
Бүгінде өзінің ғасыр тойын атап өткелі отырған “Soltústіk Qazaqstan” газетімен бала кезімнен таныспын. Ол кезде бұл басылым “Ленин туы” деп аталатын. Қызылжардағы қазақ-мектеп интернатында 5-6-сыныптарда оқып жүргенімде, облыстық газетке “Таң нұры” деген өлеңім жарияланғанда төбем көкке сәл-ақ жетпей қалып қуанғаным күні кешегідей әлі есімде. Ол өлеңімнің жариялану тарихы былай болды. Мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен Мәрия Мырзатаева деген мұғалімім мені өлең жазуға бейімдеп жүрген кез. Бірде үйге газетте қызмет істеп жүрген жерлесіміз Ерғали Әбілмәжінов деген ағай келіп қалды. Ол менің өлеңдерімді сұрап алып, оқып көрді де, анама: “Мына баланы газетке шығарамын”, – деп қолжазбаларымды алып кетті.
Бұрынғы Бостандық көшесінде орналасқан интернатта жүрсем, радиоторап арқылы менің өлеңім “Ленин туы” газетіне жарияланғаны туралы хабарлап жатыр екен. Ол кезде интернаттың ауласында өзінің радиоторабы болатын. Диктор осыны хабарлады да, өлеңімді оқи жөнелді. Кілт тоқтай қалып тыңдасам, әлгі өлеңнің бір шумағы ғана өзімдікі, қалғанын редакциядағы ағайлар көркемдеп, редакциялап шығыпты. Ол кезде менікі де қай бір өлең дейсіз? Баланың балдыр-батпағы, шалдыр-шатпағы болатын. Дегенмен, әлгі жаңалықты естігенім мұң еді, көкірегімді мақтаныш сезімі керней жөнелді.
Кейін біздің ауылдан шыққан белгілі ақын, қаламгер Болат Қожахметов менің өлеңдерімді, мақалаларымды өңдеп, газет беттеріне жиі-жиі шығарып тұрды. Музыкалық училищеде оқып жүрген кезімде де газеттен қол үзген емеспін. Менің журналист ретінде қалыптасуыма бірден-бір септігін тигізген осы басылым десем, артық айтқандығым емес. Әлі күнге дейін журналистика саласында қандай да бір жетістікке қол жеткізсем, оның түп-тамырын “Soltústіk Qazaqstan” газетімен, бала кезімнен оның маған жасаған қолдауымен, қамқорлығымен байланыстырамын. Қанатымды қатайтқан қарт басылымға сол үшін де ризашылығым шексіз.
Бүркіт БЕКМАҒАМБЕТОВ,
Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, әнші, ақын, сазгер, журналист.