«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨЛІМ ЖАЙЛЫ ЖАЗБАЛАР

Өңір полицейлері пәтер иелері кооперативтерімен бірлесіп, еріктілердің көмегімен есірткі граффитилерін бояп, жоюда. Былтыр – 437, биылғы жылдың басынан бері 93 жазба боялды. «Жаңа жазбалардың біразы туралы 8-707-500-96-65 «WhatsApp» мессенджеріндегі «СҚО есірткіге қарсы» чаты арқылы білдік. Бұл чатқа қоғамдағы құбылыстарға бей-жай қарамай алмайтын қала тұрғындары есірткі граффитилерінің суреттерін жолдап, мекенжайын көрсетеді», – деді облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция полковнигі Жандос Басыбаев. Оның айтуынша, қылмыстың осы түрі үшін жаза қатаңдатылғалы мұндай суреттер біршама азайған. Бірақ кейде қайтадан салынып жатады.

Бұрын мұндай «суретшілер» абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке ғана тартылатын. Ал биылғы жылдың 11 қаңтарынан бастап «Қылмыстық кодекстің» «Есірткі, психотроптық заттарды немесе сол тектестерді, прекурсорларды насихаттау немесе заңсыз жарнамалау» деген жаңа бабы қолданысқа енгізілді. Бұл бап бойынша есірткі граффитиін салғандар үш жылдан алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылады.
Есірткі сатушылар өз сайттарын жарнамалаған адамдарға бастапқыда ақша төлеп қызықтырады да, кейін қызметі үшін есірткі дозасын беруге көшеді. Ақшаға қызыққан жастар оңай олжа іздеп, қалайша теріс жолға түсіп кеткендерін кейде өздері де байқамай қалады. Жауапкершіліктен қашып құтылу мүмкін еместігін ұғындыру мақсатында тәртіп сақшылары әлеуметтік желіде жаңа бейнеролик орналастырды. Ол «Артында өлім жасырынған жазбалар…» деген сөздермен басталады. Мұнда есірткі граффитиі үшін көзделген жауапкершілік жайында әңгімеленеді.
Есірткі таратудың жаңа түрі, яғни интернет арқылы саудалауға қарсы күрес оңай емес. Соған қарамастан жыл басынан бері солтүстікқазақстандық полицейлер 12 веб-ресурсты бұғаттап, тыйым салынған заттарды сататын 2 интернет-дүкеннің жұмысын тоқтатуға қол жеткізді. Олардың жұмысын ұйымдастырушылар қазір қамауда.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp