«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨМІР АРҚАУЫ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен елімізде 2014 жылдан бері “Еңбек күні” мерекесі аталып өтуде. Бұл мерекенің мақсаты – өндіріс майталмандарын ұлықтау, олардың еңбек жолын өскелең ұрпаққа үлгі ету. Осы орайда, “Нұр Отан” партиясының облыстық филиалы ғимаратында өңірімізге танымал әулеттер өкілдері жастармен кездесті.

Жиынды ашқан “Нұр Отан” партиясының облыстық филиалы төрағасының бiрiншi орынбасары Артур Молдағұлов тәуелсіздік жылдары өңіріміз өсіп-өркендегенін, осындай жетістікке жетудің басында еңбек адамдарының тұрғандығын айтып, жиынға арнайы шақырылған әулеттерді таныстырды.

– Әскерден келген соң әкемнің кеңесі бойынша “Қызылжар су” жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жұмысқа орналастым. Әкем де сонда 20 жыл еңбек еткен еді. Ал менің еңбек өтілім 36 жылға жетіпті. Бүгінде ұлдарым да осы кәсіпорында жұмыс істейді. Тәжірибем мол болғандықтан, оларға әрдайым ақыл-кеңесімді айтып, өз істеріне тиянақты болуды талап етемін. Себебі, біз халық үшін маңызы зор жұмысты атқарудамыз. Тұрғындарды таза ауызсумен үздіксіз қамтамасыз ету үшін құбырлар мен құдықтардың жайын ұдайы бақылап отырамыз”, – деді “Қызылжар су” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұстасы Анатолий Голодников.

Қалалық ардагерлер кеңесінің төрайымы Сара Тасеменова жиналған жастарды ерінбей еңбек етуге шақырып, өзінің өмір жолынан сыр суыртпақтады.

– Мен көпбалалы отбасында туып-өстім. Ата-анам мені кішкентайымнан еңбекке баулыды. Мысалы, төсегімді өзім жинайтынмын, үй-жайдың тазалығын қадағалап отыратынмын. 4-сыныпта оқып жүрген кезде кіші бауырыммен картоп егілген алқапқа барып, оны түрлі арамшөптерден тазартатынбыз, – деді ол.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp