
Алматылық “Адырна” ұлттық-этнографиялық бірлестігі өңірімізге келіп, өзге этнос өкілдері арасында «Туған жерім – Қазақстаным» атты поэзиялық байқау ұйымдастырды.
14-29 жас аралығындағы өзге этнос өкілдері қазақ ақындарының ел мен жер, Отан тақырыбындағы патриоттық өлеңдерін мәнерлеп оқып, өзара бәсекеге түсті. Облыс орталығындағы Достық үйінде өткен байқауға аудандардан 13 жас қатысып, сүйікті ақындарының өлеңдерін оқып берді. “Адырна” ұлттық-этнографиялық бірлестігінің директоры Арман Әубәкірдің айтуынша, олар “Туған жер” жобасы бойынша “Дәстүрлі өнер орындаушысы”, “Үздік мақала” және “Үздік поэзия” сынды түрлі бағыттарда “Адырна.кз” сайтында онлайн байқау өткізетін көрінеді. Байқау қорытындысы бойынша “Коперник” поляк этномәдени қоғамдық бірлестігінің белсендісі Яна Захарченко жеңімпаз атанды. Ал екінші және үшінші орын Ғабит Мүсірепов атындағы ауданнан келген қазақ тілі пәнінің мұғалімі Сергей Воронцов пен ЛОРД дарынды балаларға мамандандырылған облыстық мектеп-лицей-интернатының оқушысы Полина Филипповаға бұйырды. Жеңімпаздарға 80 мың теңгеге дейін ақшалай сыйлықтар табыс етіледі. Үстіміздегі жылы қанатқақты жоба ретінде қолға алынған шара осыған дейін Қостанай мен Көкшетау қаласында өтсе, енді Павлодар облысының жастары да өзара бақ сынасатын болады.