
Айнагүл Дүйсекина мен оның 3 жасар қызын жауыздықпен өлтіріп, құнды заттары мен банк картасын қолды қылғаны үшін кінәлі деп танылған Игорь Дементьев соттың үкімі бойынша 21 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Алайда, жәбірленушінің ағасы бұл жазамен келіспей, апелляциялық шағым түсіріп, сот істі қайта қарады.
Өңір жұртшылығын дүрліктірген қанды оқиға өткен жылдың тамыз айында Мамлют ауданының орталығында орын алған болатын. 25 жастағы Игорь Дементьев жәбірленушімен бірге тұрған. Айыптау материалдарына сәйкес қылмыс жасалатын күні Айнагүл Дүйсекинаның үлкен қызы туыстарының үйіне қонуға кетсе, 3 жасар қызы қасында қалған. Айыпталушы есірткі қолданып, жәбірленуші екеуі спирттік ішімдік ішкен. Түннің бір уағында екеуі сөзге келіп қалады. Ақыры Игорь Дементьев әйел мен бүлдіршінді соққыға жығып, естерінен танғанша ұрған. Одан кейін асүй пышaғымен марқұмдардың денесіне жарақат салған. Аяусыз соққылардың салдарынан әйел мен қызы оқиға орнында көз жұмған. Қылмыскер мұнысымен қоймай, марқұмның құлағындағы алтын сырғаны шешіп алып, банк картасын қолды етіп, әрі қарай көңіл көтеру үшін Петропавл қаласына жол тартқан.
Қылмыстық істі қайта қараған сот жауыздық танытқан айыпталушыны өмір бойына бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Сонымен қатар марқұмдардың туыстарының моральдық шығын өндіру туралы талабына сәйкес Игорь Дементьев екі адамға төлеуге міндеттелген сома 2,5 млн. теңгеден 5 млн. теңгеге дейін көтерілді.
Сурет https://inftaiga.ru/
сайтынан алынды.