Дүниежүзілік метрология күні – жыл сайын 20 мамырда аталып өтілетін халықаралық кәсіби мереке. Бұл күн 1875 жылғы 20 мамырда Париждегі халықаралық дипломатиялық конференцияда “Метрикалық Конвенцияға” қол қойылуы құрметіне таңдап алынды, оның негізінде үкіметаралық Халықаралық өлшемдер мен салмақтар ұйымы құрылды.
Метрология ғылым ретінде өлшемдермен байланысты мәселелер ауқымын қамтиды. Өлшемдерге қажеттілік атам-заманнан бері туындаған, яғни метрология ерте заманнан бар және ол аударма мағынасында “Өлшемдер туралы ғылым” дегенді білдіреді.
Бәріміздің де өлшемсіз күніміз жоқ, айталық, сағатымызға қарап, уақытты білеміз, дүкендегі азық-түліктерді өлшеп аламыз, сол сияқты, көліктің жылдамдығы, температура көрсеткіштері және тағы басқалар, бәрі де өлшемдер болып табылады. Сонымен бірге, метрология біздің күнделікті тұрмысымызда қолданыс табады, ол әртүрлі салада пайдаланылады, өлшемдерге қатысы бар барлық ғылымдар мен ілімдерге: медицина, химия, физика салаларына, жаңа технологиялар құруға және тұрмыс пен өндірістің басқа да салаларына енеді, олар үшін бірыңғай ғылым болып табылады.
Метрологияны, еліміздің экономикасын әлемнің экономикалық жүйесіне интеграциялауды одан әрі дамыту және жетілдіру үшін заңнамалық алғышарттар құру мақсатында 2000 жылғы 7 шілдеде “Өлшемдер бірлігін қамтамасыз ету туралы” Заң қабылданды, ол халықаралық нормалар мен нарықтық экономикаға сәйкес келеді.
Техникалық негізін мемлекеттік көлемдер бірлігі эталондары құрайтын мемлекеттік өлшемдер бірлігін қамтамасыз ету жүйесі құрылды. Эталондық базаны қолдауға және жетілдіруге бағытталған көптеген бағдарламалар жасалды. Бүгінгі уақытта эталондық база 58 мемлекеттік эталоннан тұрады.
Республикадағы өлшемдер бірлігін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік басқару қызметін Мемлекеттік стандарт жүргізеді. Бұл мерекені әртүрлі ұрандармен атап өту қалыптасқан. Мысалы, 2006 жыл – “Метрология әлемі барлық әлем қызметінде”, 2007 жыл – “Бізді қоршаған ортадағы өлшем”, 2008 жыл – “Олимпиадалық ойындар өлшемдерсіз мүмкін емес”, 2009 жыл – “Саудадағы өлшем”, 2010 жыл – “Ғылым мен техникадағы өлшем. Инновацияларға көпір”, 2011 жыл – “Химиядағы өлшем өмірімізге, болашағымызға арналған химиялық өлшемдер”, 2012 жыл – “Қауіпсіздікке арналған метрология” және 2013 жыл – “Күнделікті тұрмыстағы өлшемдер” ұрандарымен өтті.
Метрология жөніндегі халықаралық ұйым басшылары 2014 жылғы Дүниежүзілік метрология күнінің ұранын да жария етті, ол: “Өлшемдер және жаһандық энергетикалық сын-қатерлер” деп аталады. Соңғы онжылдықтағы әлемдік энергетикада қордаланған мәселелер аз емес. Соның ішінде бірден ауызға ілігетіні – мұнай таусылып келеді. Көмір-сутектерін өндіру қиындай түсуде. Ал қуатқа сұраныс үздіксіз артып отыр. Сарапшылардың болжамдары бойынша, ғасырдың орта кезінде тұтыну екі есе өседі. Әзірге газ бен мұнайға балама жоқ, бірақ бұл мәселені жуықта шешуге тура келеді.
Вадим МАРШАКОВ,
облыстық Техникалық реттеу және метрология департаментінің бас маманы.