Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 20 ақпан күні таңғы сағат жетілер шамасында қаланың көңіл көтеретін орындарының бірінде мас күйдегі екі тұрғын төбелесіп қалған. Жақын маңда кезекшілікте жүрген полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін оқиға орнына жетті.
«Шу шығарғандардың біреуінің қолына кісен салды. Екіншісі ашу үстінде тамағына пышақ тақап, өзін-өзі өлтіретінін айтып қорқыта бастаған. Оқиға орнына дереу қосымша күштер жіберілді, сондай-ақ Петропавл қалалық полиция басқармасының бастығы Марат Жұмалиев та келді. «Әртүрлі қиын жағдайларда жылдам әрі тиімді шешім қабылдай білетін тәжірибелі офицер жанжалқоймен келіссөз жүргізе бастады. Абырой болғанда, қала тұрғыны пышағын жерге тастады. Кейін полицейлердің талабымен қызметтік көлікке отырды», – делінген облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Қазіргі уақытта ұсталған ер адамдардың екеуі де полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбағаны үшін бес тәулікке қамауға алынып, әкімшілік жазаларын өтеп жатыр.
Әсет ҚАНАФИН.