«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨМІРІ ӨНЕГЕ

Уақыт көші үнемі жаңарып, өзгеріп отыратыны белгілі. Дегенмен, ұмытылмайтын, ескірмейтін маңызды оқиғалар болады. Солардың бірі әрі бірегейі – жаһанды дүр сілкіндірген Екінші дүниежүзілік соғыстың қасіреті мен Ұлы Жеңістің қасиетін, батыр ағаларымыз бен апаларымыздың ерен ерлігін ешкім де, ешқашан да ұмытпақ емес. Соғысқа аттанған өжет жерлестеріміздің алдыңғы қатарында Есіл ауданындағы Бірлік ауылының тумасы, біздің атамыз Қабдірашит Құлыбеков те бар еді.

1939 жылы сол уақыттағы Ленин аудандық әскери комиссариатының шақыруымен қызыл әскер қатарына алынған атамыз артиллериялық полктің байланысшысы ретінде соғыс аяқталғанға дейін майдан шебінде болған екен. Ол Балтық жағалауы майданы, Сталинград, Ленинград қорғанысынан бастап, Берлинге дейін соғыстың отты жолдарымен жүріп өтіп, Жеңіс туын тікті.  

Ленинград қаласын неміс құрсауынан азат ету кезіндегі сұрапыл шайқаста атамыз ауыр жараланып, таң атқанша ұрыс даласында қалады. Кейін елге госпитальдан өлеңмен хат жазады:

Әкеліп госпитальға мені салды,

Осколканың жағымнан оғын

алды.

Білмеймін не болғанын

екі жақтың,

Сөйлеуге қызыл тілім солғын

қалды.

Қарасам көзімді ашып, әне-міне,

Жандар жатыр жаралы өңкей,

міне.

Бұл айқаста алған жарасының салдарынан атамның есту қабілеті нашарлаған болатын.

Соғыс аяқталған соң бір жыл Берлинде күзет ротасының құрамында тәртіпті қадағалап, аға сержант шенінде қызмет атқарған атам туған елге 1946 жылдың шілде айында ғана оралған екен. Жалпы соғыс жылдары Бірлік ауылынан аттанған 90 азаматтың 45-і ғана елге оралып, қалғандары майдан даласында мәңгілікке көз жұмған.

Атамыздың неміс басқыншыларымен күрестегі ерен ерлігі еленіп, “Қызыл Жұлдыз”, ІІ дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, 2 мәрте “Ерлігі үшін”, “Сталинградты қорғағаны үшін”, “Варшаваны азат еткені үшін”, “Берлинді алғаны үшін”, “Кеңес Одағының маршалы Г.К.Жуков” медальдарымен, Сталиннің алғыс хатымен марапатталған.

Бейбіт өмірге араласқан атам қажырлы еңбек етіп, үйленіп, екі ұл, бір қыз сүйеді. Олардан туған немере-жиендерінің, шөберелерінің маңдайларынан мейірлене иіскеу бақытына кенеледі. Ұзақ жылғы адал еңбегі мен маңдай терінің нәтижесінде “Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін”, “Еңбек ардагері” атты медальдармен марапатталып, бейнетінің зейнетін көреді.

Осы бір жаны жайсаң, асыл адам жайлы ой бөлісу немерелік парызым ғана емес, сонымен қатар, атама деген сағыныш пен ризашылық сезімнен туған еді. Мен атам мен әжемнің бауырында өсіп, ыстық құшағы мен аялы алақандарына бөленіп, олардың мейірім-шапағатын көріп, үлкен немерелері ретінде еркелікті де молынан сезінген болатынмын. “Көздеріңнен айналайын!” – деп елжіреп отыратын ата-әжемнің орны бөлек екенін бала жастан-ақ білетінмін. Бұл екі ардақты жан үшін дүниенің барлық байлығы да, қызығы да, мәні де немерелерінде ғана еді. Тіпті, мектеп бітіріп, ақыл тоқтатқан кезде де осы аяулы жандардың мені дүниеге әкелгеніне еш шүбәм болмайтын, себебі, мектептегі жиналысқа да баратын, әр демалыс кезінде әжем екеумізді ертіп, ел аралатып, жер көрсететін де, тәтті-дәмді мен жылы-жұмсақты алдыма тосатын да менің атам еді. Сондықтан бертінге дейін әкем Сейілбекті – аға, анам Күлбаршынды “Куба” деп атап жүрдім.

Атам Ақан серінің, Біржан салдың әндерін ерекше сүйетін әрі нақышына келтіріп әдемі орындайтын. “Жұлдыз” журналын үзбей жаздыртып алдыратын ол халық мақал-мәтелдерін, дастандарды жатқа біліп, ру шежіресін есінде жақсы сақтап, орақ ауызды Шағырай шешен, Қаз дауысты Қазыбектің нақылдарын айтып отыратын, көбін арнайы дәптерге жазып алатын. Қазақ, орыс тілдеріне жетік, сауатты атам біздің де білім қуып, оқу оқығанымызды айрықша назарда ұстап, үнемі еске салып отырды. Атамның тағы бір қасиеті – өзара өкпелеп, араз болып жүрген туған-туыстар мен ерлі-зайыптыларды мәмілеге шақырып, аталы ақылын айта отыра табыстырып, сыйластықтың аса қажеттігіне салмақ салатын.

Бірақ атамыздан соғыс туралы білгіміз келгенде, оның қабағы тұнжырап, алысқа көз тігіп ойлана отырып: “Қайтесіңдер, жандарым, сендер оны көрмей-ақ қойыңдар. Талай боздақ оқ құшып, елінен жырақта көз жұмды ғой. Енді басқа салмасын, сендерге бақытты ғұмыр берсін, алтындарым!” – деген тілегін жиі айтатын. Ол уақытта бүгінгі күндегідей теледидар бойынша қызықты хабарлар мен бағдарламалар молынан болмайтын. Егер соғыс туралы бір фильм көрсетіліп жатса, атамызды міндетті түрде жетектеп әкеліп, өзіміз бірге тамашалайтынбыз, ондағы көздегеніміз – мүмкін ол сол мезетте ашылып, соғыс туралы айтып қала ма екен деген ой ғой. Бірақ біршама уақыттан соң атам: “Бұл түк те емес”, – деп орнынан тұрып кететін. Фашистермен күнделікті жан алысып, жан берісетін ұрысқа шығып, нағыз ажалмен бетпе-бет келген атам сияқты азаматтарға соғыс туралы естелік айту, фильм көру оңай болмағанға ұқсайды. Көңіл түкпіріндегі небір сезім бой көтеріп, атамның күрсінуі де сезілетін. Ондай уақыттарда аташым соғыс жылдарынан белгілі “Прощай, любимый город, уходим завтра мы в море” деп басталатын сүйікті өлеңдерінің бірін айту арқылы шерін тарқататын, біз де бірге қосылып орындап, мәре-сәре болатынбыз.

Тағдыр салған қиындықтарға қарамастан, атамның бойындағы қажырлылық пен өмірге деген құлшыныс көпшілікті таңғалдыратын еді. Ардақтымыз сексеннің сеңгіріне енді шыққалы тұрғанда ұрпақтары мен өмірлік қосағы Қайнижамал Сұрағанқызының алдында дүниеден озды. Бірақ атамыздың тұлғасы, елжандылығы біз үшін мәңгі үлгі болып қалды.

Жанар ҚҰЛЫБЕКОВА,

СҚМУ-дің доценті, филология ғылымдарының кандидаты.

Суреті Назира сеть. Ф.Ата

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp