Өңіріміздің экономикалық әлеуетін дамытуға, елдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге сүт және сүт өнімдерін өндіретін кәсіпорындардың қосатын үлесі зор. Облыста бұл саланы қолға алып отырған бірнеше іргелі шаруашылық бар. Олардың өңір аумағын сүт өнімдерінің көптеген түрімен қамтамасыз етуге шамалары жетсе де, шетелдік тауар өндірушілер ішкі нарыққа үлкен бәсекелестік жасауда. Солтүстікқазақстандық кәсіпкерлер бүгінгі нарық қыспағын жеңу үшін өздерінің стратегиялық жоспарларын жасап, мақсатты істерін абыройлы атқару үстінде. Осы орайда жақында петропавлдық “Сүт Одағы” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болып, кәсіпорынның бүгінгі тынысын біліп қайтқан едік.
“Сүт Одағы” ЖШС 1928 жылы сарымай мен сыр өндіретін кәсіпорын ретінде құрылған. Содан бері өндіріс үздіксіз жұмыс істеп келеді. Оның бүгінгі мақсаты – отандық және шетелдік әріптестерімен иық тірестіре алатын кәсіпорындар қатарынан көріну. Серіктестік 2010 жылдан бері ISO-9001-2009 сапа менеджменті жүйесінің талаптарына сай жұмыс істейді. Жаңғырту жұмыстарын қолға алған зауыттың өндіріс алаңына жылда бір жаңалық енгізіледі десек, асыра айтқандық емес. Мәселен, былтыр қазандық цехын толық автоматтандырып, жылыту жүйесін газға ауыстырса, биыл су жеткізетін құбырларды жаңартып, оған заманауи құрылғылар қоймақ. Әкімшілік алдағы жылы қатты ірімшік жасайтын үлкен желіні іске қосамыз деп отыр. Мұның барлығы – ішкі нарықты ғана емес, сыртқы сауда-саттықтағы бәсекелестікті жеңу үшін жасалып жатқан әрекеттер.
– Соңғы жылдары ресейлік, украиндық, беларусьтік сүт өнімдері өңір нарығын жаулап алды. Ал Ресейдің ұлттық валютасының құнсыздануы біздің саудаға әжептәуір кері әсерін тигізді. Рубльдің теңгемен теңгерімі 2,8-2,9 болып тұрған кезде біздің саудамыз жүрмей қалды. Бүгінде бағам көтерілген сайын, тынысымыз кеңейе түскендей. Біз өндіретін сүт, ірімшік, қаймақ өнімдері сатылмай қалады деген қорқыныш жоқ. Ал сарымай мен қатты сыр жайында мәселе өзекті. Өйткені, Украинадан әкелініп жатқан сарымай мен қатты сырдың нарықтағы көтерме бағасы біздікіне қарағанда арзан. Украиндық немесе беларусьтік кәсіпкерлер мемлекеттен демеуқаржы алып, бағаны тиімді етіп отыр. Ал біздің олар қойған бағаға теңесуге немесе төмендетуге мүмкіндігіміз жоқ. Олардың сыртқы қаптамасында мемлекеттік стандарттарға сай белгілері бар тауарларының сапасы туралы ой айтудан аулақпын, бірақ біздің тауарлардың құрамы таза шикізаттан тұратынына сендіре аламын. Тауарларымыздың қалыптасқан тұтынушысы бар, десек те, сатып алушылар қашанда арзанға жүгінетінін білеміз. Өңіріміздің ішкі нарығында қатты сырдың түр-түрі бар және олардың барлығы сырттан әкелінген. Еліміз ауыл шаруашылығын дамытуға айрықша назар аударып отырған кезде аграршылардың шикізатын іске асырмау жөнсіздік деп білемін, – дейді кәсіпорын директорының коммерциялық мәселелер жөніндегі орынбасары Людмила Лапицская.
Кәсіпорын Солтүстік Қазақстан облысымен көршілес өңірлерге де өз өнімдерін шығарады. Жақында серіктестік Астанада өңірлік өкілдігін ашып, үлкен қаланың нарығын өз тауарымен толтырмақ. Сондай-ақ, оның мақсатты жоспарларының бірі – сәбилер мен жеткіншектерге арналған тағамдар шығару. Осы өнімді шығарып жатқан Омбы сүт зауытымен келісім жасаған кәсіпорын жыл соңына дейін балаларға арналған өнім түрлерінің нарықтағы сұранысын бақылап, жүйені қалыптастыру үшін сараптама жұмыстарын жүргізуде. Олар әзірге облыс орталығындағы дүңгіршектерге омбылық тауарларды қойып, тұтынушылар легін байқаған соң қазақстандық атаумен өз өнімдерін шығаруды қолға алмақ. Сол үшін де осы жылдың ақпан айында жергілікті дәрігерлер мен билік өкілдерінің басын қосып, ресейлік өнімнің сапасы мен қажеттілігі туралы “дөңгелек үстел” ұйымдастырып, қоғамның пікірін тыңдады. Омбылықтар бұл бастаманы қолға алған кезде өнімнің 70 пайызы мемлекеттік тапсырыс бойынша жасалған, сол қолдаудың нәтижесінде зауыт еңсесін көтеріп, тұтынушыларын қалыптастырып алған. Сүт және сүт өнімдерін тұтыну денсаулықты нығайтып, өмірді ұзартады. Қышқыл сүт өнімдерінде жүрек қан тамырлары, жүйке жүйесі ауруларына қажетті ақуыз бен кальций бар және бифидобактериялық ауру тудыратын, иістенгіш, ағзаны улайтын микроағзаларды өлтіреді. Осы медициналық тұжырымның барлығы балаларға арналған тағамда бар. Ендеше аталмыш кәсіпорынның ұлт денсаулығы үшін қолға алғалы отырған жобасына мемлекеттік қолдау болса, құба-құп.
Директордың өндіріс жөніндегі орынбасары Максим Кузлякиннің айтуынша, сүт жинау үлкен қиындықпен жүргізілуде. Олар кәсіпорынды шикізатпен қамтамасыз ету үшін көптеген аудандарда сүт қабылдау қосындарын ашқан. Биыл Есіл ауданының Николаевка елді мекенінде жаңа қосын іске қосылыпты. Әңгіменің осы тұсында ол ауыл аймақтарға қатынайтын жолдардың тозғандығы кәсіпорынның жұмысына кері әсер етіп отырғанын да сөз етті. Әсіресе, күз бен көктем айларында жауын-шашын көп болса, аудандарға қатынау қиындай түседі. Мәселен, Мағжан Жұмабаев ауданының біраз ауылдары ірі қараны көп ұстап, оның сүтін сатуға дайын. Бірақ облыс орталығымен қатынас жолының сапасы төмен болғандықтан, ол жаққа тұрақты бағыт орнатудың жолын таба алмай отыр.
Аталмыш кәсіпорын жаз айларында сарымай мен қатты ірімшіктің түр-түрін жасап алуға тырысады. Сондықтан биыл сыр өндіретін жаңа өндіріс орнын ашпақ ойлары да бар. Олар моцарелла, чичело сияқты сырдың танымал түрлерін жасауды қолға алмақ. Биыл Италиядан құрал-жабдықтар алып, орнатып, келесі жылдың басында өндірісті іске қосу жоспарланып отыр.
Мұндағы түрлі майлылықтағы сүттер табиғи шикізаттардан жасалады, ал қышқыл сүт өнімдеріне құрғақ сүтті қолданған орынды. Оның себебі түсіндірілгенде, солтүстік өңірде малды жазғы жайылымға шығару мерзімі қысқа болғандықтан, сауылған сүттегі ақуыз мөлшері төмен болатыны сөз етілді. Ақуыздың орташа мөлшері 2,8-2,9 пайыз ғана, ал жазда ол 3,1 пайызға дейін ғана көтеріледі екен. Ал қышқыл сүт өнімдерін дайындаған кезде шикізат құрамында ақуыздың көп болуы маңызды.
Өңірімізге бірнеше мың тонналап енгізіліп жатқан шетелдік қатты сырдың түрлері мен сарымайға сұраныс жаман емес. Осыны ескерген кәсіпорында бұл тауар түріне назар аударылып отыр. Тек оған баға оңтайланса, істің бағыты дұрысталатындай. Қатты сырдың бағасын арзандату үшін сатып алынатын сүттің бағасы төмен болуы керек. Максим Кузлякин бұл мәселе төңірегінде малмен күнін көріп, сүт өткізіп, тиын-тебен тауып отырған ауыл тұрғындарын сүттің бағасын түсіріп, ренжіткісі келмейтінін жеткізді.
Кез келген кәсіпкерлік үшін басты ұстаным – заман талабына сай даму және жоғары нәтиже. Сондықтан аталмыш кәсіпорын басшылары да өздерінің стратегиялық жоспарындағы ұтымды бағыттар заманауи құрал-жабдықтармен жарақтану және тың бастамаларды өндіріске енгізу болып отыр.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.