Менің әкем Олжабай Төлегенов 1943 жылы әскер қатарына алынып, Балтық бойы майданындағы 17-ші әскер құрамының 284-ші атқыштар дивизиясында соғысқан. Оған әскери қызмет өте ұнайтын. Елге 1950 жылы оралғаннан кейін ол Алматы қаласындағы жеке кавалериялық дивизионда милиционер болды. Одан КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігінің Ташкент қаласындағы милиция мектебінде оқыды. Милиция кіші лейтенанты Олжабай Төлегенов оқуды үздік оқып, әскери және саяси дайындықта жоғары нәтижелер көрсеткені, милиция органдарындағы кіршіксіз еңбегі үшін мақтау қағазымен марапатталады. Ташкенттегі оқуын өте жақсы тамамдаған соң, әкем өзінің туған жері Көкшетау облысына оралады. Ол кезде социалистік меншікті талан-таражға салғандарға қарсы күрес бөлімі еліміздің мемлекеттік қауіпсіздік жүйесіне қарайтын. Сондықтан әкем аталмыш жүйенің Келлеровка, Володаровка, Ленинград, Щучинск аудандарында аға жедел уәкіл, милиция бастығы қызметтерін атқарады. 1963 жылдан Чистополье аудандық ішкі істер бөлімінде бастықтың орынбасары, 1970-1983 жылдар аралығында осы бөлімнің бастығы болды.
Ол ісіне берілген, білімге құштар, өзіне де, қарамағындағыларға да талап қоя білетін жан еді. Лауазымды қызметтер атқара жүріп, Ресей Федерациясының Мәскеу қаласында қоғамдық тәртіпті қорғау министрлігінің жоғары мектебінде оқыды. Онда құқықтану мамандығы бойынша білім алып, заңгер болып шықты. Ол кезде милиция құрамында қызмет етіп жүргендер арасында жоғары білімді мамандар саусақпен санарлық еді. Әкем: “Көп оқу, жан-жақты даму қажет. Білімді адам өмірде сенімді, еркін, қиындықтан тайсалмай, үнемі алға ұмтылады. Адам қиындықта шыңдалады. Тек адал бол!” – деп, мені де әділ болуға тәрбиелейтін.
Соғыстан кейінгі жылдары қираған шаруашылықты қалпына келтірудің өзіндік қиыншылықтары болды. Сондай-ақ, бұл кез саяси тұтқындармен қатар ұрылар, бандиттер, тағы басқа да қылмыскерлердің түрмелерден босатылып, қарақшылық әрекеттердің көбейген шағытын. Күнделікті өмірде де құқық бұзушылықтар жеткілікті, милиция органдарында еңбек ету қиын кез еді. Әкем қылмыс болған жерге шақырту түссе, күн-түн деп, уақытпен санаспай жүретін. Оның жұмысының жауапты екенін бала болсақ та біз де сезініп, әке-шешеміз үйде болмай қалған кезде кім, қандай мәселемен телефон соққанын біліп, олар келгенде, айтып отыратынбыз.
Оның қойын дәптеріндегі: “1960 жылы мені Казанка аудандық ІІБ-нің басшысы етіп тағайындауға ұсыныс жасалды. Аудандық партия ұйымының бірінші хатшысы Воронов: “Бізге орыс азаматы керек”, – деп өткізбей тастады”, – деген жазудан сол кездегі ұлттық мәселе қандай жағдайда болғанын білуге болады.
Отставкаға шыққан соң 12 жыл заң кеңесшісі, жеке адвокат болып қызмет етті. Оның Кеңес әскері қатарында болған уақытын қоса есептегенде, жалпы еңбек өтілі 55 жылды құрайды. Әкемнің елін сүйгені соншалық, ол соғыс ардагері ретінде мемлекеттен пәтер сұрамай, оны Көкшетау қаласынан өз қаражатына сатып алды. “Маған мемлекеттен ештеңе қажет емес”, – дейтін әкем өмір бойы өз-өзіне сенімді және ешкімге тәуелсіз ғұмыр кешті. Екінші дәрежелі “Отан соғысы”, үшінші дәрежелі “Жауынгер даңқы” ордендерімен, “Жауынгерлік ерлігі үшін”, “Германияны жеңгені үшін”, “Жапонияны жеңгені үшін”, КСРО ІІМ “Адал қызметі үшін”, тағы басқа да медальдармен марапатталды. Әкем – Олжабай Төлегеновтің есімі Қазақ КСР ардагерлерінің құрмет кітабына енді.
Халқымызда “Жақсы әйел – теңі жоқ жолдас, түбі жоқ сырлас” деген нақыл бекер айтылмаса керекті. Анам әкеме сондай жар болды, оның алаңсыз жұмыс істеуіне бар жағдайды жасады. Әкем подполковник шенінде отставкаға кеткенде анама: “Мен осы деңгейге сенің арқаңда көтерілдім”, – деп ризашылығын білдірген еді. Әкеме полковник шені 1995 жылы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 50 жылдығына орай берілді. Сонда ол қатты қуанып, өзінің қойын дәптеріне: “Мен туған мемлекетім – Қазақстан Республикасының полковнигі атандым”, – деген жазу қалдырған. Әкемнің осы сөздерінен-ақ оның өз елі, туған жерінің тәуелсіздігі үшін мақтаныш сезімін аңғару қиын емес.
Анам Башқұртстанда туып, бес жасында тұлдыр жетім қалып, Белорецк қаласында Балалар үйінде тәрбиеленеді. Соғыс басталғанда училищеде оқып жүрген тәрбиеленушілерді Донецк облысының Часовьяр қаласындағы зауытты қалпына келтіруге жұмылдырады. “Ол кезде небәрі 13 жастамын. Бомбыдан қираған зауытты қалпына келтіріп, станоктарда 12 сағаттан жұмыс істеп, майданға қажетті жабдықтарды жасадық. Станокқа бойымыз жетпегендіктен, аяғымызға ағаштан қалыптар киетін едік”, – деп анам сондағы қиын кездерін айтып отыратын.
Бейбіт заманда он төрт жылдан астам уақыт сот отырысының хатшысы, сот орындаушысы болып қызмет етті. Өте сауатты, бірнеше тіл білетін. Қазақ тілін өз бетімен үйреніп, ән салуды жақсы көретін. Сөйлегенде мақал-мәтелдерді шебер қолданып, сөздің майын тамызатын. Ұрпақтары мақтан тұтар осындай өшпес із қалдырған әке-шешеміздің өмірі – бізге өнеге.
Әлия ТӨЛЕГЕНОВА,
адвокат.
Көкшетау қаласы.