«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨЛКЕНІ ЖАЙНАТАДЫ ӨРШІЛ ҰРПАҚ

Кеше облыс әкімі Самат Ескендіров студенттік құрылыс және “Жасыл ел” жастардың еңбек жасақтарының 10-ыншы жазғы еңбек маусымының ашылу салтанатына қатысты. Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінде өткен шара мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру жөніндегі кеңестің көшпелі отырысына ұласты.

Бұл іс-шараға қатысқан студенттік құрылыс және жастар жасағының еріктілері, жоғары оқу орындары мен басқа да білім ошақтарының студенттері, ауылдың жастарынан құралған аумақтық жасақтардың командирлері Самат Сапарбекұлына жұмысқа кірісуге дайын екендіктерін жеткізді.

Биылғы жылы облыстық бюджеттен “жасылелдіктердің” еңбекақысына 9,5 миллион теңге бөлініп отыр. Ал абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарына 323 адам қатысады деп жоспарлаған. Облыс әкімі жиналған жастарды біздің өңірімізде бастау алған студенттердің құрылыс жасақтарының құрылғанына 55 жыл толуымен құттықтап: “Бүгін сіздердің қолға алған істеріңіз көпшілікке үлгі. Сіздер болашақта да еліміздің гүлденуіне зор үлес қосады деген сенімдемін,” – деді.

Содан кейін өңір басшысы колледжде ұйымдастырылған ірі кәсіпорындар, ұйымдар мен мемлекеттік мекемелердің бос орындар жәрмеңкесін аралап көрді. Бұл күні жазғы уақытта екі қолға бір күрек табу үшін өз кәсіптері бойынша бос орындарға өтініштерін беріп жатқан студент жастардың қатары қалың болды.

Салтанатты шара облыстағы мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру жөніндегі кеңестің көшелі отырысымен жалғасты.

– Облыстық кеңестің Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінде өтуі тегін емес. Бұл мекемеде жастар экономика, заң, құрылыс, тағы да көптеген мамандықтар бойынша білім алуда. Ал 2010 жылдан бастап “Бизнестің жол картасы – 2020” мемлекеттік бағдарламасы аясында колледжде өңірдің кәсіпорындарына қажетті наубайхана, макарон, кондитерлік өнім өндіру салаларының мамандарын даярлау ісі қолға алынған. Бүгінде білікті, білімді жұмысшы кадрлар жоғары сұранысқа ие. Бұл бағытта мемлекеттік органдар алдында жас мамандарға қолдау көрсету міндеті тұр, – деді Самат Ескендіров өз сөзінде. 

Көшпелі кеңесте түлектер арасындағы кәсіптік бейімдеу жұмысы және мемлекеттік бағдарламалар аясында жастарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу мәселелері сөз болды. Облыстық Білім басқармасының басшысы Шолпан Каринованың мәлімдеуіше, кәсіптік білім мамандарын даярлау ісі облыс бойынша 30 колледжде жүзеге асырылуда. Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында оқуға ниет білдіргендер саны жыл санап артып келеді. “Жұмыспен қамтудың Жол картасы – 2020” бағдарламасы да жастарға жағдай жасап отырғанын айтқан басқарма басшысы аталмыш бағдарламаны жүзеге асыруда 25 мамандық бойынша 12 оқу орны жұмылдырғанын тілге тиек етті.

– Жыл сайын 9 және 11-сынып түлектерінің 40 пайызы кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарында оқуға ниет білдіруде. Биылғы жылы 9-сыныпты 6846 оқушы аяқтаса, олардың 41 пайызы колледжге түсуді жоспарлап отыр, – деді Шолпан Каринова.

Жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында алдағы жылдары облыс әкімінің қолдауымен облыс орталығында жастарға арналған әрқайсысы 100 бөлмелік 2 жатақхана салу көзделіп отыр. Ел бойынша қанатқақты бастамамен жиналғандарды облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Сергей Яковенко таныстырды.

Бұл жатақханалардағы орындар 29-ға толмаған, тұрғын үй жинақ банкінде салымы және тұрақты жұмысы бар жастарға бес жылға беріледі. Осы уақыт ішінде жастар қажетті қаражатты жинап, өздеріне басқа баспана табулары тиіс.

Ал өзі басқаратын ұйымдағы атқарылған жұмыстарға тоқталған “Жастар бастамалары” орталығының директоры Данияр Әбутәліпов облыс әкімінен жастарды жұмысқа орналастыру және орталыққа қажетті мамандарды тарту мәселелерін оңтайлы шешуде қаржылай көмек сұрады. Облыс әкімі айтылған мәселелер жұмыс тәртібінде талқыланатынын айтты.

Өңір басшысы Самат Ескендіров бірқатар аудан басшыларының орынбасарларынан аудандардағы жастар саясатын жүзеге асыру мәселесін сұрап білді. 9-сынып түлектерін өңірімізде қалдыру бағытындағы жұмыстарға баса көңіл бөлу қажеттігін айтқан облыс әкімі құзыретті орган басшыларына өңірдегі колледждердің әлеуеті бойынша сараптама жасауға тапсырма берді.

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

  Талғат ТӘНІБАЕВ. 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp