
Осы жылдар ішінде Бейбіт Мұқышқызы облыс орталығындағы бірнеше медициналық ұйымдарда басшылық қызметтер атқарды. Олардың материалдық-техникалық базасын нығайтуда, білікті дәрігер кадрларын даярлауда, тұрғындардың денсаулығын сақтауда, саламатты өмір салтын насихаттауда қалдырған қолтаңбасы айшықты. Ол №2 қалалық аурухана жанынан өңірімізде тұңғыш кардиологиялық орталықтың ашылуына көп еңбек сіңірді. Орталық дәрігерлері жүрек-қан тамыр ауруларын емдеу және ота жасау ісіне осызаманғы әдістерді қолдану, оларды шетелдердің белді ғалымдарынан үйрену арқылы өңірімізде медицинаның осы саласын дамытты. Бұрындары жүрегі ауырған сырқаттар Алматы, Астана қалаларының, көрші Ресейдің жақын орналасқан облыс орталықтарының кардиологиялық емдеу мекемелеріне баратын, қомақты қаржы шығындайтын. Бүгіндері мұндай сырқатқа шалдыққан жерлестеріміз облыстың кардиологиялық орталығында қажетті емдерін тегін алады. Олардың барлығы кардиологиялық орталықтың дәрігерлеріне дән риза.
Бірнеше жыл осы орталықты басқарған, кейін қан айналымы жүйесі аурулары жөніндегі үйлестіруші болған Бейбіт Мұстафинаны облысымыздың денсаулық сақтау ісінің мамандары орынды құрмет тұтады. Ол, сонымен қатар, облыс орталығының қоғамдық жұмыстарына белсене қатысады. Петропавл қалалық мәслихатының депутаты болып сайланды. Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауларын насихаттау жөніндегі ақпараттық топтың мүшесі ретінде облыстағы еңбек ұжымдарында жиі болады. Бүгіндері ол облыстық іскер әйелдер қауымдастығының, Петропавл қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі ретінде белсенді жұмыс істеп жүр.
Жаңа жыл қарсаңында облыстық кардиологиялық орталыққа жиналған қауым білікті дәрігер, тәжірибелі басшы, Петропавл қаласының құрметті азаматы Бейбіт Мұстафинаны зейнет демалысына шығарып салды. Құшағы гүлге толған Бейбіт Мұқышқызына облыс әкімінің Құрмет грамотасы табыс етілді.
– Бүгін осы салтанатты шараға жиналып отырғандардың басым бөлігі сіздің өмірлік, дәрігерлік тәжірибеңізден үлгі алып жүрген әріптестеріңіз. Сіздің таңдаған мамандығыңызға адал болуыңызға, қажырлы еңбегіңізге, өңіріміздің медицина саласын дамытуға қосқан зор үлесіңізге ризашылығымызды білдіреміз, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қабдырахман Сақтағанов. Одан кейін Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Евгений Глотов, денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Наталья Воронцова, облыстық іскер әйелдер қауымдастығының өкілдері, халық қалаулылары, ардагерлер, журналистер, дәрігерлер Бейбіт Мұқышқызын өмірінің белесті кезеңімен құттықтады.
Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.