Дәрігер болу менің бала кезімнен аңсаған арманым еді. Өз қатарластарыммен қатар мектепті тамамдаған соң мамандық таңдау сәті келгенде бірден осы салаға бет бұрдым. Арнайы білім алып, қолыма диплом алғаннан кейін қалалық емханада учаскелік дәрігер-терапевт болып еңбек жолымды бастадым. Бүгінгі таңда сүйікті мамандығым бойынша еңбек етіп жүргеніме 30 жылдан асты. Менің кемел келешекке деген сенімім нық. Өйткені, мемлекетіміздің басты төлқұжаты болып саналатын Ата Заңымызда Қазақстан азаматының құқықтары қорғалған.
Тәуелсіздігімізді тұғырлы етіп, мемлекетіміздің дамуына, халқымыздың өсіп-өркендеуіне негіз қалап берген Конституцияның арқасында әркім қалаған медициналық мекемесін таңдап, сапалы тегін ем алуға құқылы. Әрбір сала бойынша жүзеге асқан осындай игілікті шаралардың барлығы Тұңғыш Президент – Елбасының сарабдал саясатының жемісі.
Әлия ТАШЕТОВА,
№3 қалалық емхананың
бас дәрігері.
