Қайрат ДҮЙСЕНБІ.
Облыс басшысы Самат Ескендіров биылғы тұрғындар алдындағы есебінде облыстың денсаулық сақтау жүйесінде оң нәтижелерге қол жеткізілгенін атап көрсетті.
Осының бір мысалы – Петропавл қаласында жаңа үлгіде салынып, 2011 жылдың 31 қаңтар күні пайдалануға берілген “№3 қалалық емхана” шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны жұмысы. Емханада аз ғана уақыттың ішінде қалалықтарға қызмет көрсету сапасының жақсара түскендігін атап айтқан дұрыс.
Әсіресе, емханадағы күндізгі стационарлық емдеу бөлімшесінің жұмысы оң жолға қойылған. Медицина саласында 32 жыл еңбек өтілі бар, күндізгі стационарлық емдеу бөлімінде істейтін дәрігер-терапевт Ботагөз Айтбаеваның айтуына қарағанда, осы бөлімде 2012 жылы – 1050 адам, ал 2013 жылы 1236 науқас ем қабылдапты. Сырт көзбен қарағанда, биылғы 2014 жылдың бастапқы екі айында емделуге тілек білдірген емделушілердің саны күрт өскендігін байқадым. Себебі, бұрынғы жылдары өзім емделген үш палатада да қашан барсаң да, бос орындар болса, ал бүгін күніне орта есеппен алғанда 30-35 адамды емдеуден өткізсе де, ертерек бармасаң, орын босағанша күтуге тура келеді. Көктем түгіл, жазда күндізгі бөлімде емделуге кезекке жазылып жатқандар бар.
Осындай сұранысқа ие және елдің сенімі ұялай бастаған осы емхананың жұмысы онда істейтін мейірбикелердің көзге онша еленбейтін қарапайым қызметімен де бағаланғаны өте әділ сияқты. Аталған бөлімшеге қашан барсаң да, жалғыз өзі зыр жүгіріп, бәріне де үлгеретін икемді, ақ халатты мейірбике Тұяқ Төлебаевадай абзал жанды көресің. 1993 жылы Петропавл медициналық колледжін ойдағыдай тамамдағаннан бері төл мамандығын жетік меңгерген осы аяулы мейірбикенің елеусіз еңбегіне емделушілер дән риза. Медбикеге қан тамырларын дәл тауып, тәнді ауыртпай, ине салуға ерекше ептілік керек. Ондай икемділік екінің бірінің қолынан келе бермейтіні анық. Қолы жеңіл Тұяқ Қаймолдақызын емделушілері сүйсіне іш тартып, “Гуля” деп атап кеткен. Аталмыш бөлімде емделем деушілердің көпшілігі оның шипалы қолынан ем қабылдағанды қалайды. Елдің сүйіспеншілігі мен алғысынан асқан бата да, марапат та жоқ қой.
Тәжірибесіз жас медбикелер сасқалақтап, науқастың қан тамырын таба алмай, білек терісін қайта-қайта инемен піскілегенін көргенде Тұяқ Қаймолдақызы оларды алдымен сабырға шақырып, сосын ине салу тәсілін және басқа да емдеу шараларын тәптіштеп көрсетіп, үйретіп жатқанын көзіміз талай көрді. Тәжірибесін жас мамандарға дұрыс түсіндіріп, үйрете білу, яғни тәлімгерлік екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс екенін көпшілік жақсы біледі.
Сәулетті жаңа емхананың іші-сыртын нұрландырған жастарымызды кәсіпке үйретіп, дұрыс жолға салатын араларында тәжірибесі мол, әбден ысылған өз мамандықтарының майталман шеберлерінің бары қуантарлық. Жылдан-жылға жұмыстарын жандандырып келе жатқан осы емхана ұжымының жұмысына алғыс білдіргіміз келеді.