Кеше мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының орынбасары – Тәртіптік кеңестің төрағасы Әділбек Мұқашевтің төрағалығымен өткен жиында 6 тәртіптік іс қаралды. Бұл жолы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңнамасын бұрмалаушылыққа жол берген үш мемлекеттік қызметшіге өз лауазымдарына толық сай еместіктері жөнінде ескерту жариялау ұсынылды. Ал бір басшы қызметкерге Ар-намыс кодексі бойынша ескерту беру ұйғарылды. Өзге екі басшының ісін тәртіптік кеңесте талқылаумен шектелу қажет деген шешім қабылданды.
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Тәртіптік кеңестің өткен айдағы отырысында Петропавл қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысын мемлекеттік сатып алу кезінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңнамасына қайшы келетін әрекеттерге ұрынғандығы үшін қызметінен босату туралы ұсыныс қабылданған болатын. Бұл жолы аталмыш бөлім басшысының орынбасары, мемлекеттік сатып алу жөніндегі комиссияның мүшесі Сейілжан Тастеміровтің үстінен қозғалған тәртіптік іс қаралып, оған өз қызметіне толық сай еместігі жөнінде ескерту жариялаған жөн деп ұйғарылды.
Мамыр айындағы мәжілісте Петропавл қаласы құрылыс бөлімінің басшысына да мемлекеттік сатып алу заңнамасын бұрмалауға жол бергені үшін өз қызметіне толық сай еместігі туралы ескерту беру ұсынылған еді. Ол басқарған мемлекеттік сатып алу комиссиясының мүшесі болған сектор меңгерушісі Марат Мұқашев Тәртіптік кеңес мүшелері алдында өзінің кінәсі жоқтығын айтып ақталғанымен, қолданыстағы заңнамаға сәйкес оған да өз қызметіне толық сай еместігі жөнінде ескерту жарияламай болмайды деген ұсыныс көпшілік дауыспен қабылданды.
Осындай қатаң жаза беру ұсынылған тағы бір мемлекеттік қызметші – Ақжар ауданындағы Ақжарқын ауылдық округінің әкімі Мұрат Қалиев. Ол Ащыкөл ауылының кедір-бұдыр жолын жөндеуге қажетті қиыршықтасты қазып алу үшін сол елді мекенде орналасқан жауапкершілігі шектеулі серіктестікке жазбаша рұқсат берген болып шықты. Ал мұндай шешімді қолданыстағы заңнама бойынша облыстық әкімдік қана қабылдай алады екен. Осылайша заңды өрескел бұрмалаушылыққа барған ауыл әкімі өз қызметіне толық сай емес деп танылды.
Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Сергей Минин өз табысы туралы декларация толтыруда қателік жібергені үшін Ар-намыс кодексі бойынша ескерту алатын болды.
Ал Жамбыл ауданының Благовещенка ауылындағы облыстық наркологиялық орталықтың бас дәрігері Берік Ибраев мемлекеттік сатып алу жөніндегі электрондық конкурсты өткізуде заңнаманы бұзғаны үшін бұған дейін көлемді ақшалай айыппұл төлеп, тәртіптік жаза да алған екен. Соны ескерген Тәртіптік кеңес мүшелері оның үстінен қозғалған тәртіптік істі талқылаумен шектелу керек деген пікірді қуаттады. Сондай-ақ, облыс орталығындағы “Қарасай” көңіл көтеру орталығы” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Гюлага Илдырымовтың шағымы бойынша Петропавл қаласы әкімі аппаратының басшысы Тілеубай Есжановтың үстінен қозғалған тәртіптік істі де талқылаумен шектелу қажет деген ұсыныс бірауыздан қабылданды.
(Өз тілшіміз).