«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨЛЕҢДЕРІМЕ ҚОЛ СОҒЫҢДАР, ӨРНЕГІМДЕГІ ҚАЙЫҢДАР!..

Дірдектеткен дәурен-ай…

 

Дірдектеумен
өтіп жатқан өмір-ай!
Қысың неткен ұзақ еді,
Тәңір-ай!
Қызылжарды
тундраға теңер ем,
тоның түспес –
туғанынша мамыр ай.
Қарашадан басталатын
қысымыз
қарашаны қалтыратар
небір ай.

Қыстан шығып,

Екі ай жазға жеткенде
сонда ғана –
жұрттың табар жаны жай.
Қыс киімін
күзде киіп аламыз:
қыркүйекте
жел соғады аңырай.
Қараөзек шақ
көктем-дағы ызғарлы:
қозы-лақтай бүрсеңдейміз
жамырай…
Дала түгіл,
үйде пима киетін
қаламызда
мендейлердің көбін-ай!…
Қала өмірі –
автобусқа жүгіру,
ол бір пәле –
түйедейін қомы май.
Отыратын орындығы
жұмсақ-ақ,
Ойпырмай,
тек көп тосасың тоңып-ай…
Содан кейін
кеңседесің күнұзақ,
кешке дейін
аяғың бір жылымай…
Тоңып-жаурап
жұмыстан да қайтасың,
“Тәулік өтті. Тәубе!” – дейсің,
көңіл бай.
Жылынатын жалғыз жерің –
көрпе асты,
құшағына қысса жарың
жадырай…
Аязды емес,
отын-шөпты ойлайтын
ауылдар ше?
Үйлері, әттең, қоңыржай.
Мойынына
бөкебай да салмайтын
мықтысын-ай жандарының,
момыны-ай!..
Еске түссе
үсігенім жолында,
ойлап қоям:
“Түртті түлен мені қай?”
Жіліншіктің майы
қата жаздады,
тар шалбар мен туфли киген
сорым-ай…
Сырқырайды
майдангердей сүйегім,
содан пайда болған бұл
бір обыр-ай…
Бертінде де
қыста көлік сынатын,
мұны жүрдік
жамандыққа жорымай.
Енді үйде
зелеткесіз жүрмейміз,
шаншуыңнан қағас қылшы,
О, Құдай!
Дірдектеумен
өтіп жатқан өмір-ай!…

15 желтоқсан, 2014.

 

Етікші

Ұстарасын
белбеуіне жаныған
Былғарысын қылтитатын
қынынан,
тарамысын ширататын
отырып,
түрі әрең көрінетін –
шаңынан;
қолдан түспей –
басы қайқы балғасы,
өзі –
соның сабындай боп арыған
күндер –
қазір түсіне де кірмейді,
айырылды –
бұл баяғы “бағынан”:
біздің өзін
анда-санда ұстатқан
заман –
қалай күркеде тез дамыған?!
Қолмен емес,
станокпен сомдайды, –
шеберлікті –
туабітті дарыған.
Кім болса да:
бай ма әлде кедей ме,
апарады –
етіктерін бәрі оған.
Аяғынан
ешкім жүдемесе де,
Соларға арнап айтқан емес –
халық ән.
Ал халықтың хал-жағдайын
ол біледі, –
тұрмысыңды
табаныңнан таныған!

17 желтоқсан, 2014.

Арба

Көңілде өшпес көрініс:
Жаз.
Ат.
Арба.
Қай үйдің де алдында –
қазақы арба.
Ауылыңа кез келген
жеткізеді –
атың менен арбадай
ғажап барда!
Божыны ұстап
ішегіндей домбыраның
бұл қазағым
шыққан жоқ аз сапарға.
Желік берер көңілге
көлік осы,
қиялың да,
ойың да азат, арда.
Ізін басқан
Артқысы – алдыңғының,
төрт доңғалақ түсірер –
таза таңба.
Арба жолы –
ендіктер, бойлықтардай
жолаушының бағытын
созады алға.
Рас, үйіңнен шыққан соң
қырық қадам,
мүсәпірді тосады
азап та алда.
Тұрмайды арба
бір күн де қаңтарулы,
тіршілікте күйбең көп:
маза бар ма?!
Атты жегіп,
андыздай жөнелесің,
дәл сол күні
иленіп саз жатар ма?!
Үйеме ғып
үстіне шөп тиейсің,
жетемін деп
көршілес озаттарға.
Одан кейін
отынға кіріс дереу,
қыста тоңып,
басқаға мазақ болма!
Я мұрындық,
я жетек сынып жатад,
жанталасқан пендеге
Жаза бар ма?!
Доңғалақты майлауды ғана
білер
иесімен бірге,
иә, тозады арба…

Арымызды төкпей келеміз

Нұрсайынға

Бұлаңдап мінген жыр атын,
Баспада жүрген бір ақын:
“Кейінгілерден кім бар, – деді,
Кең өңірімізде тұратын?
Жиырма бес жастан аспаған
Жас бар ма өрге бастаған?”
Кілең солардың жырлары
Кітап боп шықпақ баспадан,
Қане, кім шығад алдан тез?
Қайтемін айтып жалған сөз?
Өзімді қоса алмадым –
Отызға таяп қалған кез.
Сондықтан тарттым ауылға,
(Сөз емес жауын, дауыл да!)
Табыла кетті Нұрсайын,
Тәлімгер екен қауымға.
Жайсаң бір жігіт тасбекем,
Жиырма алты жаста екен.
Бесіктей тұрды тербетіп,
Бостандық атты хас мекен.
Ақын да екен Нұрсайын –
Аралатты кеп жыр сайын…
Атына лайық азамат,
Адалын айтқан күн сайын.
Қап, жиырма бес, “Қош!” деген.
Қалмады онда ештемең…
Көңіліне алмады Нұрсайын
Кітапқа жыры көшпеген…
Ал қырықтағы қырқылжың
Ұятына қалды ұлтымның:
Өз өлеңдерін салыпты ол.
Мен бір отырып, бір тұрдым,
Жоқ, жұлымырлықты жеңеміз!
Жаратқан, саған сенеміз!
Ал, бізде атақ, кітап жоқ,
арымызды төкпей келеміз!

Қаңбақ

Қаңбақ көрсем,
қарамаймын мен күліп,
бір ұқсастық табам
өзімді сендіріп…
“Басы – Алланың добы” болған бәріміз
жолаушылар екенбіз ғой
мәңгілік.
Туған жерде –
балалығың ғана өтер,
ал ауылда –
ата-анаң, үй, қалды ілік.
Төрт сыныпты бітірген соң,
Әттең-ай,
білім іздеп,
кетесің ғой жол жүріп.
Мектебі үлкен
көрші ауылға барасың,
бөтен емес
бір пәтерге орнығып.
Сынып түгіл,
сынақ алар аяз да, –
аяқ тоңып,
екі бетің домбығып.
Орта мектеп
барар жерің одан соң,
жұртты
жастық желігіңмен таң қылып.
Күндіз – оқу,
түнде ұйқы қашады, –
көз алдыңнан кетпей –
қыздар бал қылық.
Мектеп бітер,
ал Алматы ол күтер,
албырт шақта –
көңілде жоқ сәл күдік.
Сүрінбестен
студент те атандың,
күмән өшіп,
оттай болып жанды үміт.
Түні бойы
қыздармен қыдырып,
күні бойы
отырасың мәңгіріп.
Қолға тиер –
көк жалаудай дипломың,
білім – бәйге,
студенттер – сан күлік.
Содан кейін –
еңбек жолың басталар,
әр күніңде –
арайланар таң күліп.
Бірақ таңды алмастырар
түнің бар, –
бола бермес түскен жолың –
даңғыл, ық.
Ұңғыл-шұңғыл жерде
аяқтан шалады, –
ұжымда ешкім жеңе алмаған әңгүдік.
Лайым
сені аңдуменен өтеді ол,
лапылдаған отыңды
сәл сөндіріп.
Өмір деген күрес болса,
не істерсің,
өшіксең де,
кетесің ғой көндігіп.
Көндікпесең –
өзге ұжымға барасың,
көңіліңде
өйткені, өшпес қалды дық.
Рас, ұжмақтай ұжым
таба алмайсың,
шайқы адамдай
шарлай берме қаңғырып.
Міне, қызық:
бір адал дос таба алмай,
мас боласың –
көршілерді даң қылып.
Тек жаныңды түсінетін
ешкім жоқ,
заман мынау –
бәрі дейтін: “Әлдіні ұқ!”
Ал ауылда тұрсаң,
өсір астықты,
тым құрыса –
диірменші бол дән үгіп.
Атырап кең:
сиыр өсір, қой өсір,
атакәсіп –
жылқышы боп ал құрық!..
Әй, күнкөріс…
Аты қандай жаман ед, –
титықтайсың –
өзің де, ат та болдырып.
Тынымсызсың:
шөп шабумен жаз өтер,
Тракторға
не атыңа шалғы іліп.
Боқырауға дейін
табыл тоғайдан,
белде – балта,
отыныңды тал қылып.
Қыс түсті ме –
қорадан бір шықпайсың,
ет те, сүт те пұл болатын
малда – үміт…
Күндіз – шабыс:
біресе той, бірде – өлім,
бие жегіп,
талай жерде шалдырып.
Кедей – кербез:
жығылмайды жолынан,
барған жерге
бір-бір қойын қалдырып.
Бала-шағаң өссе,
өше бастайсың,
белгісі оның –
бір ауруға шалдығып.
Тыным-толас
сонда ғана табасың,
туыс келсе –
көңіл сұрап, хал біліп.
Ендігі арман:
бұйырса екен ақ өлім,
Ел-жұртыңа
уыс топырақ салдырып…
… Қабіріңе
қаңбақ та кеп тоқтайды,
суық жерге
сені жатса көмдіріп…

Жыр-ағаш

Ғаламға себер дәйім нәр,
Шабытым менің – қайыңдар.
Сендерге қарап отырып,
Сан өлең жазған жайым бар.
Өзіңде сырдың сандығы –
Күндіз – Күн, түнде – Айың бар.
Періштем болып сыбырлар
Жапырақтарыңды жайыңдар.
Өлең мен өнер ордасы,
Өсіңдер елдің сайында әр!
Үйіріндейсің жылқының,
Үйездеген бие, тайың бар.
Жазға бір жанға сая деп
Жер басқан адам пайымдар.
Қылқаламымсың қыста өзің –
Қарға өрнек салар ойым бар.
Түскенде бірақ ел еске,
Мынадай менде уайым бар:
Жыр-ағаштары қаумалап,
Жасамай жүрген тойым бар.
Мені ақын қылған, туған жер,
Ту биелеріңді сойыңдар.
Бірішек боп қалған ақынбыз,
Етке бір әбден тойыңдар!
Дарытқан шабыт, шоқтарым,
Думанға осы дайындал!
Өсірген өзі ақынын
Өгейсітпестен мойындар.
… Өлеңдеріме қол соғыңдар,
Өрнегімдегі қайыңдар!..

Әуедегі оқиға

Көз шырымын алмайтын көлікте
мен –
терезеден
апатты көріп келем:
доңғалағы лаулаған
ұшағымыз
құлдилады бір кезде
төніп төмен.

Қапысыз-ақ сезсе де
мұны бар жан,
қорыққаннан
көздерін жұмып алған.
Үнің шықпай қалатын
сұрапыл сәт,
үзіле ме осылай
жібің, жалған?

Көктей өткен
сан ауыл, сан қаланы,
түсіп қапты –
“ТУ”-дың бір доңғалағы.
Әне, соның орнынан
от маздап тұр,
енді қайтсек,
апыр-ай, жан қалады?

Түнгі аспанда
“ТУ”-ымыз көп айналады,
тандырды әбден есінен –
талай жанды.
Үш бұтындай ошақтың
берік екен,
үш доңғалақ болса да…
солай қонды.

Жерде қалсын,
көкте емес, Тәңірім, із!
Жүрек суып,
торықты көңіліміз.
Дозақ отын көргендей
дірдек қақты, –
доңғалаққа байланған
Өміріміз…
2 қаңтар, 2014 жыл.
 

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp