Қазағымызда «Ел іші – өнер кеніші» деген жақсы сөз бар. Ел іші – өнердің ғана емес, өлеңнің де кеніші. Оған айғақтар жеткілікті. Жүрегінде шабыт отын тулатып, айнала қоршаған табиғат аясында теңіз толқынымен сырласып, жасыл желегі желбіреген орманмен тілдескен ақын апамыз Ләйлә Орынбайқызы Қоспанова Шал ақын ауданындағы Қаратал ауылында, «Тың-теңізінің» жағасында тұрады.
Шабыттың шалқарында жүзген шақта жазылған жырларын көптен бері өзінің сүйікті газеті «Солтүстік Қазақстанға» жолдап жүретін ақын есімі бізге көптен таныс. Осының дәлеліндей ол жақында көп жылдан бері жазып келген жырларын сандық түбінен суырып шығарып, «Өлеңім өмірімнің жалғасы» деген кітабын жариялады.
Кітабының алғысөзін өзі жазып, әңгіменің әлқиссасын былай кестелепті: «…Бойыңда дарының болса, сыртқа шықпай қоймайды екен, кешірек бастадым. Маған атамның, әке-шешемнің қанымен, қасиетімен келген өнер деп білемін, сенімдерін ақтауға тырысамын. Осы жазғаным балаларыма, ұрпағыма ескерткіш, аманат боп қалсын».
Бұдан соң жырларына көз салып, оқи бастағаннан өзіне тән қолтаңбасын таныдым. Өлеңдерінің тақырыптары сан алуан әрі аясы кең. Елі, туған жері, сырласқан, сыйласқан адамдарымен қарым-қатынасы – оның көптеген өлеңдерінің арқауы.
Өлең – тапқыр ой мен кестелі көркем тілдің, үйлескен, жарасым тауып тұратын ұйқастың жиынтығы десек, осылар Ләйлә Орынбайқызының жырларында бар.
Санамызда соғыс қалды
мәңгілік,
Ұрпақтарға жетуі оның
заңдылық.
Ұмытпаймыз әкелердің ерлігін,
Жеңіс күні еске түсер жаңғырып.
(«Жеңіс күні»).
Қараталды көмкерген жасыл
желек,
Қайыңы, қарағайы, талы, терек.
Жаз келгенде құлпырып масатыдай,
Тіршіліктің жұмағы, орны бөлек.
(«Ауылым Қараталым»).
Жинақта осындай жақсы жырлар орын алған. Азаматтық, көңіл-күй лирикасы, жақындарына, дәм-тұзы жарасқан дос-жарандарына арнау өлеңдері тартымды.
Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
«Солтүстік Қазақстан».