«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨЛКЕ ТАРИХЫ ОҚЫТЫЛАДЫ

Үшінші тоқсаннан бастап өңір мектептерінде “Өлкетану” пәні оқытыла бастайды. Сабақ барысында оқушыларға қасиетті Қызылжар өңірінің киелі жерлері, даңқты тұлғалары, көркем табиғаты жайында мол мағлұмат берілмек. Петропавл қаласындағы Оқушылар сарайында аталмыш пәнді оқытуға арналған “Өлкетану” оқулығының таныстырылымы өтіп, кітап авторларымен кездесу ұйымдастырылды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласында: “Патриотизмнің ең жақсы үлгісі орта мектепте туған жердің тарихын оқудан көрініс тапса игі. Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс”, – деген болатын. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін еліміздің орта білім беру жүйесіне жаңа пән енгізілуде. Әрбір өңірдің өрендері мектеп қабырғасында өз туған өлкесін танып білуі керек. Сондықтан да облыстарда оқытылатын оқулық та әртүрлі. М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің проректоры, тарих ғылымдарының докторы Ақмарал Ибраева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Зарқын Тайшыбай және Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Сәуле Мәлікова бірігіп жазған “Өлкетану” оқулығы жаңа жылдан бастап, 5-7-сыныптарда оқитын 14 мың оқушының қолына тиеді.

Облыстық білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімованың айтуынша, жаңартылған мазмұн бойынша оқитын мектептерге арналған оқулықта “Қазақстан тарихы”, “Қазақ әдебиеті”, “География”, “Музыка” пәндеріне қосымша терең білім алуға қажетті мағлұматтар топтастырылған, сондай-ақ, балалардың зерттеу дағдыларын дамытуға арналған түрлі тапсырмалар ұсынылған. Оқулық балалардың жас ерекшеліктеріне байланысты жеңіл жазылған, суреттермен көркемделген. Тақырыптар жиырма сағатқа шақталған.

Кездесуге келген ұстаздар оқулыққа байланысты өз пікірлерін білдірді. Онда жазылған мәліметтерді оқушылар естерінде жақсы сақтауы үшін Қызылжардың көркем жерлеріне саяхаттар ұйымдастыруды жалғастыру қажеттігі де сөз болды.

Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ, “Soltústіk Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp