Облыс орталығындағы бірінші қалалық жалпы білім беретін лицейдің түлектері үшін бұл күн қуанышты болды. Оқу жылының аяқталуына арналған салтанатты жиынға облыс әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов қатысып, түлектерді осынау айтулы мерекемен құттықтады.
Бұрынғы №41 орта мектептің ғимаратында орналасқан оқу орнының лицей болғанына биыл жиырма жылдан астам уақыт өтті. Еліміздің болашақ мамандарын даярлап жүрген оқу орны үшін биылғы жыл тарихи сәттермен есте қалары сөзсіз. Орыстілді лицейде осы жылы тұңғыш рет қазақ сыныбы ашылды. Ал 2013-2014 жылдары ол “Орта білім беретін үздік ұйым” атты конкурстың жеңімпазы атанып, грант ұтып алған болатын. Мектеп директоры Елена Коноплева грантқа бөлінген қаржыға лицейдің материалдық-техникалық жабдықтарын жаңалап алғанын айтты. Аталмыш лицейде 761 оқушы білім алып, 45 түлек оқу бітірді.
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.