

Петропавлдық полицей биік жардан құламақ болған бойжеткенді құтқарып қалды.
Кешкі ауысымнан үйіне қайтып бара жатқан полиция сержанты Денис Комаров Есіл өзенінің жағалауындағы жардың шетінде төменге құламақ болып тұрған бойжеткенді байқаған. Ол жердегі жардың биіктігі – 25-30 метр. Оқиғадан біршама уақыт бұрын суицидке бел байлаған бойжеткен әлгі полицейдің жанынан өтіп бара жатып, орындыққа ұялы телефонын тастап кеткен екен. Тәртіп сақшысы бойжеткенге телефонын алып кетуді ескертеді. Алайда, бойжеткен оған көңіл аудармай кетіп қалған.
Полицей көп ойланбастан тайғақ жарға түсіп, бойжеткеннің жанына жеткен. Алайда, оны байқаған қыз өзіне жақындамауды талап еткен. Тәртіп сақшысы бойжеткенді сөзге айналдырып, бір сәтте оны қатты қапсыра ұстап алған.
Оқиға Петропавл қалалық полиция басқармасында сотқа дейінгі тергеу тізіміне енгізілді. 22 жастағы бойжеткенді туыстары алып кетті.