Ақындық – ардан, талант – тумыстан, сөз жүректен шықса, өмір мәнді, өнер нәрлі, тұрмыс сәнді болатыны сөзсіз. Мұны ұлттық құндылықтар қайнары – қазақ руханиятына, соның ішінде ақындық өнердің қасиет-құдіретіне, тарихы мен тағылымына қатысты айтуға әбден болады. Қазақ руханиятында, ұлттық сөз өнері тарихында дарын иелері, талантты тұлғалар аз емес. Сол биікте ақын Тоқтар Кәрімовтің есімі мен еңбегі, ақындық өнері жарқырай көрінеді.
Тоқтар ағамыз өлең жайында былай деген екен: “Ол сенің жан білмейтін сырыңды тыңдайды, ешкімге айтпаған ойыңды айтқызады, шеріңді тарқатады, сөйте отырып, қайрайды, шыңдайды. Алабұртқан асау сезіміңді әрлеп жеткізеді, ұтымды жыр жолдарына айналдырады, әсерлі бір сәтіңді тайға таңба басқандай етіп суреттейді. Арада уақыт өткен соң сол әсерің сол ып-ыстық күйінде өзіңмен қайта қауышады. Сөйткен өлеңді қайда тастамақсың, қалай тастамақсың?”. Автордың осы сөздерін және ақындық жайында жырлаған өлеңдерін оқи отырып, оның сөз құдіретін зор бақытқа балағанын, Жаратқанның берген сыйы ретінде қабылдағанын аңғарасың.
Тоқтар Кәрімов 1939 жылдың 20 наурызында Уәлиханов ауданының Амангелді ауылында туған. Орта мектепті бітірген соң Қотыркөл зооветтехникумын тамамдаған. Туған ауылында зоотехник болып еңбек жолын бастаған ауыл шаруашылығы қызметкері одан әрі ұзақ жылдар бөлімше басқарушысы, “Озерный” ұжымшары директорының орынбасары болып қызмет істеді. Құдай қосқан қосағы Бибі екеуі төрт бала сүйіп, оларға жұрт қатарлы тәрбие берді. Алайда, Тоқаң тағдырдың жазуымен зейнеткерлік жасқа жетпестен кенеттен өмірден озды. Таңның атысы, күннің батысы ауыл шаруашылығы саласының жауапты жұмыстарын атқарып, науқаннан-науқанға жоспар құрып, бар өмірін адал еңбекке арнаған жан еді. Көзі тірісінде ерен еңбегі үшін Үкіметтің бірнеше наградасына ие болып, омырауына медаль да таққан.
Тоқтар ағамыз ауыл шаруашылығының белсенді қызметкері бола тұра, кейін басшылық міндеттерді атқарған тұсында да бос уақытын жыр жазуға арнады. Үйдің кенжесі мәпелеп өсірген ата-анасының жағдайын ойлап, қарашаңырақтың иесі болып қалуды жөн санайды. Сөйтіп бала күнгі журналист болу арманымен мәңгілікке қоштасады. Бірақ өлеңнен қол үзбеді. Кешкілікте қолына қалам алып, түрлі тақырыптарда ой толғап, жыр әлемін бағындыруға ұмтылды. Оның оңашада домбыра тартып, ән салуы, көптеген музыкалық аспаптарда ойнауы да бойына тұнған таланттың зор екенін аңғартқандай. Ал бала тәрбиесіне мұқияттылығы, кем-кетікті басшыларға тікелей айта білу батылдығы, сыншылдығы өжет ақындарға тән мінез емес пе? Әсіресе, Тоқаң Абай әндерін орындағанды жаны сүйетін еді. Ауыл тұрғындары той-томалақтарда талант иесінің ән салуын өтініп, махаббат, туған жер, өмір туралы өлеңдерін ұйып тыңдайтын.
Тоқтар ағамыз туралы әспеттеп жазып, өмірін көз алдымызға елестетіп, сырына үңілу себебіміз – оның өлеңдерінің ерекшелігінде. Ауыл азаматы өзге мамандық иесі бола тұра өлең жазу техникасын терең меңгерген жан ретінде танылды. Тұщымды жырларындағы көркемдік, әдемі ұйқастар оның нағыз талант екенін аңғартады. Жазбаларын оқи отырып, ерекше әсерге бөленесің. Кейіпкеріміздің досқа адалдығы, отбасына қамқорлығы, бос уақытын мазмұнсыз өткізбеуге тырысуы оны қашанда өзгелерден ерекшелеп тұратын. Көңілінің ақтығы, ниетінің тазалығы әр туындысынан байқалады. Ол жай ұйқас қуып немесе әлдекімді риза қылу мақсатымен ойдан қизалап өлең құрмады.
Алыс сапарларға шыққандағы әсерден туған жер тақырыбында жазған өлеңдерінде әдемі сырлар, көркем ой, келісті шумақтар алдан соққан ақ самалдай көңіл жылытады.
“Туған жерге” деген бір өлеңін:
“Тарайды таң нұрының шапағы анық,
Қай күні бітеді екен сапар анық?
Сағындым, о, туған жер, құшағыңды,
Шалғыныңа аунар ем жата қалып”, – деп аяқтайды. Алаңсыз балалық сағыныш, перзенттік ерке мінез, ең бастысы, шынайы. Ал “Қотыркөлге” деген жырында:
“Қарасаң жан-жағына бәрі сайран,
Сырласып ақ қайыңы құшақ жайған.
Түнде барсаң көліне тіпті жақсы,
Көл суы жалтыраған туған Айдан.
Қотыркөл Айнакөлдің сыңарындай,
Қарағай сыңсып өскен тұрағың бай.
Өмір деген аққан су тоқтамайды,
Шөл қандырар кәусардың бұлағындай!” – деп туған өлкесін ерекше мейіріммен жырлайды, сөзбен сұлу сурет салады. Ең бастысы, ақынның туған жерге деген ыстық пейілі, махаббатының лебі еседі. Күнделікті өмірде көргенінен ой түйіп:
“Уа, жігіттер, тыңдағын,
Айтқанымды жөн деп біл.
Арзан олжа ас болмас,
Кәсіп істеп, еңбек қыл.
Азғырынды сөздерге
Азғындықпен ермеңдер.
Ақыл айттым сендерге,
Жақсыға құлаш сермеңдер!” – деп жағымсыз әдет-қылықтан сақ болуға, жақсылыққа ұмтылуға шақырады. Немесе:
“Өмірдің білдім бағасын,
Айырдым ақ пен қарасын.
Сауыққа аздап мойын бұр,
Құр ойдан не табасың?” – деп өзіңді-өзің ауыр оймен мүжи берме, арасында ойын-сауық та құру керек, серігіп ал деп жастарға өз өсиетін айтады. Тоқтар ағамыз жазушы Мұхтар Әуезовтің “Қарагөз” трагедиясындағы ескі ғұрыптардың құрбаны болған жастар тағдыры туралы да ой толғайды. Оқиғаны баяндап, ширата келіп, ол былай дейді:
“Жайым жоқ ақынмын деп мақтанатын,
Жамылып отырғам жоқ Мұхтар атын.
Естіген Қарагөздің хикаясын,
Өзінше жырлап берді Тоқтар ақын”.
Қамшының сабындай жалғаннан мәңгілік дүниеге асығыс аттанған дарынды ақын Тоқтар Кәрімов туралы қысқа қайырып айтар ойымыз осындай. Ауыл тұрғындары оның асыл азамат болғанын, қаламынан туған жырлары жеке басының бар болмыс-бітімі сынды өте биязы, көркем мінезді екендігін жиі еске алады. Артында қалған өлеңдері көзі қарақты оқырмандар санасында тоқтаусыз жаңғыра береріне сенімдіміз.
Серік ЖЕТПІСҚАЛИЕВ,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.