«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨЗ ӨНІМІМІЗ ӨТІМСІЗ БЕ?

Қазір кез келген сауда орнына бара қалсаңыз алыс-жақын шетелдерден әкелінген тауарлардан көз сүрінеді. Самсап тұр. Шекесінен шертіп жүріп, таңдап ала бер. Бірақ ұлттық намысы бар адам алдымен “Қазақстанда жасалған” деген жазуы бар отандық өнімдерді іздері даусыз. Өйткені, экологиялық таза, адам ағзасына зиянды қоспаларсыз дайындалатын жергілікті азық-түлік тағамдары сапасымен қоса табиғи дәмділігімен де тіл үйіреді. Қоғам сұраныстарына ие болып, тегеурінді бәсекелестікке төтеп берудің бір сыры осында жатса керек. Алайда, бес саусақтың бірдей еместігі секілді, әсіресе, әлеуметтік жағынан әлсіз қорғалған жандар, көпбалалы отбасылар сапасын қанша ұнатып тұрса да, қалтасы көтере бермейтіндіктен, бірінші кезекте, қолжетімділігіне, яғни бағасына қарайлары сөзсіз. Бірақ денсаулығын ойлайтын азамат, Қазақстанның экономикалық қауіпсіздігін ойлайтын бизнес өкілі түпкі нәтиже – сапа көрсеткіштерін басты орынға қояды, ел экономикасының серпінді дамуына ықпал ететін факторларды да айналып өте алмайды. Солардың бірі – импорт пен экспорттың тепе-теңдігін сақтау, қамтамасыз ету.

Бұл орайда отандық тауар өндірушілерді қолдаудың маңызы зор. Елімізде экспорттық әлеуетті жаңғыртуға үлкен көңіл бөлініп отыр. Шикізаттық емес экспорттың көрсеткішін 2025 жылға таман екі есеге дейін ұлғайту міндеті тұр. Десек те, әзірге ет, сүт өнімдері, басқа да азық-түлік тағамдары импортының азаятын түрі байқалмайды. Өңдеуші кәсіпорындар қуаттылығының жетімсіздігінен жыл сайын шамамен 6 мың тонна сарымай, 22 мың тонна ірімшік пен сүзбе, 6 мың тоннадан астам қалбырдағы бұқтырылған ет жеткізіледі. Құс етінің импорты 51 пайыздан асады.
Облыста 2018 жылы сыртқы сауда айналымы 600 миллион долларды құрап, экспорт 160 миллион доллар болған. Оның 85 пайызы – азық-түлік өнімдері. Ал соңғы үш жылда сыртқы сауда-саттық айналымы13 пайызға, экспорт көлемі 1,3 есеге өскен. Былтыр экспорт 15,4 пайызға артып, импорттың үлесі бір пайызға кеміген. Бірақ қуануға әлі ерте. Өткен жылы 56,4 мың тонна ет өндіріліп, 15 пайызы ғана өңделген. Осындай шұжық өнімдері – 1,2 мың, қалбырдағы бұқтырылған ет 34 тонна ғана. 11 ет өңдейтін кәсіпорын бар болғаны 42 пайыз қуатында жұмыс істеген. Ет өндірісіне мемлекет тарапынан қаржылық қолдау жүйелі көрсетілетініне қарамастан қарқын күткендегіден баяу. Алдымен, Кеден одағы елдерінен арзан тауарлардың ағылып, тығырыққа тіреп қойғаны алаңдатады. Екіншіден, Ресейдің шекаралық аумақтарына “Платон” бағдарламасының орнатылып, тексеріс талаптарының шектен тыс қатаңдығынан отандық өнім тасымалы күрт кеміп кеткен. Бұған дейін шекарадан еш кедергісіз өткізіп жүрген “Казмяспродукт” ЖШС-і өзара әріптестік байланысты амалсыз тоқтатуға мәжбүр болған. Мұндай қиындыққа Қызылжар өңірінің бренді саналатын “Зенченко және К” коммандиттік серіктестігі де кезіккен. Оның үстіне “Россельтехнадзордың” “Магнит” супермаркет желілеріне Қазақстанның тауарларын қабылдамау жөнінде бұйрық бергені мүлдем түсініксіз. Міне, осындай түрлі түйткілдердің, бюрократтық бөгесіндердің орын алуынан 2019 жылы импорт көлемі экспортқа қарағанда 197 мың долларға артып кеткен.
Ет өндірісі мал шаруашылығының маңызды буыны екенін жете ескерген облыс басшылығының жан-жақты ойластырылған бағдарламалар негізінде ет кластерін құрудың алғашқы қадамына көшуі құптарлық. “EMC AGRO” ЖШС-і 5 миллиард теңге инвестиция құйып, іске қосқан комбинат Орталық Азияда ірі жобалардың бірі десе де болады. Неміс технологиясы негізінде салынған кешен жылына 5 мың тонна етті қалдықсыз өңдеп, 3 мың тонна дайын өнім шығарады. Келешекте де ғылыми-техникалық жаңалықтарға, озық технологияларға, инвестициялық қаржыландыруға, инновациялық қолдауларға сүйене отырып, шетелдік субъектілер арасында бәсекелестік тудыру, сапаны ұдайы жетілдіру, өнім сұранысын арттыру басты бағдар ретінде қала бермек.
Отандық сүт өндірісінде де бірқатар проблемалардың қордаланып қалғанын аңғару қиын емес. Сүт өңдейтін кәсіпорындардың жүктемесі талаптағыдан көп төмен. Өнім қабылдау бекеттері, сүт суытатын, тасымалдайтын қуатты техникалар жетіспейді. Қыс айларында шикізат тапшылығы қатты сезіледі. Жеке қосалқы шаруашылықтар мен үй аулаларының мүмкіндіктері жете ескеріле бермейді. Ірі сауда нүктелерімен тіке байланыс нашар орнатылғандықтан, көп жағдайда делдалдардың асығы алшысынан түсіп жатады. Бұл бағытта облыста бірқыдыру шаруалардың басы қайырылғанын айта кеткен жөн. Бүгінде заманауи құрал-жабдықтар орнатылған 17 сүт фермасы жұмыс істейді. Биыл 5 мың сиырға лайықталған 10 ферма құрылады. Сөйтіп, сүт өнімі жылына 20 мың тоннаға дейін молаяды. Кәсіпкерлер су бағасы тарифінің көтерілуінен де айтарлықтай зиян шегіп отыр. Бірқатар тауар өндірушілер жұмыс көлемін қысқартуға, уақытша кідіртуге мәжбүр. Басты бәсекелес Ресейдің отандық өнімдерді ығыстыруына қарсы пәрменді шаралар қолданылмаса, өз жеріңде өзгеге кіріптар болу жалпы сипат алып кетуі, жұмыссыздар санының көбеюіне соқтыруы мүмкін деген күдік басым.
Бұл тақырыпқа қалам тартуымызға петропавлдық кәсіпкерлердің өңір басшысы Құмар Ақсақаловқа шағымдануы себеп болды. Шұжық өндірушілер соңғы уақытта шетелді қойып өзіміздегі ірі сауда маркеттеріне өнімдерін өткізе алмай, әбден әуре-сарсаңға түскендеріне ренжулі. Оны “Казмяспродукт” ЖШС-і директорының орынбасары Татьяна Куликовамен сөйлескенімізде растады. Кей сауда желілерінің басшылары экологиялық таза өнімдерді сөрелерге жайнатып қоюдың орнына, өзгенің қаңсығына бүйрегі бұрып тұруының астарында қандай сыр жатқанын Құмар Іргебайұлының тапсырмасымен құрылған арнайы комиссия анықтап берер деген үміттеміз. Біз өз тарапымыздан бірнеше сауда үйлеріне бас сұғып, дабыл қағарлық ахуалды зерделеп көруге тырысқан едік. Алғашқы ат басын тірегеніміз Назарбаев көшесі бойында орналасқан “Семейный” гипермаркеті болды. Мұнда тек Аққайың ауданында орналасқан “Ростан” кәсіпорнының ғана ірімшік сүзбесін кездестірдік. Қалғандары – шеттің өнімдері. Сатушы Елена Пилипенконың айтуынша, “Казмяспродукт”, “Леонтьев”, “Мадалиев” кәсіпорындары мен Омбы шұжықтары сұранысқа ие. Жергілікті ет өнімдерінің үлесі тым аз екенін ол мойындағанмен, шетелдіктер көтерме сауда бойынша жұмыс істейді деген пікірі иландырмайды. Мәселен, “Фрегат”, “Леонтьев”, тағы басқа серіктестіктердің өнім көлемі еш кем емес. “Домашний” шағын маркетінің менеджері Венера Мурзасалыкованың сөзіне қарағанда, сөрелерде сирек кездесетін “Казмяспродукт” ЖШС-нің өнімдері өтімді.
Иә, жергілікті нарықтан өз орнын ойып тұрып алған солтүстікқазақстандық бизнес өкілдерінің шырпыр болуы негізсіз емес. Ет өнімдерін көптен бері ұқсатумен шұғылданып келе жатқан оларға экспорттың қысқаруы, импорттың ұлғаюы ауыр соққы болып тиген тәрізді. Қазақстанға, оның ішінде Қызылжар өңіріне ресейлік, беларустік, украиналық ет, сүт өнімдерінің толассыз ағылуы – соның бір дәлелі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі” Жолдауында: “Елімізде кәсіпкерлікті дамытудың үлгі боларлық мысалдары жеткілікті. Біз шағын кәсіпкерлікті бүкіл қоғам болып қолдауымыз керек”, – деген болатын. Олай болса, көптен бері айтылып келе жатқан шетін мәселеге қатысты нақты шешім тауып, нүкте қоятын мезгіл жеткенін баса айтқымыз келеді.


Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltústik Qazaqstan”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp