«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨКІНІШ

Шұғыла бүгін жұмыстан көңілсіз оралды. Ол таңертең ғана еңбекақымды алсам, баламды саябаққа апарам, біраз ойнатып, бойымызды сергітеміз деп қуанып жүр еді. Енді, міне, бұл арманы да қол жеткізбес құс боп көкке ұшып кеткендей. Алған ақшасы беретін қарызынан да артылмады.

Үйдің қасында тұрған дүкенге соғып, нан, шай, сүт сатып алған Шұғыланың ақшасы жан дегенде жалғызы – Тұяққа бір уыс кәмпит қана алуға жетті. Дүкен ішіндегі сөрелерде самсап тұрған түрлі ойыншықтарға қарап, бір сәт олардың барлығымен Тұяқтың ойнап отырғанын елестетті көз алдына. “Шіркін, осының барлығын сатып алсам ғой, балам қандай қуанар еді” деп ойлады көңілі пәс ана. Иә, айлығы сүт пен наннан да артылмай жүргенде қайдағы сыйлық? Жұрт көшіп жатыр деп жылы орыннан қозғалып, қалаға келген. Оған да үш жылдың жүзі болып қалды. Ауылда екі қолға бір жұмыс таба алмай қиналса, орталықта істеймін деген ниетің болса, еңбектеніп жүріп, азын-аулақ қаражат жинауға болады екен. Бірақ бір кісінің табысы қай жыртығыңды жамасын: басқа тартсаң – аяққа, аяққа тартсаң басқа жетпей, діңкелетіп тұр. Қолындағы қалтыраған кәрі атасы, күйеуі, баласы бәрі бір ғана Шұғылаға қарап отыр. Асарын асап, жасарын жасаған қарияны қойшы, тепсе темір үзер қып-қызыл жігіттің селтеңдеп бос жүргеніне қаны қайнайды. Оны түсініп жатқан Жомарт жоқ. “Балықшы балықшыны алыстан таниды” дегендей, көрші үйлерде тұратын өзі сияқты жұмыссыздардың басын біріктіріп, ертеден кешке дейін әңгіме құрып, реті келсе, ащы сумен көңілдерін көтеруді әдетке айналдырған. Оның сөзін бәрі тыңдайды және айтқанынан шықпайды. Өйткені, көбіне ортақ іске ақша салатын, я болмаса оны тауып әкелетін “мықтылардың” бірі – осы Жомарт.  

Бүгін де олар күндегідей бір уақытта “жұмыс” басына жиналып, алдағы күнге жоспар жасай бастады. Қалталарында көк тиыны болмаса да, жолдың арғы бетінде тұрған дүкенге үмітпен қарап қояды. Ондағы ойлары – әдемі шөлмектердің бір-екеуін алып, шөл басу. Маңайдың бәріне қарыз. Сондықтан басқа жол іздеп, аш қасқырдай жалақтап тұрғанда, дүкеннен сөмкесін сүйретіп Шұғыла шыға келді. Келіншегін көргенде Жомарттың көзі жайнап кетті. “Бар, ол саған ақша береді, бүгін еңбекақысын алды ғой”, – деген бөтелкелес достары да оңай олжадан құр қалмау үшін оны жан-жағынан қолпаштап жатты. “Әрине, береді, бермесе, көкесін көзіне танытамын”, – деп мықтымсынған “батыр” әп-сәтте әйелінің қасына жетіп барды. Күйеуінің сырын жақсы білетін Шұғыла қолындағы сөмкесін кеудесіне қыса түскен. Оған қарайтын Жомарт па, сөмкесін жұлып алып, ішіндегі қара әмиянын қалтасына салды да, кете барды. “Ертең нан алатын ақша жоқ, енді қалай күн көреміз”, – деп шырылдаған Шұғыланың дауысын көшедегі жұрттың бәрі естіді. Тек Жомарт қана құлағына ілмеді. Шарасыздан еңіреп жылап жіберген Шұғыланың түріне бір қарады да, мысқылдап күліп, өз жөнімен кете барды.

Жоқ жерде қалтасындағы барынан қағылған байғұс ана үйіне қалай жеткенін де байқамай қалды. Енді баласын саябаққа апармақ түгілі, баспанаға төлейтін ақшасы да қалмады. Осының бәрін ойлаған кезде құздың басына шығып, құлап кеткісі келді. Төртқабатты үйдің қасына жеткенімен, бірден ішке кірген жоқ. Көңілі алай-дүлей. Айналаға көз тастап еді, қара жерді қызыл, сары түсті жапырақтардың жауып тастағанын байқады. Жолдың бойы құдды бір түрлі түсті кілем сияқты. Орындық үстіне түскен бірен-саран жапырақты қолымен сырып тастап, салқын тақтайға отыра кетті.

Аула іші жым-жырт. Күн сәулесі жарқырап тұрғанымен, кәдімгідей ызғар бар. Күз ғой. Салқын жел оны тез сергітті. Аяққа киген етігі де, үстіндегі “қалың” деп өзін алдаған күртесі де күзгі ауа райының қысымына шыдай алмады. “Үйге бармасам болмайды екен, күз дегенің көктем емес” деген оймен Шұғыла орындықтан тұра бергенде анадай жерде өсіп тұрған кәрі қарағай түбінен опырылып құлап түсті. Шұғыла сұлай жатқан ағашқа жақындап, оның морт сынған жеріне қарады. Әбден шіріген қарағайдың тамырынан түк те қалмапты.

Сәлден соң айналаны бұлт торлап, күзгі жауын басталып кетті. Жағалай аққан жаңбыр суы қарағай бұталарының үстімен сорғалап, төмен қарай домалай жөнелді. Мөп-мөлдір тамшылар қарағайдың көз жасы сияқты моншақтай үзіліп түсіп, қара жердің қойнауына еніп жатты.

Үсті-басы малмандай су болса да, осы көрініске таңырқап, біраз тұрып қалған Шұғыла сәлден соң үйге кірді. Алдынан жүгіріп шыға келген баласына кәмпит беріп, алдап, арқасынан қақты. Келінінің кешіккеніне алаңдаған атасы да оны көріп қуанып кетті.

– Күн болса жауып кетті, әлгі Жомарт қайда жүр екен, ә? – деді баласын іздеген әке.

– Білмеймін, көзіме түспеді, – деген Шұғыла асүйге қарай бет алды.

Үй ішіндегілер түскі асқа отыра бергенде сыртқы есік сарт етіп ашылды. Жаңа ғана шайын іше бастаған Шұғыланың қорқып кеткені соншалық, қолындағы кесесінің қалай сырғып түскенін де байқамай қалды.

– Бармысыңдар өзі, қайда кеткенсіңдер? – деген көршінің ызалы дауысын естігенде келіні де, атасы да, тіпті, үйдің кенжесі де ауыз үйге жүгіріп шықты.

– Үйге неге кіргізіп алмайсыңдар, осылай жата бере ме, – деді ол отты көздерімен жерде жатқан Жомартты көрсетіп. Жолдың қақ ортасында құдды бір мамық төсекте жатқандай қатты ұйқыға берілген мас баласын көргенде әке байғұстың жүрегін әлдебіреу пышақпен осып-осып жібергендей болды. Біреуі бас жағынан, екіншісі аяғынан көтеріп алған олар Жомартты бөлмесіне апарып, кереуетке жатқызды. Бар өмірінің қызығын шөлмектің түбінен іздеген бейбақтың мына сорлы күйіне күйінген атасы мен келіні өз бөлмелеріне тарасты. Шұғыла асүйге кіре бергенде арғы жақ бөлмеден гүрс еткен дауыс естілді. Жүгіріп барса, жаңа ғана төсекке жатқызған Жомарт жерге құлап түсіпті. Ащы суға сылқия тойып алып, суық сәкіде жатқан жұбайын көргенде Шұғыланың көз алдына құлап жатқан қарағай елестеді. Өзіне бір адамның қарап тұрғанын сезді ме, әйтеуір, тырмалап көзін ашқан Жомарт еңбектеп барып, кереуетке жығыла кетті. Күйеуінің мынадай мүсәпір кейпін көрген Шұғыла: “Адам түгілі, ағаш та тамырын жайып, айналасына бір пайда келтіру үшін өседі. Шіркін-ай, қара жердің қойнауымен жасырынып келіп, алып ағашты жұта салған “аяусыз айдаһарлар” болмағанда кәрі қарағай әлі де талай рет күн шуағына қуанып, жасыл жапырақ жаяр ма еді, кім білсін? Ал сен, сен болсаң, адам емессің бе? Сол құрғыр арағыңды қоймасаң, ішімдік ішіңді жайлап, бауырыңды езіп, бір күні сені де құрытады ғой. Осындай азамат басыңмен бір шөлмекке тәуелді болғаның не? Тым құрығанда сол қарағайдай аз болса да мәнді өмір кешпейсің бе?..” деп айтқысы-ақ келді. Бірақ үндемеген күйі бөлмеден шығып кетті. Өйткені, оны тыңдап жатқан Жомарт жоқ …

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp