27 қыркүйекте редакциямызда Мұхтар Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актрисасы Күнсұлу Тұрғынбекқызымен кездесу өтті. Талантты сахна иесі басылымымыздың шығармашылық қауымымен әңгімелесу барысында өмірі мен өнері, шығармашылық жоспарлары жайында ой бөлісіп, тілшілердің сұрақтарына жауап берді.
Қадірлі қонағымыз ана тілі, ұлттық болмыс, салт-сана тақырыптарында тұщымды пікірлерін білдіре отырып, кино және театр саласының бүгінгі тынысы, көрермен талғамы мен түсінігі, дубляж жасау мәселелері турасында өз ойларын ортаға салды. Жылы жүздесу барысында “Мен ауылдың қарапайым қызымын” деп ағынан жарылған жерлесімізді сегіз қырлы, бір сырлы, бірнеше қабілетті өн бойына тоғыстырған тума талант ретінде тани түстік.
Жұртшылық әуезді әсем дауысқа ие Күнсұлу Тұрғынбекқызын бүгінде “Поэзия әлемінің падишасы” деп те атайды. Сондықтан түрлі телебағдарламалар мен концерттік кештерді жүргізіп, поэзия туындыларын дыбыстаумен көпшілікке танылған қонағымыздан өлең оқып беруін өтіндік. Танымал талант иесі бізге ақын Күләш Ахметованың өлеңі мен Абайдың “Көзімнің қарасы” әнін орындап берді.
Өзінің өмірі мен еңбек жолындағы қызғылықты оқиғалары туралы әңгімесін қисынына келтіре отыра сабақтап, сыр тиегін ағытқан Күнсұлу Шаяхметовамен болған сұхбатымызды газетіміздің келесі сандарының бірінен оқи аласыздар.