопаркі” республикалық жобасында мектептердегі сапаны басқару технологиясы бойынша шеберлік сағатын өткізіп, білім беру қызметкерлерінің “Білімді ел – мәңгі ел” тақырыбындағы тамыз педагогикалық кеңесінің секция отырысында озық іс-тәжірибесімен бөлісті. “Назарбаев Зияткерлік мектебі” дербес білім беру ұйымдарының жалпы білім беретін мектептердегі педагог кадрлардың кәсіби даму бағдарламасы бойынша “Педагогикалық шеберлік орталығы” әзірлеген “Тәжірибедегі рефлексия” мектеп тренерлерін оқыту курсын аяқтады.
Бүгінгі таңда педагогика ғылымдарының магистрі атанған Бақыт Ерікқызы ұстаздық етумен қатар қоғамдық жұмыстарға да белсене араласуда.
Сағат ЕЛЕУКИНА,
“Парасат” мектеп-лицейінің
директоры.
Қызылжар ауданы.