Мемлекеттің басты капиталы – адам. Әр отбасы, әр адам қоғамның бір бөлшегі екені ақиқат. Ал қоғамды құрайтын сіз бен біздің тағдыр тауқыметіміз әртүрлі. Ұрпақ тәрбиесінің тірегі отбасы болса, ажырасу белең алған бүгінгі заманда жалғызбасты аналардың саны еселеп артуы өкінішті. Дегенмен, біреудің тағдырын талқыға салудан аулақпыз. Бірақ Гүлнәз Жансарина (аты-жөні өзгертілді) сияқты жалғызбасты аналар ақтарыла сыр ашып, шер тарқатса, несі айып. Шерменде күй кешкен ананың жүрек сыры көптеген адамдарға ой салып, шаңырақтың шайқалмауына негіз болса, құба-құп.
Гүлнәз Жансарина,
27 жаста:
– Өмір біреуге қуаныш, біреуге қайғы-мұң әкеледі. Ал айналамызда қанша адам болса, сонша тағдыр бар. Өмір теперішін тартып, тығырыққа тірелген сәттерде жанға демеу, көңілге қуаныш болар ұлымнан жұбаныш көремін. Менің ендігі тілеуім – баламның азамат болып ержетуі.
“Үйлену – оңай, үй болу – қиын” деген дана сөз бар халқымызда. Алайда, қазір үйлену де, үй болу да оңай емес. Дүркіретіп той жасап, баламды жеткіздім деп отырған ата-анаға қыздың қайтып келуі, ұлының отбасын тастап кетуі оңай тимесі анық. Жанбай жатып, шаңырақтың оты өшсе, несі жақсы?! Отбасын берік ұстау, шаңырақтың шайқалмауы ерлі-зайыптыларға байланысты. Бірақ үй болған соң, шыныаяқ сылдырламай тұрмайды. Ұрыс-керістің туындауына әр нәрсе себеп болуы мүмкін. Дегенмен, кез келген істе сабырлық танытып, түсіністікпен қарау керек екенін енді түсінгендеймін. Ажырасу – екі жаққа қақ айырылу ғана емес, талай сын сағаттарында сыналу, қиындыққа мойынсұну. Арада бала болса, тіпті, қиын. Ата-ананың үйдегі ұрыс-керісі баланың жүйкесіне кері әсер етеді.
Менің ұлым екіде ғана болса да, әкесін сағынып, іздейтін сияқты. Оған әкенің мейірімі, қамқорлығы жетіспейді. Түн ұйқымды төрт бөліп, қанша өбектеп, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсіруге талпынсам да, әкенің тәрбиесін еш нәрсе алмастыра алмайтынына анық көзім жетті. Төркінімді төңіректегеніме, міне, бір жылға жақын. Осы бір жыл мені талай нәрсеге үйретті. Өмір жасық, былжыр, бос болмауға тәрбиелеуде. Жалғызбасты анаға керек қасиет шығар, бәлкім. Өйткені, әйелге еркексіз бала тәрбиелеу оңай емес екен. Қоғамда ажырасу, некенің бұзылуы туралы әртүрлі пікірлер айтылуда. Отбасының ойрандалуына өзім де қарсымын. Алайда, тағдыр басқа салған соң, оған көнбей көр. Қай ана баланың әкесіз өскенін қалайды? Тағдырдың сынағына ұшырап, баланы жалғыз тәрбиелеп жатқан аналар аз емес.
Жұбайым Самат екеуіміз көңіл жарастырып, 2014 жылы шаңырақ көтердік. Менің ең бақытты кезім. Өскеменнің жігітіне тұрмысқа шығып, ең алғаш ата-анамнан жырақта өмір сүрдім. Қаладағы атшаптырым мейрамханада тойымыз дүркіреп өтті. Шақырылған қонақта сан жоқ. Оған жұмсалған қаржы да аз емес. Өйткені, жұбайым – көпшіл, тойшыл адам әрі өзі асаба. Сондықтан таныстары көп, араласатын ортасы – той-думанның адамдары. Самат үйдің кенжесі болғандықтан, анасымен бірге тұрдық. Үш бөлмелі пәтердің іші дүние-мүлікке толы. Өзімнің жақсы жерге барғаныма, енеммен тез тіл табысқаныма қуандым. Сүйікті жарымның асабалық өнеріне сүйсінетінмін. Шынын айтсам, отау құрғанда мен оның ақшасына, атақ-даңқына, дәрежесіне, тіпті, пәтеріне қызықпағанмын.
Ер-азаматымның соңынан ердім, үлкен өмірге қол ұстасып қадам бастық. Алғашқы кезде бәрі басқаша еді. Оның маған деген махаббаты, көзқарасы, сүйіспеншілігі ерекше болды. Мамандығым – ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Алайда, ол: “Менің табысым отбасымды асырауға жетеді”, – деген соң, үйде отыруыма тура келді. Алақанына салып, аялауға уәде берген Саматтың өмірімнің күл-талқанын шығаратынын білмедім. Тіпті, үш ұйықтасам, түсіме кірмеген жайт болатын.
Ол түннің қай уақытында келсе де, алдынан күліп шығып қарсы алатынмын. Шайымды қойып, дастарқанымды жайып, оның жұмыстан келуін балаша күтіп отыратынмын. Менен басқа енемнің төрт келіні бар. Үйелмелі-сүйелмелі балалары бар, олар бізден бөлек тұрды. Түрлі отбасылық жиын-тойларда, мерекелерде бір әулет болып, дастарқан басына жиналу – қалыптасқан дәстүр. Әрі әулетіміздің ақылгөйі, қариясы, панасы болған анамызға көрсетілген құрмет те ерекше еді. Баршамыз анамызды қатты сыйладық. Алдынан ешқашан кесіп өткен емеспіз. Атам өмірден ерте озып, барлық ауыртпашылықты енем көріпті. Сондықтан ұлдары анасының айтқанын екі етпейтін. Әрқашан ақылына, өсиетіне құлақ асып, үлгі тұттық.
Әрбір қыздың тұрмыс құрғаннан кейінгі арманы – бала сүйіп, ана атану. Мен де ана атанып, арманыма қол жеткіздім. Дүниеге Санжар келгенде күйеуімнің төбесі көкке жеткендей болған сәті әлі күнге дейін көз алдымда. Бақыттан басым айналған сол кез өмірімнің ең жарқын кезеңдерінің бірі боларын кім біліпті. Жоғарыда айтып өткенімдей, күйеуім менің жұмыс істегенімді қаламады. Тапқан табысын үйге әкеліп, мені ақшадан тарықтырмады. “Ішкенім – алдымда, ішпегенім – артымда” дегендей, жақсы өмір сүрдік. Бірақ бұл бақыт, бұл дәурен көпке созылған жоқ. Өйткені, өмір заңы қатал. Бақыт құсының қонуы да, ұшып кетуі де оңай екен. Бір мезетте барымнан айырылып, бағым басымнан тайғандай.
Ажалға араша бола алмадық. Анамыз дүние салған соң, оның жоғы бірден білінді. Қайғы бұлты торлап, кейуананың өлімі отбасымызды ойсыратты. “Қарты бар үй – қазыналы” деген сөз бекерге айтылмаса керек. Ақылшымыз өмірден өтіп, отбасымның берекесі кетті. Тойдан аздап “ащы суды” ұрттап келуді шығарған күйеуімнің мінезі де өзгеріп сала берді. Үйдің тірлігін ақсатпай, барлық жағдайды жасасам да, оған еш нәрсе ұнамайтын болды. Уақыт өте келе ол ішімдікке қатты әуестенді. Тіпті, сылқия тойып келгенде маған қол жұмсауды әдетке айналдырды. Әліптің артын бағып, не болса да уақытша кездескен қиындықтарға шыдауға өзіме уәде бердім.
Енем көзі тірісінде белгілі бір себептермен ғана үйге келетін абысынымның бірі халымызды білген болып, біздің шаңыраққа жиі бас сұғуының себебін кейін түсіндім. Күйеуім екеуіміздің арамызға от салып, мені оған телефонмен жамандайтынын қайдан білейін? Оның көздеген мақсаты – баспана. Отбасымызды бұзып, ойрандап, пәтерге иелік етуді тілеген абысыным ақыры мақсатына жетті. Жеңгесінің сөзін екі етпейтін Самат өтірік-шыны аралас жалаға сеніп, менен, баласынан бас тартты.
