Елімізде жыл сайын ақпанның 24-і мен наурыздың 24-і аралығында туберкулезге қарсы күрес айлығы ұйымдастырылады. Оның мақсаты – тұрғындарды өкпе сырқаты жайлы ақпараттандыру және сырқаттың алдын алу. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша әлемде жыл сайын шамамен 9 миллионға жуық адам жұқпалы ауру түріне шалдығып, соның 2 миллионы осы аурудан көз жұмады екен.
Қатты сөйлеу, түшкіру, әсіресе, жөтелу кезінде ауыздан сілекейдің ұсақ, көзге көрінбейтін тамшылары ұшады. Сау адам сол ауамен тыныс ала отырып, туберкулезге шалдығуы мүмкін. Тазалықты сақтамайтын науқастың жерге немесе еденге түкірген қақырығы кепкеннен кейін ауаға таралып, заттарға, киімдерге және қабырғаларға қонады, микробтары бар шаң-тозаң ауамен бірге өкпеге барады.
Тұрғындар туберкулез белгілері пайда болған жағдайда бірден емханаға қаралулары қажет. Өкпе ауруын анықтау мақсатында емханаларда флюорографиялық тексерулер жүргізіледі. Әсіресе, туберкулезге шалдығу қаупі жоғары болып саналатын адамдар осындай тексеріс түрінен өткізіледі.
Туберкулез анықталған жағдайда науқас арнайы мамандандырылған туберкулезге қарсы диспансерде есепке алынып, емделеді. Емдеу мерзімі 6 айдан екі жылға дейін созылады, ол туберкулездің түріне, науқастың өзіне және де оның ағзасының қорғаушы күштеріне байланысты болып келеді.
“Ден қойғанға ем қонады” дегендей, туберкулезден құлан-таза айығу – науқастың өз қолында. Толық емдеу курсын қабылдағаннан кейін де науқас диспансерлік бақылауда болып, уақтылы тексеруден өтіп отыруы қажет. Науқастарға туберкулез дертінен толығымен сауыққанға дейін мемлекет тарапынан бірқатар жағдай жасалып отыр. Емдеудің толық курсы тегін жүргізіледі.
Біздің елімізде туберкулезге қарсы жаппай егу перзентханаларда дүниеге келген сау нәрестелерге жүргізіледі. Одан кейін туберкулезге қайта егу жұмыстары 6-7 жастағы балаларға жасалады, алдын ала манту сынамасы жасалып, іріктелгеннен кейін, яғни туберкулез жұқпасы анықталмаған жағдайда жүргізіледі. Балалар арасында туберкулезді дер кезінде анықтау үшін және инфекцияның жұғу дәрежесінің қандай жағдайда екенін білу мақсатында туберкулин сынамасы және диаскентест әдісі қолданылады. Туберкулин сынамасы тек қауіпті топтағы балаларға ғана жасалады. Туберкулезге шалдыққан науқас пен оның маңайындағы адамдар тазалық ережелерін сақтаулары шарт, бөлмені жиі-жиі желдетіп, ауа алмастырып, қолданатын ыдыс-аяғы, орамал-сүлгілері бөлек болу керек. Көрпе-жастығын, жүннен жасалған заттарын далаға шығарып, жел қақтырып, күн көзіне жайып алған жөн.
Кенжегүл ӘРІПОВА,
облыстық туберкулезге қарсы диспансердің фтизиатр дәрігері.