«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨМІРЛІК СЕРІГІМ

Біздің облыстық “Солтүстік Қазақстан” газетінің 95 жылдық тойы оқырман қауымға құтты болсын демекпін. Мен өзім осы газеттің тұрақты оқырманы ретінде редакция ұжымына жемісті еңбек тілей отырып, қаламдары ешқашан да мұқалмай, облысымыздың экономикасының, мәдениетінің, әлеуметтік саласының ілгері дамуына өздерінің сүбелі үлестерін қоса беруіне тілек білдіремін. “Солтүстік Қазақстанның” оқырмандарға берері мол. Газет жалпы әлемдегі, республикамыздағы, өңіріміздегі жаңалықтармен таныстыра отырып, облысымыздың жан-жақты дамуына ерекше мән беріп, қай салада болсын, жүйелі материалдарды сараптап дайындап, оқырмандарға әрдайым ұсынып отырады. Облыстың экономикалық дамуыменен бірге біз, оқырмандар, қоғамда болып жатқан жағымды жаңалықтарға қуанамыз. Менің ойымша, газет бүгіндері орта және шағын бизнестің даму барысын жақсы жазып келеді. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың шағын және орта бизнестің одан әрі дамуына Үкімет органдары, қоғамдық ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары өз үлестерін қосуы керек деген ұстанымын біздің “Солтүстік Қазақстан” газеті де бұлжытпай орындауда десем, артық айтқаным емес. Шағын және орта бизнеспен шұғылдану – бүгін жастардың алдында тұрған үлкен жұмыс. Бірақ бизнестің де бизнесі бар. Бір жерден арзанға алып, екінші жерге қымбатқа сатып жүргендер қоғамымызда аз емес, өзінің шағын қожалығында, цехында, шеберханасында азық-түлік өндіретін, жаңа тауарлар шығаратын кәсіпкерлер туралы газет бетінде жариялап отыру абзал.

Бүгіндері облыс орталығындағы зауыттарда слесарь, дәнекерлеуші, арматурашы және басқа мамандықтар бойынша жұмыс істеп жүргендер аз емес. Олардың ішінде шеберлер, механиктер, бригадирлер, цех меңгерушілері болып жұмыс атқарып жүрген қазақ азаматтары да бар. Осындай өндірісшілердің еңбек жолын келешек жастарға үлгі етіп көрсету керек. Сондықтан бұл істе “Солтүстік Қазақстан” газетінің атқарар жұмысы қомақты. Менің ойымша, ауылдан қалаға барған қазақ жастарының бетін өнеркәсіпке бұрудың, олардан білімді, білікті жұмысшы қалыптастырудың маңызы зор. Өкінішке қарай, қазақ жастары осы саладан алысырақ жүреді. Қазіргі уақытта қай зауыт болсын, оның жанында мамандыққа оқытатын курстар бар. Онда жастар білім алады, одан кейін шеберлер станокта жұмыс істеуге үйретеді. Елбасы еліміздің қай өңірінде болсын, өнеркәсіпті дамытуды талап етіп отырғанда, бүгінгі қазақ жастарының осы бағытта атқарар рөлі өте маңызды дер едім.

Оқырман ретінде мені қынжылтатын бір мәселе бар. Ол – газеттің таралымын қазіргі 10 мың данадан асыру жайы. Облысымызда алты жүз жетпіс мыңдай халық тұрса, оның үштен бірі өзіміздің ұлтымыздың өкілдері болса, газеттің 10 мың данамен тарауы аздық етеді. Өкінішке қарай, кейбір қазақ жастарының газетіміздің бетін ашпайтынына қынжыламын. Облыстық қазақ газеті маңызы, мазмұны, безендірілуі жағынан “Северный Казахстан” газетінен артық болмаса, кем емес. Бұл мәселеде облыстық тілдерді дамыту басқармасының алдында біраз қомақты жұмыстар тұруы керек. Мемлекеттік тілді одан әрі насихаттауды жүйелі жүргізу үшін газетті оқитын адамдар санын арттырудан басқа қандай әсерлі әдіс қажет?

Тағы бір айта кететін тілегім – газет бетінде оқырмандардың әдеби шығармашылығының дамуына жәрдемдесу. Апта сайын демеймін, айына екі рет газеттің бір-екі беті шығармашылыққа арналса, құба-құп болар еді. Әсіресе, жастардың шығармалары газет бетінде жарық көрсе, онда өнерлі азаматтарымыздың шабыттары тасып, өнерге, поэзияға, прозаға деген ықыластары арта түсер еді.

Ғабит ҚОҢЫРБАЕВ,

еңбек ардагері.

Шал ақын ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp