Өңірімізде елін, жерін, халқын, Отанын сүйген және оларға бар білімімен, күш-жігерімен адал қызмет еткен саналы, ұлтжанды азаматтар аз емес. Солардың бірі және бірегейі марқұм Еркін Сақтағанов болатын.
Еркін Сақтағанұлы Солтүстік Қазақстан облысының Ленин (қазіргі Есіл) ауданындағы Амангелді ауылында туған. Жасынан білімге құмар, дарынды Еркін сол аудандағы Еңбек орта мектебін алтын медальмен бітіріп, Алматыдағы зооветеринарлық институтқа түседі. Оны қызыл дипломмен аяқтап, зоотехник мамандығын алып шыққан соң еңбек жолын туған жері – Ленин ауданының шаруашылықтарында зоотехник, бас зоотехник болып бастады. Білімді де білікті жас маман көп ұзамай облыстық партия комитетінің ауыл шаруашылығы бөліміне нұсқаушылық қызметке алынады. Мұнда біраз қызмет атқарған соң облыстық партия комитеті оны Алматыдағы Жоғары партия мектебіне оқуға жібереді. Оны бітіргеннен кейін Булаев (қазіргі Мағжан Жұмабаев) ауданының ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары қызметіне тағайындалады. Ал 1965 жылы жоғары саяси білімді және тәжірибелі іскер маман Преснов аудандық партия комитетінің хатшысы болып сайланды, кейінірек екінші хатшы қызметіне жоғарылатылады. Осында біраз жыл жемісті еңбек атқарған соң Еркін Сақтағанұлы облыстық дәрежедегі қызметке ауыстырылды. 1977-1997 жылдары жиырма жыл бойы үзбей облыстық тұтынушылар одағы төрағасының орынбасары, облыстық сауда қызметкерлері кәсіподағы комитетінің төрағасы қызметтерін абыроймен атқарып, құрметті демалысқа шықты.
Еркін Сақтағанұлы қайда, қандай қызметте болса да, өзінің адалдығымен, еңбек-сүйгіштігімен, жұмысына аса тиянақтылығымен зор беделге ие болды. Адал да абыройлы еңбегі жоғары бағаланып, ол Еңбек Қызыл Ту орденімен, екі рет “Құрмет Белгісі” орденімен, алты медальмен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің және Қазақстан Республикасы кәсіподақтары кеңесінің Грамоталарымен марапатталды.
Ерекең жора-жолдастарының, бірге қызметтес болған әріптестерінің ішінде өзінің адалдығымен, білімділігімен, кішіпейілдігімен өте беделді де сыйлы болды. Отбасында да аса абыройлы еді. Оның сүйікті зайыбы Нүрикамал Сағындыққызы да білікті ұстаз, тәжірибелі тәлімгер болып көп жыл жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие берді. Ол көпжылғы ұстаздық қызметіне лайықты “Құрмет Белгісі” орденімен және бірнеше Құрмет грамоталарымен марапатталды, “Қазақ КСР білім беру ісінің үздігі” төсбелгісінің иегері болды. Еркін мен Нүрикамал бір ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Олардың ұлы Қабдырахман – медицина институтын бітірген дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты, “Денсаулық сақтау ісінің үздігі”. Ол өзінің кәсіби біліктілігі мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында қатардағы дәрігерден қалалық №3 аурухананың бас дәрігері дәрежесіне дейін көтерілді. Қазіргі кезде облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметін атқаруда. Қабдырахман Еркінұлы әкесі сияқты кішіпейіл, үлкенді сыйлап, кішіге өнеге болуда. Ол облыстық ардагерлер кеңесіне келіп, ардагерлермен жиі кездесіп, әңгімелесіп тұрады. Қабдырахманның зайыбы Салтанат Сатыбалдықызы да білікті дәрігер. Ол бүгінде Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде студенттер емханасының меңгерушісі қызметін атқаруда.
Еркіннің үлкен қызы Күләш Қарағанды политехникалық институтын бітірген, қазір Алматыда – жеке кәсіпкер. Ал Зурашы – Манаш Қозыбаев атындағы университеттің түлегі, шет тілдер маманы, Алматыда осы мамандығы бойынша қызмет етеді. Ерекеңнің үш баласынан бес немере-жиендері бар. Яғни, ұрпақ жалғасуда.
Ерекең 72 жасында дүниеден өтті. Оның 80 жылдығын отбасы, жақын ағайын-туыстары, жолдастары атап өтуде, “Жақсының аты өлмейді” дегендей, оның есімі, жарқын бейнесі біздің есімізде сақталып қалды.
Қайролла МҰҚАНОВ,
педагогикалық еңбек ардагері.