Бүгінгі заманның бетбұрысы өзгеше. Әр бұрылыс сайын коучтар мен мотивациялық спикерлерге тап болу таңсық емес. Олардың бірі өзін «бизнес-коуч» деп таныстырса, енді бірі «өмірлік бағыт беруші», үшіншісі «ойлау жүйеңді өзгерту арқылы байлыққа жетуге көмектесемін» деп сендіреді. Қоғамдық пікірге әсер ететін алаңдардың, яғни әлеуметтік желілердің басты кейіпкерлеріне айналған бұл спикерлер мінсіз бейнемен, сенімді дауыспен және айрықша риторикамен көпшілікті баурап алуда. «Сен өзгешесің!», «Сен бәріне лайықсың!», «Жетістік ойыңды өзгерткен сәттен басталады!». Олар осындай құлаққа жағымды, бірақ соңы күмәнді ұрандармен халықты «жігерлендіріп» келеді. Бірақ дәл осындай жарқын сөздердің көлеңкесінде көкейге «Біз неге коучтардың сөзіне соншалық сеніп қалдық?» деген сұрақ келіп тіреледі. Бұл расында адамды алға сүйрейтін қуат көзі ме, әлде шебер құрылған манипуляцияның бір түрі ме?
Елімізде соңғы жылдары коучинг нарығы күрт өсіп келеді. Бір ғана «Instagram» желісінде өзін коуч деп таныстыратын отандастарымыздың саны 50 мыңнан асып жығылады екен. Олардың кейбірі нақты сала мамандары болғанымен, көпшілігі – бірнеше апталық онлайн курстан кейін «өміріңізді өзгертемін» деп уәде беретіндер. Ал ресми деректерге сүйенсек, 2023 жылы психологтар қауымдастығының жүргізген зерттеуі бойынша коуч қызметін пайдаланғандардың 37 пайызы оған көңілі толмағандарын, ал 22 пайызы тіпті психологиялық жағдайының нашарлағанын айтқан. Бұл – кәсіби даярлығы жоқ, бірақ сенімді сөйлеуді меңгерген «мамандар» жұмысының нәтижесі.
Рас, «коуч» ұғымы соңғы жылдары біздің лексиконымызға мықтап еніп алды. Күн сайын әлеуметтік желіден немесе жарнама беттерінен «коучинг», «мотивация», «психологиялық көмек» сынды тіркестерді жиі кездестіреміз. Бірақ бұл құбылыстың түп-тамыры тереңде жатыр. «Коуч» сөзі ағылшын тілінен аударғанда «жаттықтырушы», «бағыттаушы» деген мағынаны береді. Алғашында бұл термин спорт саласында қолданылып, белгілі бір салада жетістікке жетуге көмектесетін жаттықтырушыға қарата айтылатын болған. Кейінірек 1980-1990 жылдары АҚШ пен Батыс Еуропада жеке даму мен бизнесте кеңінен қолданыла бастады. Тони Роббинс, Джон Уитмор, Маршалл Голдсмит сынды коучингтің алғашқы танымал өкілдері адамның жеке әлеуетін ашуға көмектесу, өз мақсаттарын нақтылауға және сол асқақ армандарға жету жолдарын құруға бағытталған әдістер ұсынған.
Алайда бүгінгі күннің шындығы өзгеше. Қазір коучинг – жүйелі дайындық пен кәсіби стандарттарға сүйенетін мамандық емес, әркімнің өз-өзіне жапсырып ала салатын «титулына» айналып кетті. Интернет заманында бар-жоғы бірнеше күндік онлайн курсқа қатысып, қолына сертификат алған адам өзін «өмірді өзгертуші» деп жариялап, көпшіліктің алдында кеңес беріп жүр. Психологиялық білімі де, тәжірибесі де жоқ жандар өмірлік маңызы бар тақырыптар аясында ой қозғап, адамдардың шешім қабылдауына ықпал етуде. Кейбір коучтар адамның күйзеліске, өмірлік дағдарысқа ұшыраған кезеңінде кездейсоқ «құтқарушы» болып шыға келеді. Бірақ олардың ұсынары – көбіне нақты көмектен гөрі жалған мотивация мен маркетингке құрылған әсерлі сөздер ғана. Бұл – қауіпті үрдіс. Өйткені коучтың сөзіне сеніп, кәсіби маман – психологқа бармай, адасып жүргендер аз емес.
Облыстық психикалық денсаулық орталығының директоры Дәуренбек Бейсембаев бұл жағдайға алаңдайтынын айтады. «Коучинг пен психология – екеуі екі бөлек бағыт. Психология – ғылыми негізделген, жүйелі дайындықты талап ететін сала. Ал коучинг, егер ол кәсіби түрде жүргізілсе, мотивация мен мақсат қоюда көмекші бола алады. Бірақ адамдар депрессия, мазасыздық, күйзеліс сияқты нақты психологиялық қиындықтармен бетпе-бет келген кезде коуч емес, кәсіби психологқа жүгінгені дұрыс», – дейді Дәуренбек Жұмағұлұлы.
Психологтар «өзгенің өмірін өзгертуге асыққан» коучтардың жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай көбейіп бара жатқанына алаңдаулы. Себебі мұндай «мамандардың» кейбірі психологиялық кеңес беруге талпынамын деп одан сайын күйзеліске ұшыратып жүр. Ал психология – медициналық негізі бар, нақты ғылым. Ол үшін жылдар бойы оқып, тәжірибе жинау керек.
– Кейбір коучтар «ішкі бала», «өткенмен жұмыс», «сананы қайта бағдарлау» сияқты күрделі психотерапиялық ұғымдарды жеңілдетіп қолданады. Мұндай манипуляциялар адам психикасына қауіп төндіреді. Психологиялық диагноз бен терапия тек кәсіби маманның қолында болуы керек», – дейді облыстық психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация орталығының педагог-психологы Елена Мащенко.
Солтүстікқазақстандықтардың өмірін өзгертуге атсалысып, өзін коуч деп таныстырып жүрген жандардың бірі – Жадыра Келгенбайқызы. Ол мамандығы фельдшер болғанына қарамастан коучинг бағытына бет бұрып, өзінің өмірлік миссиясын дәл осы саладан тапқан. Жадыраның айтуынша, коучинг – тек мотивация беру немесе жалынды сөздермен жігерлендіру ғана емес, адамның өз ішкі әлеуетін ашуға, нақты мақсаттар қоюға және сол мақсаттарға жүйелі түрде жетуге көмектесетін қуатты құрал.
– Адамдар көп жағдайда өз мүмкіндіктерін бағаламай жатады. Коуч ретінде мен олардың бойындағы сенімсіздік пен үрейді жеңуге көмектесемін. Бұл – тек мамандық емес, өмірлік таңдауым, – дейді Жадыра Келгенбайқызы.
Әрине, барлық коучты бір қалыпқа салуға болмайды. Мол тәжірибесі бар, адамдарды жігерлендіріп, шабыт сыйлап, мақсатына жетуіне көмектесіп, кәсібін дөңгелетуге себепші болып, тіпті қаржылық жағынан сауатты болуға баулып жүргендер де аз емес. Елімізде ресми түрде коучтарды оқытатын орталықтар бар. Мысалы, халықаралық деңгейде мойындалған «ICF» (International Coaching Federation) ұйымының Қазақстандағы бөлімшесі – «ICF Kazakhstan Chapter» кәсіби коучтарды даярлаумен айналысады. Сонымен қатар «Erickson Coaching International» мектебінің Қазақстандағы филиалдары (Алматы және Астана қалаларында) коучингтің халықаралық стандарттарына сай оқыту бағдарламаларын ұсынады. Ал Алматы менеджмент университетінде коучинг пен көшбасшылыққа бағытталған арнайы бағдарламалар бар. Алайда еліміздегі аймақтық немесе жергілікті жоғары оқу орындарының бағдарламалары арасында коучингті кәсіби деңгейде оқытатын бағыттар әзірге жоқ. Мәселен, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде коучинг саласы жеке және толыққанды білім беру бағдарламасы ретінде енгізілмеген. Дегенмен психология, педагогика, менеджмент сияқты мамандықтарда коучингке қатысты жекелеген тақырыптар мен элективті пәндер кездеседі. Жоғары оқу орнындағы медиаорталықтың бас редакторы Диана Халимованың айтуынша, бұл бағытқа деген қызығушылықтың артуына байланысты алдағы уақытта оқу бағдарламаларын жаңартып, коучингті жүйелі түрде оқыту қарастырылуы мүмкін.
«Рұқсаттар және хабарламалар туралы» және «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Заңға сәйкес, біздің елімізде денсаулық сақтау саласына қатысты кейбір қызмет түрлері лицензиялауға жатады. Бұл, ең алдымен, медициналық қызметтер, оның ішінде психотерапиялық көмек, психиатриялық емдеу және психиатриялық диагноз қою сияқты медициналық сипаттағы психологиялық қызметтерге қатысты. Алайда жалпы психологиялық кеңес беру, коучинг, мотивациялық тренингтер сияқты медициналық емес сипаттағы қызмет түрлері лицензияланбайды. Бұл дегеніміз – кез келген адам өзін «психолог», «коуч», «ментор» ретінде таныстырып, медицинамен байланысы жоқ кеңес беруші ретінде заңды түрде жұмыс істей алады деген сөз. Тек психологиялық көмектің сипатында медициналық мақсаттағы емдеу немесе психотерапиялық тәсілдер қолданылса, бұл жағдайда лицензиясыз қызмет көрсету заңсыз деп танылып, Қылмыстық немесе Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс аясында жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
Біз әңгімелескен заңгер Азамат Мұқашев коуч қызметі заң аясында нақты реттелмегенін айтты. «Егер коуч медициналық сипаттағы кеңес беріп, психотерапиялық әдістерді қолданса, бұл заңсыз қызмет деп танылады. Алайда оны дәлелдеу қиын, өйткені бұл салада заңдық база әлсіз. Коучтар мен психологтардың жұмысын нақты реттейтін заңдық актілердің болмауы азаматтардың өз құқықтарын қорғауын қиындатады. Сондықтан тұтынушылар өздерінің психологиялық кеңесшілерінің кәсіби біліктілігін тексеріп, сенімді мамандарға ғана жүгінгені жөн», – дейді заңгер.
Қалай десек те, психологтар мен коучтардың қызметі қоғамдағы өзекті мәселеге айналып отыр. Бұл мәселені Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты Айна Мүсралимова да көтерген еді. Ол халықтың менталдық денсаулығын қорғау үшін психологтар мен коучтарға қойылатын талаптарды күшейту қажеттігін алға тартып, қызметтің мемлекеттік деңгейде қадағалануы керек екенін айтқан болатын.
Бұл мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та назар аударды. Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Президент жалған психологтар мен коучтардың көбейіп кеткеніне алаңдаушылық білдіріп, құқық қорғау органдарына олардың әрекеттеріне жіті бақылау орнатуды тапсырды. Осыған орай, аталған салаға қатысты бірқатар маңызды шешімдер мен ұсыныстар ортаға салынды.
Жалпы «коучинг» – дұрыс қолданылған жағдайда тұлғаның дамуына үлес қоса алатын пайдалы құрал. Сондықтан аталмыш қызметті тек қаралаудан аулақ болған жөн. Алайда бұл саланың кәсіби және құқықтық тұрғыда реттелмеуі – қоғам үшін үлкен қауіп. Халықтың менталдық денсаулығын сақтау үшін коучтар мен психологтардың қызметін нақты ажыратып, кәсіби лицензиялау, біліктілік талаптарын енгізу – кезек күттірмейтін мәселе. Сондықтан мемлекет тарапынан психологиялық көмек саласын жүйелеу, коучинг нарығын реттейтін арнайы заң жобасын әзірлеу және халықты ақпараттандыру арқылы ғана бұл саладағы қауіптің алдын алуға болады. Ең бастысы, адам жанын емдеу мен бағыт беруді тек білімі мен тәжірибесі бар кәсіби мамандарға сеніп тапсыру керек.
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».