Санжардың бір жасында мен Қызылжарға, төркініме оралдым. Жұбайым отбасынан жырақта ойланар, қателігін түсінетін шығар деген сеніммен жүрдім. Бірақ уақыт озған сайын оның бізді іздеп келмейтінін түсіндім. Қай жерде қателескенімді ойлап, қаншама мазасыз түндер өтті. Көз жасыма ерік беріп, тағдырыма налыдым. Соңымнан ерген балам бар. Мен енді кімге керекпін? “Қайтып келген қыз жаман” демекші, ата-анам да мені қуана қарсы алған жоқ. Десек те, туған баласынан безініп қайда бармақ? Кейде анам көңілге келетін ауыр сөздерді айтып, қайтып келгенімді бетіме басады. Сондай сәттерде қатты қиналамын. Өзім үшін емес, ұлымның болашағын уайымдаймын. Ата-анам үнемі көзімді шұқитын болса, оны көріп өскен бала ертеңгі күні анасын құрметтей ала ма? Әрі әкенің тәрбиесін көрмей өскен бала ынжық, жасық болса қайтемін? Осы сауалдар жүйкемді жұқартып, жанымды жегідей жеуде.
Маңдайдағы сорым бес елі, мені өмірдің өкпек желі тондырып, көңіл көктемі келмеске кеткендей. Міне, бір жылға жуық баламен үйде отырмын. Жұмыс істеп, өз күнімді көруге талай талпындым. Тіпті, барлығын ұмытып, жаңа өмір парағын бастау үшін Астанадан жұмыс таптым. Бірақ жұмысқа енді кірістім-ау дегенде үйдегілер қоңырау шалып, балаға қарай алмайтындарын айтты. Өзім біреулермен пәтер жалдап тұрып жатқанда, балама кім қарамақ? Санжарымды ойлап, амалсыз үйге оралдым. Сіңлім екеуімізді аялап өсірген әке-шешемнің бұл қылығына налимын. Қайда барсам да, баламды бірге алып жүруім керек екенін ұқтым. Оларды да түсінемін. Қызды құтты орнына қондырдым дегенде, баланың баласы қолбайлау боларын олар күтпесе керек.
Өткен іске өкініп, жолдасыма қайтып баруға бірнеше рет оқталдым. Анам да кеткенімді қалады. Әйтсе де, жұбайым ұлының жағдайын білуге асықпады.
Оның балаға деген мейірімі қайда? Бір сәтте қатыгез адамға айналуына не себеп? Ата-ананың арасындағы ұрыс-керіске бала кінәлі емес. Сондықтан сәбиін іздемеген әкенің түсініксіз қылығы мені қайран қалдырды. Өткен өмірді таразылап, енді артыма қарайлаудың қажеті жоғын түсінген соң, ажырасуға өтініш бердім.
Соттан хабарлама алғаннан кейін оның ашуы одан бетер өршіді. Телефон шалып, мені қорқытып, бейәдеп сөздерді қарша боратты. Ол бірде-бір сот отырысына қатыспады. Маған деген ашу-ыза, кек, өшпенділік өрши түспесе, өшпеді. Ара-тұра хабарласып, алиментке өтініш жазсам, баладан бас тартатынын айтып, мені мұқатқаны болмаса, осы уақытқа дейін баласын іздеген әке жоқ. Бұл жағдайда заңгердің көмегіне жүгінуге менің жағдайым жоқ. Өйткені, барлық мәселе ақшаға келіп тіреледі. Онсыз да ата-анама алақан жайып отырғанда, оларға артық салмақ салғым келмейді.
Жаңа жылдың қарсаңында Самат хабарласып, алып кететінін айтты. Алайда, оған 2 миллион теңге төлеуім керек екен. Естімеген елде көп. Кезінде дүркіретіп той жасап, шығынға ұшыраған бұрынғы күйеуімнің ендігі мақсаты – менен ақша бопсалау. Жұбайлардың арасында махаббат, сыйластық, түсіністік ақшамен өлшенбеуі тиіс. Отбасы құрудың негізі неке болса, ақша бәске тігілген жалған некеден жақсылық күтудің өзі қисынсыз.
Баламды асырау үшін енді барымды салуым керек. Жұрттың сөзінен де, көзінен де шаршадым. Баяғы қазақы тәрбиеге басып, көпшіліктің сөзінен қашқақтайтын едім. Енді беттің арын белге байлап, болған іске болаттай берік болу қажет деп түйдім. Шүкір, балам жанымда, дін аман. Ана үшін одан артық не керек? Қара жұмыс істесем де, ұлымды ержеткізу – менің парызым. Аяғымнан нық тұрып алған соң, баламды алып, әке-шешемнен бөлек кету ойымда бар. Көздеріне күйік болғым келмейді. Жаратқан ұлыма жетімнің күйін кештіре көрмесін.
Дайындаған
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.