Өзектегі өкініш пе, өтініш пе білмедім?
Үміт отын келмейді бірақ үрлегім,
Қалт-қалт етіп әлсіз жарық тұр әлі,
Жанарын да, білмеймін ғой сөнерін.
Сағыныштың табы да ыстық қандай,
Деміне жүрек сорлы тұншыққандай,
Дуалап басымды сен кеттің бе екен,
Не көрінді сонша ынтыққандай.
Көрінбеші өзің де, елесің де,
Ұмытқым келді сені сенесің бе,
Бірақ, бірақ өзіңе алып ұшқан,
Ақ сезімім сақталған тек есімде.
Таңғы алтыда оятшы, Қызыр бабам,
Қайыра сап көрпемді бір жыр жазам,
Таң нұрымен жырымды бірге төкпей,
Көптен бері кетіп жүр менің мазам.
Ұялшақ та, өрлеу едім аздаған
Бұл өкініш сондықтан ба аз маған,
Тағдыр бізге бір болуды жазбаған
Дұрыс шығар өткенді қайта қазбаған.
Тамшы болып жерге жасым тамбаса,
Жалын болып жас жүрегім жанбаса,
Жыр жазар ем ағыл-тегіл көсіліп,
Ойға бөгіп отырмас ем тесіліп.