«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨМІРДІ ҚОРҒАУ – ПАРЫЗЫМЫЗ

Мемлекеттің басты міндеттерінің бірі – азаматтардың қалыпты тіршілік етуін қамтамасыз ету және төтенше жағдай туындаса, аман сақтау. Қазақстан Республикасы Конституциясының бірінші бабында: “Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары” делінген. Сондықтан мемлекет қауіпті жағдайда адам өмірін бар күшімен сақтап қалуға міндетті.

Қазақстан Республикасында қалыптасқан заңнамалық база, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін көп қырлы тетік мемлекет аумағында төтенше жағдайлардың алдын алуға, шығынның үлесін азайтуға кепілдік береді. Ел арасында “Апаттың салдарын жойғаннан гөрі оны болдырмаған артық” деген сөз бар. Әрі дана халқымыз “Сақтансаң – сақтайды” деп өткен. Осы талаптарға сәйкес Солтүстік Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменті де елеулі жұмыстар атқаруда. Оған өткен 7 айда атқарылған жұмыс дәлел бола алады.

Бүгінде департамент өрттің алдын алуға зор көңіл бөлуде. 2015 жылдың 7 айында инспекторлық құрам 668 мемлекеттік мекемені тексеріспен қамтып, нысандардың басшыларына өрт қауіпсіздігі ережелерінің бұзылуына жол бермеу қажеттігін ескертті. 2015 жылдың соңына дейін тапсырылуы тиіс 79 нысан есепке алынды. Олардың қатарында жалпы білім беретін мектептер, ауруханалар, мәдени мекемелер, қоғамдық, өндірістік, әкімшілік ғимараттар, көпқабатты тұрғын үйлер бар.

Тұрғын үй секторындағы өрттің алдын алу шаралары да ұдайы назарымызда. Ішкі істер органдарының өкілдерімен бірлесіп, 30 мыңнан астам тұрғын үй секторына рейд жүргізілді. Өртке қарсы күрес тақырыбындағы 52 мыңнан астам жадынама таратылып, 3 мыңға жуық нұсқама берілді.

Алайда, облыс бойынша өткен 7 ай ішінде тұрғын үй секторында 409 өрт оқиғасы тіркелді. Жалпы сомасы 182 млн. теңгеден асатын материалдық құндылықтар құтқарылды. Ал келген шығын 55 млн. теңгені құрап отыр.

Бұл ретте ауылдық жерлердегі жағдай да назарымыздан тыс қалып отырған жоқ. Бүгінгі таңда ауылдық жерлерде 575 ерікті өртке қарсы құрылымдар құрылып, жұмыс істеуде. Олар 128 өрт сөндіру көліктерімен, 985 бейімделген техникамен және 104 сорғымен жабдықталған.

Үстіміздегі жылдың үшінші тоқсанында Айыртау, Мамлют, Есіл, Ғ.Мүсірепов атындағы, Уәлиханов аудандарында 10 өрт сөндіру бекетін ашу жоспарланған. Өрт сөндіру қызметі бөлімшелері ерікті өртке қарсы құрылымдарымен бірлесіп, 61 өрт оқиғасының алдын алды. Ал ерікті өртке қарсы құрылымдар мен тұрғындар өз күштерімен 41 өрт ошағын сөндірген.

Тұрғындар арасында еріктілерді дәріптеу және ауылдық жерлердегі өрттерді сөндіруде аталмыш құрылым өкілдерінің дайындығын арттыру мақсатында үстіміздегі жылдың маусым айынан бастап әр ауданда жарыстар өткізілуде.

Төтенше жағдайлар қызметкерлері өскелең ұрпақ арасында мектепте, үйде, табиғатта қауіпсіздік ережесін сақтауға үйрететін алдын алу жұмысын жүргізеді. Жыл сайын мектептер мен балаларды сауықтыру лагерьлерінде өрт пен төтенше жағдайдың алдын алу тақырыбында суреттер конкурстары, көңілді тапқырлар клубтарының сайыстары, эстафеталар өткізіледі. Осы күнге дейін 6000 оқушы қатысқан 10 интерактивті сабақ жүргізілді.

Адамдарға судан да қауіп көп. Үстіміздегі жылы 16 адам суға кетті, олардың үшеуі – бала. Облыс аумағында 2 мыңнан астам көл, өзен мен басқа да су қоймалары бар. Олардың 231-і балық аулау, аңшылық сияқты шаруашылық мақсатта пайдаланылады. Жаз маусымында облыс аумағында 38 демалыс орны мен жағажайлар, 17 балалар сауықтыру лагері жұмыс істейді. Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің жедел-құтқару жасағы ішкі істер органдарының қызметкерлерімен бірлесіп, Есіл өзенінің қалалық жағажайында, Пестрое және Үлкен Тораңғыл көлінде кезекшілік ұйымдастырды. Осы уақытқа дейін 59 адам құтқарылды. Оның он бірі – бала. Сонымен қатар, құтқарушылар жағажайлар мен балалар сауықтыру лагерьлерінде 155 балаға жүзуді үйретті.

Табиғи және техногенді сипаттағы оқиғалардың алдын алу мен жою мәселелері жыл басынан бері 6 рет өткен облыстық төтенше жағдайлар комиссиясының мәжілісінде талқыланды.

Айта кетейік, апаттық-құтқару қызметтерінің жабдықталу деңгейі жоғары және олар кез келген уақытта тұрғындарға көмекке келуге әзір. Осы күнге дейін 973 жедел аттанысқа шықтық. Төтенше жағдайлар орнынан қауіпсіз жерге 992 адам көшіріліп, 82 зардап шегушіге алғашқы медициналық көмек көрсетілді.

Облыстың азаматтық қорғанысын дамыту жұмыстары жалғасын табуда. Осы орайда ұйымдар мен кәсіпорындарда 71 оқу-жаттығу өткізілді. Тұрғындарды оқытуға, мемлекеттік органдардың мамандарын даярлауға айрықша көңіл бөлінуде. Департаментте 326 адам оқытылды. Ал республикалық азаматтық қорғаныс оқыту-әдістемелік орталығына 19 адам жіберілді.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығы – мемлекетіміз үшін аса маңызды мереке. Осы 20 жыл ішінде атқарған жұмыстарымызды қорытындылап, мемлекеттілігімізді нығайту үшін жоспар жасаймыз. Біздің департаменттің жеке құрамы Конституция қағидалары бойынша халықты айтып келмейтін апаттардан сақтау қызметін бар күш-жігерімен атқаруда. Себебі, бұл біздің басты міндетіміз.

Нұрлан АТЫҒАЕВ,

облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі

департамент бастығының орынбасары,

өртке қарсы қызмет полковнигі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp